Аймақ

Топар түрленуде

Топар кенті бұрынғы Мичурин ауданының орталығы болған еді. Кейін Абай ауданына қараған бұл елді мекен кешегі көркем кейпін сақтап қана қоймай, күн өткен сайын көркейіп, гүлдене түсті.

Қазір мұнда 10 180 адам тұрады. Тұрғындар саны кемігеннің орнына алыс-жақын шетелдерден көшіп келген қандастарымызбен толығуда. Содан да бұл кенттен бос тұрған үйлерді емге таба алмайсыз. Қайта топарлықтар өздеріне берілген жер телімдерінде жекеменшік баспана тұрғызуда. Осындай 10 үй кентке кіреберіс жолдың сол қапталында сап түзесе, сәл әрірек тағы да 10 үй, арасында коттедждер бой көтеруде. Алдыңғы жылы осында жалға берілетін 20 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы бітіп, әлеу­меттік осал топқа жататын отбасылар қоныстаныпты. Сондай-ақ, кентті барлық жағынан көріктендіру ісі де жүйелі түрде жүргізілуде.

– Өткен жылы кенттің көкейкесті проблемаларын шешу үшін бюджеттен 193 миллион 314 мың теңге бөлініп, біраз шаруа тындырылды, – деген еді кент әкімдігі ТКШ бөлімінің басшысы Қыдырқожа Балтаев.

– Бұл жұмыстардың бәрі де ұлттық жобалар, соның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ал, биыл осы мақсатқа бюджеттен 292 миллион 371 мың теңге бөлініп отыр. Осы қаражатқа көшелерді көріктендіру мен жарықтандыру, жолдарын жөндеу, аулаларды абаттандыру, әкімдік ғимаратына жөндеу жасау, тағы да басқа көптеген жоспарларды іске асыру көзделген, – деп атап өтті ол.

Кентті аралап көргенде қайнаған қызу жұмыстың куәсі болдық. Мәселен, былтыр күзден бері салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің қабырғаларының металл конструкциялары орнатылып, сырты қапталып жатса, «Энергетиктер» бағының іші-сыртындағы жұмыстар да қарқын алып, жүгіру жолдары асфальтталып, аяқ астына әсем кеспетастар төселіп, құрылысшылар осы екі нысандағы шаруаларды жыл аяғына дейін тәмамдамақ көрінеді. Осыдан екі жыл бұрын басталған көше жолдарын жөндеу ісі де одан әрі өрістеп, енді Мерей, Жібек жолы, Абай, Попович көшелеріндегі жолдарда жалғасып кеткен. Жолдарды пайдалану мекемесі мен кенттің кіреберіс қақпасының аралығындағы, Жастар көшесінен Дайрабаева көшесіне дейінгі жаяу жүргіншілер жолы да асфальтталып, жарықтандыру бағандары мен шамдары ауыстырылып, балалардың алты ойын алаңы жаңғыр­тылып, жаңадан тағы екі ойын алаңын жабдықтап, жарықтандыру қолға алынған. Топар кентінің кіреберіс бас қақпасы да плиталармен қапталып, боялып, барлық аялдамалар мен қоқыс контейнерлері тұратын алаңдар бетондалып, қолайлы күйге келтірілген.

Бұл шаруалар кенттің орталық бөлігінде атқарылып жатса, оның аумағына кіретін сырттағы 1,2,3- ауылдар да әкімдік назарынан тыс қалмаған. Бірталай халық тұратын бұл шағын ауылдарға 2018 жылы ауыз су құбырлары тартылып, кей тұстарда жарықтандыру бағандары орнатылып, 2-ауылда балалардың ойын алаңы пайдалануға берілген екен. Енді, биыл сол 2 және 3-ауылдарға көше жолдары төселмекші. Бұл қатарда теміржол бойындағы 769-разьезд мекені де бар. Және бір айтарлығы, Топардағы бірсыпыра көшелердің атауы қайтадан Атамекен, Жібек жолы, Мерей аталып, сондағы үйлерге көрнекі тақташалар ілінген.

«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деп жырлағандай, кейінгі уақытта жас та болса іскер басшы, Топар кентінің әкімі Марғұлан Сафаровтың басшылығымен ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тұрғындардың көңілі толып, дән риза. Солардың бірі Жібек жолы көшесінде тұратын Бансет ақсақал: «Көшеміздегі жол жөнделіп, асфальтталса, үйімізге көлікпен келу қиынға түспейді», – деп қуанса, 2-ауыл тұрғыны Бейсембай Құттыбек:

«Немерелерім келгенде мына ойын алаңынан шықпайтын болды», – деген ризашылығын білдірді.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button