АймақБас тақырыпЖезқазған

Туризмді түлету тәсілдері

Жуырда Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті Мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға нақты іспен үн қосу мақсатында ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы және «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, «Ұлт киесі – Ұлытау» тақырыбында республикалық форум өткізді.

Түпкі межеде қасиетті Ұлытау өңірінде туризмді дамытуды мұрат тұтқан форумға танымал саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, республика аумағындағы жоғары оқу орындарының басшылары мен профессорлық-оқытушылар құрамы, ЖезқазғанҰлытау аймағындағы мектептер мен колледждердің басшылары мен оқытушылары, зерттеушілер мен тарихшылар, докторанттар, аспиранттар мен магистранттар қатысты.

Ауқымы кең алқалы жиынды құттықтау лебізімен ашқан Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы Әбділмәлік Тәкішев өз сөзінде Ұлытау-Жезқазған өңірі үшін қай тұрғыдан алып қарастырса да өте маңызды болып саналатын салада қолға алынған жұмыстарды жүйелеп, оны ілгері бастыру тәсілдерін екшеу күн тәртібінде өткір тұрған өте өзекті мәселе екендігіне екпін берді. Ізгі ниеттен бастау алған республикалық деңгейдегі форум жұмысының нәтижесі тың бастамалардың тыңғылықты тиянақталып, туризмді түлету талпыныстарына ерекше серпін береріне сенім білдірді. Мағынасы маңызды жиынға қатысушыларды көкейдегі көрікті ойларын ортаға бүкпесіз салуға шақырды.

Алматыдан арнайы келген мәртебелі мейман – Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, Халықаралық қоғамдық туризм академиясының президенті Рахман Алшанов өз сөзінде қатысушылар мен қонақтарды форумның ашылуымен құттықтап, мәселенің мән-жайына ғылыми сараптама тұрғысынан сипаттама берді. Жалпы қауымның жұмысына сәттілік тіледі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов пен Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің доценті Қания Тұрсынбаеваның жұртшылық назарына ұсынған баяндамалары Ұлытау аймағын туристік орталыққа айналдыру мүмкіндіктерін таразыға тартуымен есте қалды. Сонымен қатар, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина және Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев Ұлытау ауданы мен Жезқазған, Сәтбаев қалаларында туризм инфрақұрылымын қалыптастыру, шетелдерден келетін, сондай-ақ, отандық туристерге қолайлы жағдайлар тудыру шаралары туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Өздері қызмет атқаратын қалалар мен аудандағы осы бағытта қолға алынған пәрменді әрекеттер мен келешектегі жоспарлы шаралар хақында толыққанды мәліметтер ұсынды. Ал, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Майраш Сағынбаева, Қарағанды облысы кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Нұрмұхамбетов пен Жезқазған ботаникалық бағының директоры Жанғозы Нашенов өз баяндамаларында Ұлытау өңірінде туризмді өрістетудің ерекшеліктері мен тартымдылығы жайлы құлаққа аса жағымды мазмұнда сөз қозғады.

Алматылық кәсіпкер Ғалымжан Әбдібеков іске асырылу барысы туралы егжей-тегжейлі әңгімелеген «Ұлытау ауданындағы жылқы туризмі» жобасы қарапайымдылығы мен қолжетімділігі тұрғысынан жиынға қатысушылардың қызығушылығын туындатты.

Форум жұмысы барысында Ұлытау-Жезқазған аймағында туризмді дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен қолға алынуы көзделген шаралар ауқымды жанжақты әрі кең көлемде талқыланып, соңғы түйінде тұжырымды ұсыныстар мәлімдемесі жасалды. Онда туристік кешенді қалыптастыру, оны одан әрі дамыту, саяхатшыларға тиісті жағдай жасау, сала қызметін іркіліссіз жүргізетін білікті мамандар дайындау және тағы басқа біршама қажеттіліктер қамтылды.

Содан кейін форумға қатысушылар жергілікті суретшілердің қазақ мысының қарашаңырағы – Қарсақбай кентіне жасаған шығармашылық сапары (пленэр) нәтижесінде дүниеге келген туындылар көрмесін, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі тарапынан қойылған тарихи жәдігерлер мен Жезқазған университеті кітапханасы арнайы әзірлеген кітап көрмесін тамсана тамашалады.

 Ел мүддесін ескерген форумға сыртқары аумақтардан келген меймандар Ұлытау ауданына сапарлап, көне дәуірлерден сыр шертетін, тағылымы мол тарихи ескерткіштермен танысу мүмкіндігін иеленді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

«Орталық Қазақстан»

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button