Толғақты мәселелер таразыланды

«Арселор» апаттан кейін үш конверторын іске қосты

«АрселорМиттал Теміртау» АҚында өткен жұмада апаттан кейін 3 конвертор іске қосылды. Сөйтіп, қазіргі таңда тәулігіне 9 мың тонна болат өндірілуде. Сәуір айында бұл көрсеткіш 11 мың тоннаны құрайды деп күтілуде. Бұл туралы аппарат мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров аймақ басшысы Ерлан Қошановқа мәлімдеді.

Жалпы, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ апаттан кейінгі екі айда 357 млрд. теңге көлемінде өнім өндірген. Жыл соңында болат өндірісінің өнімі 4 млн. тоннаға жетеді деп жоспарлануда. Өзге көрсеткіштер – оң қарқынды. Сөйтіп, болжамға сүйенсек, жыл бойы өндіріс көлемі 4 пайыздан кем болмайды.

– «Қазақмыс» корпорациясында» қаңтар-ақпанда мыс шығаруы 54,5 мың тоннаны құрады. Өсім бар, ол – 2,2 пайыз. Инвестицияға келсек, екі ай көлеміндегі оның мөлшері – 78,3 млрд. теңге. Мұның ішінде, жеке- меншік, ірі компаниялардың инвестициялары да бар. Жаңа жобалар да қамтылған. Мәселен, «Алайғыр», «Жәйрем» жобаларын атауға болады. Сонымен қатар, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруда жұмыстар жүргізілуде. Отандық тауар өндірушілерді қолдау және импортты алмастыру мақсатында наурыз соңында «Қазақмыс» корпорациясының базасында жергілікті қамту мәселелері жөнінде бизнес кездесу өтеді. Кездесуге жүйе құраушы кәсіпорындар. «NADLoC» АҚ, «Самұрық Қазына» қоры, «Маңғыстау мұнайгаз» компаниясы қатысады. Былтыр 75 млрд.теңгенің меморандумына қол қойылса, биыл 85 млрд.теңгенің меморандумы жасалады, – дейді Алмас Айдаров.

8 пайызбен несие беріледі

Президент тапсырмасымен басымдық берілген бизнес субъектілерін қаржыландыру үшін 600 млрд.теңге қосымша бөлінгені мәлім. Бұл басымдық бағыттар біздің аймақтарда шағын және орта бизнестегі ұқсатушы кәсіпорындарға, агрокешенді дамытуға бағытталатыны және белгілі. Бүгінгі таңда аталған қаражаттар екінші деңгейлес банктерге жеткізілген. Онда жеңілдетілген несие үстемақысы 8 пайыз көлемінде. Осы орайда өңірлер өздерінің кәсіпорындарымен тығыз жұмыс жасауы тиіс. Жеңілдетілген несие берілетіндігі туралы ақпаратты жеткізуі керек. Кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қоры бұл бағытта жұмысты бастады. Ірі кәсіпорындарда бұл бағытта жұмыстар бастау алған.

«Алайғырда» 550 жаңа жұмыс орны құрылады

«Алайғырда» құрылыс жұмысы басталған. Негізгі зауыттың қаңқасы тұрғызылған. Қазірі таңда құрал-жабдықтар жеткізілуде. Жұмыстары жоспарға сай.

Аймақ басшысы аталған өндірісте жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуы басты назарда болуын тапсырды. Бұл орайда мамандарды дайындаумен аудан әкімі шұғылдануы тиіс.

 – Келесі жылы жоба аяқталады. Сол уақытта мамандар жергілікті жерден алынуы керек, – деді аймақ басшысы.

 Су тасқынынан қауіп бар

Қарағандыға қар былтырғыдан қалың түскен. Су тасқынына қатысты қауіп сейілмей тұр.

Бірақ, «Қазгидромет» хабарлауынша, ауа райы күндіз плюс, түнде минусты көрсетіп отыр. Бұл ұйымның айтуынша, ауа райы көктемдегі су тасқынын қалыпты жағдайда өткізуге мүмкіндік бермек. Дегенмен, Қарағандыға түскен қар былтырғыдан 80 пайызға артық. Сондықтан, алаң негізсіз емес. Ауа райына сеніп, қарап отыруға мүлдем болмайды.

Аймақ басшысы осы аралықта ешбір әкім мен жергілікті жауапты тұлғалардың іссапарға, сыртқа шығып кетуіне рұқсат берілмейтінін атады.

