Бас тақырып

Топырақтың киесі

Шындығында Жер анамыз атом бомбасының қасіретін қаншама жылдан бері көтеріп келеді. Алғашқысы 1945 жылы Жапонияның үш қаласына тасталса, адамзатқа қасірет әкелген бомбаның шығуы, оның дамуы соғыспен байланысты болды. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін түрлі дамыған елдер арасында ядролық қару жасап, оның күшін анықтауда жарыс басталды. Оның салдарын тартқан бірден-бір мемлекет – біздің ел. Семей ядролық бомбасының алғашқы сынағы 1949 жылы Семей қаласына 180 шақырым жердегі Дегелең тауының елсіз бөктерінде жүргізілді. Бұл сынақ Дегелең, Балапан, Телкем, Сарыөзен жерлерін түгел қамтып, 470 рет жүргізілді. 1989 жылға дейін үздіксіз 40 жыл атом жарылысына қазақ баласы куә болды. Ал, Жапонияның бір ғана Нагасаки қаласының төбесінен тасталған бомба салдарынан 75 мың адам жазылмас дертке душар болған. Ал бізде ше? Қырық жыл дегенің жарты ғасыр ғой. Бір буын ұрпақ емес, дүниеге шыр етіп келген сәбилердің өзі полигон зардабын тартып өмірге келді емес пе?! Сол сәбилер де өз ұрпағын полигон зардабын тарта отырып таратты.

Екінші Дүниежүзілік соғыс алдымен «Әлемге кімдер үстемдік жасайды?» деген сұраққа жауап іздеді. Ал, әлемді басқару үшін бәсекелестерді сескендіретін қару керек, ол – атом бомбасы. АҚШ Кеңес Одағынан бұрын атом бомба жасап үлгеріп, экономикадағы бәсекелесі Жапонияға тастап, оны күйретті. КСРО да қарап қалмай, жер-жерден физиктер жинады. Ақыры И.Курчатовтың басшылығымен атом бомбасы дайындалды. И.Курчатов Л.Берияға: «Негізінен айналасында кем дегенде 200 шақырымға дейін халық тұрмайтын жер қажет, бомбаның жарылысы адамға ғана емес, жан-жануарға да қауіпті» деген. Алайда, жер тандауға ғалымдар емес, саяси басшылар араласып, өкінішке қарай Семей облысының Абыралы, Қайнар ауданы таңдалды. Мұнда қазақ ауылдары көп-тін. Ақыры Семей жері адамға сынақ жүргізетін алаңға айналды. Жергілікті халықтың кей бөлігін алысқа көшіріп, енді кейбіріне тиіспеді. Көшпей қалған ауыл тұрғындары үнемі полигон әскери дәрігерлерінің бақылауында болды. Олардың денсаулығын жанашырлықпен емес, радиацияның күшін анықтау үшін тексеріп отырған. Бірақ, халыққа оны айтпады. Оларды Семейдегі «Бруцеллезге қарсы №4 емхана» деген жазуы бар орында емдеді. Ал, емделушілер бойынан табылған дерттің барлығын мал етінде қажетті дәруменнің аздығымен байланыстырды. Оларға ешқандай ем қолданбады, жергілікті қазақ ұлтына осындай сынақтар жүргізді. Бұл адамзат алдындағы үлкен қылмыс еді.

Негізінен атом бомбасы жарылған аймақтың қалпына келу үшін өте ұзақ уақыт керек. Ол арнайы биотехнологиялық шаралар жүргізіп, қалпына келтіріледі. Радиация табиғаттың барлық компонентіне сіңеді. Адамға енсе, ол генетикалық жолмен ұрпағына өтеді. Ал, топырақ, өсімдік, ауа қабаты түгел ластанады. Семей полигон сынағы үздіксіз жүргендіктен, оның зардабы орасан болды. Осы аймақта тұратын шамамен 500 мыңнан астам адам ауруға шалдыққан. Тіпті, жер астынан шығатын бұлақ көздеріне дейін радиацияға ұшырады. Дегелең бауырында туып-өскен жазушы Сапарғали Бегалин ауылына барып, бұлаққа жете алмай зар иледі. Себебі, сол кездегі саяси билік полигон аймағына ешкімді кіргізбейтін. Ал, полигон зардабын анықтау үшін 1952 жылы Қ.Сәтбаев, М.Әуезовтің ұйымдастырумен медицина ғылымдарының докторы Балқия Атшабаровтың басшылығымен арнайы экспедиция барып, алғаш рет бомбаның зардабын анықтады. Радиациялық сәулеленуден адамның қан құрамы бұзылып, түрлі потологиялық ауру пайда болды. Шаштың ерте түсуі, жүйке аурулары, денеде дақтардың пайда болуы деген сияқты. Ал ең қиыны – мүгедек балалардың дүниеге келуі еді.

