Жаңалықтар

Тың бастама – жаңа мүмкіндік

Бос уақытты тиімді пайдалана отырып, еңбексүйгіштікке тәрбиелейтін әрі оқуын аяқтап, жазғы демалысқа шыққан жастарға ақша табудың бірден-бір жолы – «Жасыл елдің» жаңа маусымында шахтинскілік 300 жас жұмысқа кірісті. Туған өлкенің табиғатын түрлендіріп, экологиясын жақсартуды көздеген жігерлі жастардың басын біріктірген жасақ сапында болғысы келетін жастардың саны жыл сайын ұлғаюда. Мәселен, биыл бағдарламаға қатысушылар саны 60-тан 90 адамға дейін өскен. Көгалдандыру қалада ғана емес, сондай-ақ, Шахан, Долинка және Новодолинка кенттерінде де жүреді.

Жаз айларында уақытты тиімді пайдалануға әрі ақша табуға мүмкіндік беретін бағдарлама Шахтинск жастары арасында сұранысқа ие. Жасақ жұмысына 16-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Жаз мезгілінде еңбек етемін деп, ниет білдіргендер алдымен жастар орталығына жүгінеді. Сол жерде біз толық ақпарат береміз және келісімшартты рәсімдеу үшін жұмыспен қамту орталығына жібереміз. Жасақ сарбаздарына көгалдандырумен айналысатын мердігерлік ұйым бекітілген, оның қызметкерлері күн сайын жұмыс майданын анықтайды және жасыл желектерді суару үшін сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жастар арнайы киіммен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетінін де айту керек. Жұмыс уақыты 4 немесе 6 сағат, – дейді Шахтинск қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы Жасұлан Хамитов.

Шахтинск аймағында «Жасыл ел» бағдарламасы 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде жастар жасақтары қатарына 300-ден астам адам жұмысқа орналастырылды. Бірінші кезекте жұмыс орындарымен әлеуметтік осал санаттағы жастар қамтылады. Яғни, жетім балалар, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар, аз қамтылғандар, сондай-ақ NEET санатындағы жастар. «Жастар бағдарламасының шарттарына қызығушылық танытып, туған өлкенің игілігі үшін жұмыс істеуге ниетті» екенін айтады Жасұлан Хамитов.

Бүгінде қаладағы еңбек жасақтарына қатысушылар саны 60-тан 90 адамға дейін өскен. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызды жұмысты орындай отырып, қосымша ақша табуға мүмкіндік алады. Еңбек отрядтары сияқты маңызды жобаны қаржыландыру қала бюджетінде қарастырылған әрі жыл сайын ұлғайып отырады. Мысалы, 2017 жылы – 2 053 000 теңге, 2018 жылы – 2 300 000 теңге, 2019 жылы – 3 229 000 теңге, 2020 жылы – 5 410 000 теңге, ал биыл – 5 396 000 теңге болды. «Жасыл ел» сарбаздары айына 78 мың теңге жалақы алады. Оның 42 500 теңгесі жергілікті бюджеттен, 35 394 теңгесі – республикалық бюджеттен беріледі.

Шахтинск қаласында жалпыұлттық «Жасыл ел» бағдарламасынан бөлек, алғаш рет еңбек жасақтары жұмыс істей бастады. Жастар ресурстық орталығы мамандарының айтуынша, мұндай шешім қабылдауға жастардың жазғы кезеңде жұмыс жасауға деген үлкен ықыласы ықпал еткен. «Жасыл ел» бағдарламасы ниет білдірген жастардың барлығын қабылдай алмағандықтан, жұмыспен қамту орталығына шықты. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландыру еңбек жасақтарының жұмысын бастауға мүмкіндік берді. Еңбек жасағындағы жастар көшелерді абаттандыруға жауапты коммуналдық ұйымның басшылығымен туған қаласын қоқыстан тазартумен айналысады. Олардың жалақысы – 60 мың теңге.

Шахтинск технологиялық колледжінің І курс студенті Жандос Адыханов еңбек жасағына алғашқылардың бірі болып жазылған. Бұған дейін «Жасыл ел» сарбаздарының қатарына ынтасы болғанымен, оқу орнына дайындықтан мұршасы болмағанын айтады.

Еңбек жасағына кіруге болатыны туралы колледжде топ кураторынан білдім. Курстастарыммен бірге жұмыспен қамту орталығына барып, өтініш жаздық. Жұмысымыз қиын емес. Межелі жерге автобуспен алып келеді, қоқысты жинап, жұмыстар аяқталған соң кері алып кетеді. Туған қаламды жақсы көретінім, оның тазалығына бейжай қарамайтыным мені еңбек жасағының қатарына кіруге ынталандырды. Туған өлкемнің экологиясын сақтауға үлес қосқым келеді. Ақшаның да артығы жоқ, – дейді Жандос.

Жаңа бағдарлама бойынша жаздың үш айында 90-ға жуық жасты жұмыспен қамту жоспарда бар. Еңбек жасақтарын құру – Шахтинскінің тың бастамасы. Олар жақсы бастаманы басқа өңірлер де іліп әкетеді деген ойда.

Сағыныш ӘБІЛ.

ШАХТИНСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button