Тыл ардагері туралы кітаптың тұсаукесері
Ұлы Отан соғысындағы жеңісімізді жақындатуда қан майданға қатысқан жауынгерлеріміз ғана емес, тыл еңбеккерлерінің де қосқан үлесі зор. “Бұқар жырау жаршысы” газетінің тілшісі Татьяна Курбанованың жақында ғана баспадан шыққан “Человек труда” атты кітабы сондай тыл ардагерлерінің бірі, жерлесі Виктор Васильевич Тупиковтің өмірі мен еңбек жолына арналған.

Міне,осы жаңа кітаптың тұсаукесері Ғабиден Мұстафин кентінің көпшілік кітапханасында өтіп,оған жергілікті тұрғындар, тылда еңбек еткен адамдар,осындағы колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.
Кітаптың тұсауын кенттің әкімі Бақыт Қойшыбаева мен аудандық орталық кітапхананың директоры Айгүл Жексенбаева кесіп, оның авторы Татьяна Курбанова өзі жазған кітаптың мазмұнына қысқаша тоқталып, оның жазылып, жарыққа шығуына Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын себепші болып,қолдау көрсеткенін айтты.
Өз кезегінде кітаптың кейіпкері Виктор Васильевич пен қызы Л.Савченко,аудан әкімінің кеңесшісі Ш.Курбанов, кітапхана оқырмандары Г.Хомутова, Н.Алексеева және колледж студенттері шығарма авторына алғыстарын айтып, ризалықтарын білдірісті.
Шара барысында кент тұрғындары С.Мартыненко мен Т.Сарангова соғыс тақырыбындағы әндерді шырқап, Даривхан Айдынгүл Ұлы Абайдың “Ғылым таппай мақтанба” өлеңін мәнерлеп оқыды.
Тұсаукесер рәсімінің соңында кітап авторы кейіпкерін ортаға алып,оқырмандарымен естелік суретке түсті.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы