Бас тақырып

Қарағанды облысындағы туристік бағыттарға жету жеңілдеді

ҚР Көлік министрлігі бүгін еліміздегі негізгі туристік бағыттарға апаратын жолдардың жағдайы мен көліктік қолжетімділігі туралы ақпарат жариялады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Министрліктің мәліметінше, Бурабай курорттық аймағына жетудің ең қолайлы жолы – Щучинск қаласы арқылы өтетін «Астана – Петропавл» тасжолы. Бұл бағыт курортқа кіретін негізгі жол болып саналады.

Зерендіге «Көкшетау – Атбасар» бағытымен немесе «Щучинск – Зеренді» автожолы арқылы баруға болады. Соңғысы Бурабай мен Зеренді шипажай аймақтарын өзара байланыстырып тұр.

Қарқаралы курорттық аймағына апаратын «Қарағанды – Қарқаралы» республикалық жолы өткен жылы жөнделген. Соның нәтижесінде жолдың сапасы жақсарып, көлік қозғалысы қауіпсіз әрі жайлы болды.

Баянауыл шипажайы республикалық маңызы бар «Қалқаман – Баянауыл – Ботақара» автожолының бойында орналасқан. Бұл жол Павлодар мен Қарағанды облыстарын байланыстырады.

Балқаш көліне көлікпен екі бағыт арқылы жетуге болады. Негізгі маршрут «Қарағанды – Алматы» тасжолымен өтеді, кейін Балқаш қаласынан Бұрылбайтал ауылына дейін көлдің батыс жағалауын бойлай жалғасады. Жақында жүргізілген жөндеу жұмыстары жол сапасын айтарлықтай жақсартқан. Ал көлдің оңтүстік-шығыс жағалауына «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» облыстық жолы арқылы баруға мүмкіндік бар.

Алакөлге де екі негізгі бағыт қарастырылған. Көлдің солтүстік жағалауына «Талдықорған – Өскемен» жолынан «Таскескен – Бахты» және одан әрі «Мақаншы – Қабанбай» бағыты арқылы жетуге болады. Ал оңтүстік жағалауына соңғы жылдары жаңартылған «Үшарал – Достық» автожолы апарады. Бұл жол курорттық аймаққа сенімді әрі ыңғайлы қатынасты қамтамасыз етеді.

Жанерке ХАСЕНОВА
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті 

Басқа материалдар

Back to top button