Жаңалықтар

Толық жұмысқа кірісті

   Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ сынынан кейін Қарқаралыдағы мүгедектерге арналған оңалту орталығы емделушілермен толықты. Қазір мұнда облыстың әр қалалары мен аудандарынан жиналған 58 адам әлеуметтік-медициналық көмек алып жатыр.

– Қазір бізде орталық барынша толыққан. Бүгінгі таңда оңалту орталығында 58 емделуші – негізінен, неврологиялық оңалтуға мұқтаж. Сонымен қатар, тірек-қозғалу аппараты ауруларына шалдыққан бірінші және екінші топ мүгедектері ем алып жатыр. Бүгін тағы төрт адамның келуін күтудеміз, – деді «Қарағанды облысының мүгедектерге арналған оңалту орталығы» КММ директоры Нұрлан Тұрсынбеков.

Науқастар жеке-дара оңалту бағдарламасы бар жолдама бойынша қабылданады. Орталық физио­процедураларға, механотерапия, емдік дене-шынықтыру, әлеуметтік-тұрмыстық бейімделуге арналған барлық заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Қызмет көрсету ауқымы да кең. Тренажерлер, су асты массажы, сауна, фито-бөшке және басқалары.

Мұның барлығы тегін. 2017 жылы мекеменің қызметіне бюджеттен 107,7 млн. теңге бөлінген болатын. Орташа есептегенде бір емделушіні қабылдауға күніне 4610 теңге кетеді.

Оңалту курсы дерттің күрделілігіне байланысты жарты айдан жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Тек, медициналық көмек қана көрсетілмейді. Біз адамдарға әлеуметтік ортаға бейімделуге көмектесеміз. Өз-өзіне деген сенімін арттырамыз. Бұл бағытта психологтар жұмыс жасайды, – деді Нұрлан Тұрсынбеков.

Ол бір көрнекі мысал келтірді. Орталыққа ауыр дертке шалдыққаннан қолымен ештеңе жасай алмайтын әжей келіп түскен. Бір ай оңалтудан өткен соң, ол өз бетінше нан илеп, жая алатындай болды. Үйіне көтеріңкі көңіл-күймен, орталық қызметкерлеріне алғысын айтып қайтты.

Науқастарға, сонымен қатар, мәдени бағдарламалар да ұйымдастырылады. Қарқаралының мұражайына, көрнекті жерлеріне экскурсиялар, табиғатқа серуендер жасалады.

Естеріңізге сала кетейік, Қарқаралыдағы 64 адамға шақталған оңалту орталығы 2017 жылдың 24 мамырында ашылған. Ол бұрынғы аудандық аурухананың орнында орналасқан болатын. Бос тұрған ғимарат күрделі жөндеуден өткізілді. Жөндеу жұмыстарына 700 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бұл республикалық бюджет қаражаты және «ENRC Комек» ЖШС-нің демеушілік көмегі.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департаментінің ақпаратына сүйенсек, аймақта 251 І-ІІ топ мүгедектері үшін жеке-дара оңалту бағдарламасы жасалған.

Оңалту орталығында көмек алып жатқан 58 адамның 17-і Теміртау қаласынан, 13 – Бұқар жырау, 10 – Осакаров, 9 – Қарқаралы, 4 – Абай аудандарынан, 3 – Қарағандыдан және 2-і Сараннан келген.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button