Жаңалықтар

Туберкулездің алдын алу айлығы басталды

Ағымдағы жылдың 23 ақпанынан бастап Шахтинск аймағында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орайластырылған туберкулездің алдын алу айлығы басталды. Ол 2024 жылғы 22 наурызға дейін жалғасады.

Сурет: qazaly.kz сайтынан

Айлықты өткізудің мақсаты – медицина қызметкерлерінің туберкулезді ерте диагностикалауға қатысты бақылауды, профилактикалық іс-шараларды күшейту. кәсіптік тексеруден уақтылы өту үшін жағдай жасап, туберкулездің алғашқы белгілері және уақтылы емдеу тиімділігі туралы халықтың хабардарлығын арттыру.

Туберкулез – жиі өкпеге әсер ететін (80%), басқа мүшелерге сирек (20%) әсер ететін Кох бацилласы деп аталатын микобактериялар тудыратын жұқпалы ауру. Туберкулез адамнан адамға ауа арқылы таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе қақырық түсіргенде өкпе туберкулезімен ауыратын адамдар ауаға туберкулез бактерияларын шығарады. Инфекцияны жұқтыру үшін адамға мұндай бактериялардың аз ғана мөлшерін жұту жеткілікті.

Қазіргі заманғы медицинаның барлық жетістіктеріне қарамастан, туберкулезбен күресудің жалғыз және жоғары тиімді құралы туберкулезге қарсы иммундау және профилактикалық медициналық тексерулер болып қала береді.

Туберкулездің ауыр түрлерінің дамуын болдырмау үшін балаларды БЦЖ вакцинасымен жоспарлы иммундау жүргізіледі. Бала алғашқы вакцинацияны туғаннан кейінгі өмірдің алғашқы күндерінде алады.

БЦЖ ревакцинациясына 6-7 жас аралығындағы Манту теріс сынамасы бар дені сау, ауруды жұқтырмаған балалар жатады (1-сынып). Балаларда туберкулезді ерте анықтау мақсатында туберкулинмен тері ішілік аллергиялық сынама (Манту сынамасы) қолданылады.

15-17 жастағы жасөспірімдер жылына 1 рет флюорографиялық тексеруден өтеді. Флюорографиялық тексеру туберкулезді ерте кезеңде тиімді анықтауға, ауруды оңай емдеу мүмкіндігін береді. Тексеру кезінде тыныс алу органдарының басқа да қауіпті ауруларының (мысалы, өкпенің қатерлі ісігі) белгілерін ерте анықтап, олардың әрі қарай дамуына жол бермеу мүмкіншілігін пайдалану жағдайлары да сирек емес.

Айта кету керек, 2023 жылдың 12 айында флюротексеріс жоспарында 29740 адам тұрған болатын, 32129 адам тексерілді, жоспар 108% орындалды. Флюроскопия арқылы туберкулезбен ауыратын 12 адам анықталды.

2023 жылы Шахтинск қаласында туберкулездің 24 жаңа жағдайы тіркелді, оның ішінде тыныс алу органдарының туберкулезі 22 жағдай, оның ішінде туберкулездің бациллярлық түрінің (МБТ+) 5 жағдайы тіркелді.

Өз денсаулығыңыз бен айналаңыздағы адамдардың денсаулығы туралы ойланыңыз. Флюорографиялық кабинетке жылына кемінде 1 рет барыңыз. Туберкулезге қарсы іс-шараларды жүргізуге кедергі жасамаңыз және вакцинациядан бас тартпаңыз.

Әр адам өз бетінше ауру қаупін едәуір төмендете алады! Денені жалпы сауықтыру және дұрыс өмір салты туберкулездің басты жауы екенін есте ұстаған жөн.

Алдын алудың негізгі шаралары – жануарлар ақуызын (ет, балық), сондай-ақ көкөністер мен жемістерді (жаңа піскен және консервіленген) диетаға міндетті түрде енгізе отырып, тұрақты және теңдестірілген тамақтану, дәрумендік препараттарды қабылдау.

Жеткілікті қозғалыс белсенділігі – таза ауада серуендеу, спортпен, гимнастикамен шұғылдану.

Темекі шегуден және басқа да жаман әдеттерден бас тарту.

Жеке гигиенаны сақтау және өз денсаулығына назар аудару-үнемі медициналық тексерулерден өтіп тұру.

Е. БЕЙСЕМБАЕВ,
Шахтинск қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button