АқтоғайРуханият

«Туған жер, өзің дегенде»

   «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінуге жарар ол». Қызыларайдың 90 жылдық мерейтойында жас ұрпақтың ел мен жерге деген шексіз құрметі – облыс тұрғындарын тағы бір тәнті етті. Ауыл азаматтары тойды атап өтуге республиканың түпкір-түпкірінен жиналды. Әлбетте, елді тану бар да, таныту бір бөлек.

Той дүркіреп өтті. Қызыларай жастары тойға дейін алдымен ауыл ортасындағы ескіріп, бұзылған үй орындарын тегіс тазалады. Өзен өткеліндегі басты үш көпірді түзеп, қалпына келтірді. 1980 жылы мектеп бітірген түлектер ауылға тағы бір «Жастар» саябағын сыйға тартты. Алаңды абаттандырып, ағаш көшеттерімен толтырды. Нәтижесінде, жастардың Қызыларайға кіре берісте қолдан құйған «Ақжарық» белгісі ауыл көркін ашып, жарқыратты. Оған қоса жастар табиғатымен тамсандырған сұлу аймақтың ауданға дейінгі тегіс жолдарын тазартып, атаулы белгілерін орнатқан. Табиғаттағы тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтірген. Сөйтіп, тегіс ауыл жұрты жаңғырып, гүлденуге құштар екенін көрсетті. Бұл – Елбасының «Туған жер» бағдарламасын қолдаудың шынайы көрінісі. Сондай-ақ, кіндік қаның тамған жерге, өскен ауылға деген сүйіспеншіліктің белгісі.

Тіпті, ауыл жастары 90 жылдық мерейтой қарсаңында тойға тігілген әр киіз үйге су жүйесін тартты. Қонақтарды 21 ақшаңқан киіз үйге орналастырды. Алғашқы күні ауылдағы 55 шаруа қожалық жетекшілерінің демеушілігімен 1000 лоторея билеті ойнатылып, бас жүлдеге – жылқы, сондай-ақ, атан өгіз, қошқар, серкемен қатар тоңазытқыш, теледидар секілді 350 тұрмыстық техника ұтысқа тігілді.

Ауыл күні өткен танымдық конференцияны Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова  басшылығына алды. Балтабай Батталғазиннің әнін дүйім ауыл қошеметке бөледі. Рымбек Жүнісұлы «Қызметтегі жолымның оң болуына – Қызыларай елі ұйытқы болды» деді.

Қайраткер Бегазы мәдениетіне, Арқаның ең биік шыңы – Ақсораңға тоқталды. Бұл өңірден Алашорданың, яғни, ХХ ғасыр басындағы қазақ мемлекетінің көсемдері Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбайұлы, Әлімхан Ермековтің тууын тілге тиек етіп, қасиетті топырақ екенін атады. Қайраткер алдағы уақытта салынатын спорт кешенінің іргетасын орнатты.

Жарық көрген «Қызыларай» кітабы той қонақтарына сыйға тартылды. Сол күні Қызыларайға арналған 10-ға жуық жаңа әннің тұсауы кесілді. Қызыларайлық сазгер Әлібек Имашевтің жазған әндері, «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің өнері ауыл кешінің көркін қыздырды.

Түске таман қазақша күрес, көкпар, қол күрес өтіп, қошқар көтеруден азаматтар күш сынасты. Көкпар тартыста республикаға танылып жүрген қызыларайлық жастар бас жүлдеге лайық автокөлікті қанжығалады. Ал, Ақжал, Ақтоғай, Шет, Қарқаралы, Жаңаарқа ауданынан келген балуандар тартысты күрес көрсетті. Аламан бәйгеге Қазақстанның түпкір-түпкірінен 40 сәйгүлік қатысты. Бас жүлде «Lada Granta» автокөлігін балқаштық Ердос Науановтың сәйгүлігі еншіледі. ІІ орынды астаналық «Алтын тұлпар» жүйріктері иеленсе, ІІІ орын алматылықтарға бұйырды.

Мерейтойдың әр сағатына дейін жоспарланып, жоғары деңгейде өткені – алдымен ауыл азаматтарының ұйымшылдығынан. Дүркіреген тойды бір демде өткізе білетін жастарды өмірге әкелген қариялардың батасынан. Екі мың адамды күтіп, қымыз-қымыран ұсынған ауыл келіндерінің іскерлігінен. Сондай-ақ, жалпы тойдың өтуіне қаржылай демеушілік көрсеткен кәсіпкер Махмұд Әліпбергенов бастаған ауыл азаматтарының мәрттігінің нышаны.

Алдағы уақытта Қызыларай гүлдене береді. Күз айында спорт кешені салынып, үлкен ұялы байланыс жүйесі іске қосылады. Жаңа мешіт бой көтереді. Бұл қуанышты хабарларды да ауыл халқы ұзақ күткен еді.

Сөйтіп, Алаш арыстарының ұрпақтары Арқаның көрікті көзайымы – Қызыларайдың мерейтойын асқақтатып атап өтті. Ағалар салған ізгі жолды жалғар ұрпақ барын тағы бір дәлелдеді. Той өткен күні ауыл халқы азаматтарына «Ел ардақтылары» төсбелгісін тақты. Әлбетте, бұдан кейін еркелеткен думанды елге мың алғыс айту да аз.

 

СУРЕТТЕРДЕ: 1. Ауыл азаматы Т.Қасымбеков, Ақтоғай ауданының әкімі С.Әбеуова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Р.Жүнісов.  2. Қызыларайға арналған кітап және ән-жинақ.  3.Аламан бәйгенің жеңімпазы – О.Әбекенов.

Аяулым СОВЕТ

Суреттерді түсірген автор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button