Бас тақырып

Ту һәм Серт

Атырау мен Алтайдың арасын атамекенім деп білген қазақ баласы Тудың қасиетіне әуелден бас иген. Елдік жолына бағыштаған әр қадамы – сол аспан түстес көк байрақтың алаңсыз желбіреп тұруы үшін-дүр. Бұған көп мысал айтуға болады. Әріге бармай-ақ, жуырда жер мәселесі жайлы түрлі пікір айтылғанда, Алаштың арлы азаматтары байтақ өлкеміздің әр өңірінен атойлап шығып, атқа қонды. Қолдарындағы жүрегіміздің көшірмесіндей болған Көк Туды көргенде жанымыз алып-ұшып, рухымыз аспандап қоя берді. Ол бағзыдан келе жатқан баһадүр бабалардың байрақты сүйіп тұрып берген сертінің сиқыры еді.

VSThemes.ru

Ту жайлы әңгіме қозғалса, кімнің болса да өне-бойы шымырлап, арқасы қозады. Мәселен, «Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігін Ресей билігі мойындады» деген ақпарат жүрді ғаламторда. Мұның өзі қазақ рухының ежелден тумен егіз болғандығын айғақтайды. Ал, Туымыздың шексіз аспанмен түстес болуы – бейбітсүйгіштік пен кең пейілінің бейнесі.

Маған қазақтың әр азаматы сол Көк Тудың желбіреуін қадағалау үшін туғандай көрінеді. Өйткені, бабалардың бастан кешкен қилы тағдыры тудың киесін санамызға мықтап сіңірді. Көшіп-қонып жүрсе де, туын ешқашан төмендетпеген. «Өмірге келген сәбидің өзі бесікте жатып-ақ, желбіреп тұрған туға қарап жататын болған» деседі.

Байрағына бөріні бейнелеген түркі бабалар да осы ұстаныммен өмір сүргені ақиқат. Әйтпегенде, «Көк тудың желбірегені, Жаныма қуат береді. Таласқа түссе жан мен ту, Жан емес маған керегі» (А.Ахметбекұлы) дейтін өрелі жыр туар ма еді?.. Бұл – Ұлы Дала философиясы мен қанға сіңген қазақы рухтың нышаны.

Абылай ханның ақ туы болғаны, Бөгенбай батырдың ақ түсті ту ұстағаны хақында деректер бар. «Ақ туды Бөгенбайға әкеп берді, Қараңдар қасиетті Бөген ерді» деп Бөгенбай батыр тарихи жырында айтылады

Ал, зерттеушілер түркілердің туының түсі көк болғанын айтады. Л.Гумилев ежелгі түріктерді «көк түріктер» деп атапты. Олардың дүниетанымында «көк» ұғымы ерекше мәнге ие болған. Жоғарыда көк аспан, көк тәңірі біртұтас, ол адамдарға құт-береке, күш-қуат беруші деп сенген. Көк түріктің ұрпағы шексіз көк аспанның астында көсіле жортып, көк Тәңірге сыйынып өмір сүрді. Бүгінде Ислам діні өміріміздің бір бөлшегі мен дүниетанымымыздың темірқазығына айналса да, асқақ рухымыз Көк Туды қалайды. Көк Тудың наным-сенімге еш қайшылығы жоқ. Керісінше, Ислам – бейбітшілік діні.

Ал, тудағы қыран – қазақтың өзі. Байтақ өлкесін емін-еркін зәу көктен шолып жүрген қазақтың алмастай өткір рухы. Дамуға деген асқақ арманы мен асыл мұраты.

Ондағы Күн бейнесі де түркі жұртының жаратылыспен етене жақындығын, терең философиясын аңғартады. Күн – тіршілік бастауы. Онсыз өмір жоқ. Ойшыл Шәкәрім: «Жанымыз күннен келген нұрдан, тәнiмiз топырақ пенен судан. Күн – атам, анық жер – анам…» депті. Мұны ұғу үшін бір сәт бабалар танымына көз жүгіртсең жеткілікті.

Қазақ өлеңінің көк туындай болған Мағжанның «Күннен туған, ғұннан туған Пайғамбар» деп жырлауы да бекер емес. Одан бергі кезеңде де Көк Туымызды жырға қосу дәстүрі үзілген емес. Бұл елдіктің , бірліктің, рухтың мәңгілік тақырып екендігін аңғартады.

Бұлармен қатар Туда қазақы ою-өрнек бар. Бұл Тудың ерекшелігін, қазақ елінің өз сипатын, танымдық бейнесін көрсетеді.

Сонымен қатар, әр дәуірдің тарихы бабалардың қандай ту ұстағанынан хабар береді. Мәселен, тасқа қашалған Күлтегін жырында түркі жауынгерлерін бөріге теңеп, туына бөріні бейнелесе, бұл дәстүр беріге дейін сақталған.

Қобыланды батыр жырында: «Құйысқанын қысқартып, Көк ала шұбар ту байлап» деп келсе, Алпамыс батыр жырында: «Шаң астына қараса, Айшықты ала ту көрді» деген жолдар бар. Бұл мысалдан тудың соғыс кезіндегі басты рөл атқарғанын ұғамыз. Өйткені, шайқаста ту жауынгерлерге рух беріп, жеңіске деген күш-қайратын жаныған. Туға қарап, әскердің кім екенін аңғарған.

Орта ғасырларда соғыста тудың жығылуы бүкіл әскердің жеңілгендігін ұқтырса, ту жоғалса, оны ұстаушының абыройына нұқсан келетін болған.

Ту ұстайтын батыр талай шайқастарда ерлігімен көзге түскен, соғыстарда әбден шыңдалған ержүрек батыр болуы керек болатын. Ондай батырды «тубегі, байрақдар» деп түрліше атаған. Шоқан Уәлиханов та Жәнібек, Баян, Жанатай және Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі Байғозының ерліктерін жазып қалдырған.

Сүйінбай Аронұлы: «Бөрілі басы – ұраным, Бөрілі – менің байрағым. Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым» деп жырлапты.

Ал, әр ұлттың туындағы түрлі бейне олардың болмысынан хабар береді. Мәселен, әлемде қызыл түсті ту көп болса, одан кейін көп пайдаланылатыны ақ, көк, сары және қара түстер екен.

Ал, қазақ туындағыдай күн бейнесі – Жапония, Тайвань, Филиппин, Уругвай туларында бар. Ең ірі құстың суреті – Албанияның туында. Албандықтар өз елін «Қырандар елі» деп атайды. Ел рәмізінде екі басты бүркіт бейнеленген.

Байқасақ, ту жөнінде таңды-таңға ұрып айтуға болады. Бірақ, әңгіменің барлығы елдіктің, өткір рухтың нышаны екенін алға тартады. Яғни, жаратылысынан табиғаттың тілін, жаратылыстың сырын білген бабалардан жеткен таным-түсінікке салсақ, ту – серт. Елдікті сақтаудың Серті! Туды сүйіп ант беру соны білдіреді. Желбіреп тұрған Көк Туды көргенде ойлау жүйесі қалыптаспаған бала да сүйсіне қарайды. Демек, Көк Туымыз – Отан алдындағы ел мен жер, ұрпақ алдындағы перзенттік сертіміз. Ендеше, сол сертке адал болайық!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button