Бұдан бөлек, полигон аймағында әскерде болған көп жігіт тершеңдік ауыруын жұқтырып қайтты. Олар қақаған аязда да шып-шып терлеп отыратын. Себебі, ауру ішкен ас, жұтқан ауамен келеді. Атом бомбасына сынаққа Семейдің Дегелең граниттік тауын таңдаудың бір себебі, тау жынысының қатты болуынан. Атом бомбасы үш тәсілмен жарылды: әуеде, жер үстінде, жер астында. 1962-1989 жыл аралығында Дегелең тауының жер асты шахталарында 360-тан аса жарылыс жасады. Тау қопарылды. Асты үстіне, үсті астына ауысты. Бомбаның құрамындағы зиянды газдар жер асты тау жыныстары құрамына сіңіп, жер асты суларын ластады. Ластанған су басқа жерден бұлақ болып ақты, оны ішкен жануардың ағзасы бұзылды. Сол кездері бұлақтан су ішкен адамдар қайтыс болып, арқар атып жеген адам да өлген екен.

Бір жылдары Батыс Еуропа елдері әскери полигон жүргізген аймақтарын залалсыздандырып, халық шаруашылығына беру үшін заң шығарды. Мұны көрген біздің үкімет те «біз де полигон аймағын халыққа беруіміз керек» деді. Сонда біраз ғалым полигон аймағында далалық жағдайда зерттеу жүргізіп, радиацияның әлі бар екенін анықтап берді. Ал, енді мүгедек бала қайдан келді деп ойлайсыз? Әрине, әлі залалсызданбаған полигон салдарынан пайда болып отыр.

Қорыта айтсақ, бүгінде «радиациядан табиғаты толықтай тазарды» дей алмаймыз. Себебі, ешқандай қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеді. Мысалы, Жапония мемлекеті жарты ғасырдан кейін «бомба тасталған үш қаласы толықтай радиациядан залалсыздандырды» деп мәлімдеме жасады. Өте дамыған жапондықтар толықтай қалпына келтіруге ұзақ уақыт жұмсады. Алайда, жер сілкінісі салдарынан Фукусима АЭС жарылып кеткенде бүкіл жапон халқы уайымнан көз жасын төкті. Себебі, қоршаған ортаға қайтадан радиация бөлініп кетті. Жапондықтар қираған ғимараттарға емес, ауаға жайылған радиацияға өкінген еді. Міне, қарап отырғанымыздай радиациямен көп жыл күрескен жапон тәжірибесінің өзі бізге оның зияндығынан хабар береді. Семей қасіреті – бір мезеттік жарылыс емес, ұзақ мерзімдік жасанды апат. Оның үстіне, Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан біздің елде жарылған бомбаның күші 2,5 мың есе көп екен. Мысалы, ұзақ мерзім жыртылған жердің 20 см-лік қара топырақтың табиғи жағдайда қайыра қалпына келуіне мыңдаған жыл керек болса, оңайлықпен өздігінен залалсызданбайтын радиацияның күшін жою үшін де ұзақ мерзім керек деп ойлаймын. Ал, әр қазақтың баласы қасиетті топырақтың киесі бізді тәрк етпеуін қалайтыны анық.

«Полигон аймағында жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары 2021 жылы аяқталады» делінген-тін. Қазір бізді алаңдататыны – осы.

Ернар КЕЙКИН, ҚарУ-дың биология-география факультетінің аға оқытушысы, экология магистрі.

Басқа материалдар

Back to top button