– Өкінішке орай, ауа райы бір қалыпты болмайды. Жыл сайын болжамдар нақтыланбайды. Сондықтан, сабырға шақырып, арқаны кеңге салудың қажеті жоқ. Проблема бар. Біздің дерегімізше, биылғы жағдай былтырғыдан күрделі болуы мүмкін, – деді Ерлан Жақанұлы.

Қардың күрт еруі 20 наурыздан басталып, 5 сәуірде күшейеді деген болжам бар. Су күтпеген жерден шығуы мүмкін. Сол себепті, төтенше жағдайлар департамантіне сондай оқыс жағдайлар орын алмауы үшін зерттеп, зерделеу, бақылау тапсырылды.

Қарағандыда қырыққабат пен пияз қымбат

– Қырыққабат пен пияз бағасының өсуі маусымға байланысты, – дейді облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров. Қырыққабат – 3 ,7 пайызға, пияз – 24 пайызға қымбаттады. Бұл көкөністердің 90 пайызы импортталуда. Яғни, қырыққабат Өзбекстаннан жеткізілуде. Бағасы 139 теңгеден 160 теңгеге дейін көтерілді.

– Бұл жөнінде біраз жұмыстар атқарылмақшы. Келесі жылы қырыққабаттың егістік көлемі көбейеді. 400 гектардан 500 гектарға дейін артады. Ол жалпы сұраныстың 58 пайызын құрайды. Дегенмен, бұл өнімдер қысқа мерзімді сақтауға байланысты өнімдер. Сол себепті, инфрақұрылымды дамытуы қажет. Осы тұрғыда «Сарыарқа» ӘӘК-мен бірлесіп, кеш пісетін сорттарын алып, 3 айдан 6 айда дейін сақталатын мүмкіндік жасау мәселесін қарастырудамыз, – деді Серік Жаманқұлұлы.

Қырыққабат пен пиязды өз жерімізде өсіруге болады. Әкім орынбасарының айтуынша, алдағы уақытта инновациялық әдісті пайдалана отырып, ұзақмерзімге сақталатын сортын өсіруді Қарағанды меңгермекші.

Пияз бағасы әлеуметтік павильондарда 75 теңгеден саудалануда. «Жетісу агро» ұйымынан пияз жеткізілсе, баға арзандайды деп күтілуде. Сонымен қатар, сәбізді де арзандату жұмыстары қолға алынуда дейді жергілікті билік. Мұның сыртында, макарон өнімдері де қымбаттаған. Бұл орайда шаралар да қарастырылуда.

Халыққа қызмет көрсетудің 10 орталығы ашылады

Халыққа әлеуметтік көмек көрсету бойынша жұмыстарды жандандыру мақсатында Қарағандының әр бөлігінде халыққа қызмет көрсетудің 5 орталығы мен бекеттері ашылады. Сол жерде құжаттар қабылданады. Бұған дейін біреу, орталықта ғана болатын. Енді Майқұдықта, Пришахтинскіде, Оңтүстік-Шығыс бөлігінде құжат қабылдауға жағдайлар жасалады. Сөйтіп, жалпы санын 10-ға жеткізу көзделуде. Облыс әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, соған сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. Базаларға тіркелуде. Штаттар бөлініп, қажетті құралдармен жабдықталып, жұмыс орындары дайындалуда.

 – Елбасы тапсырмасы аясында 11 әлеуметтік шаралар бойынша есеп жүргізілді. Қосымша қаражат бюджетті нақтылау кезінде қарастырылады. Мұны барлық қала, аудан әкімдері біледі. Қазіргі уақықта соған сәйкес мәслихаттардың шешімдері дайындалуда. Сондай-ақ, министрліктердің кейбір ережелерін толықтырып, өзгерту қажеттіліктері туындауда. Мысалы, балабақша бойынша министрлік ережесі бар. Сол ереже бойынша ата-аналардың төлемі тамаққа кететін қаржының 100 пайызын құрау керек. Біз өзіміз айтқан 50 пайыз жеңілдік жасау үшін министрлікпен тиісті жұмыстарды жүргізудеміз, – деді Асхат Аймағамбетов.

Бұдан бөлек, анықтама беру үшін Телеграм, Ватсап номерлері ашыл ған. Осы әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға анықтама, мәліметтер беріліп отырады. Сонымен қатар, қала, аудан әкімдері мобильді топтармен аулаларды аралап жүр.

«Сенім» дүңгіршегі – денсаулық сапасын арттыруға сеп

«Сенім» дүңіршегі арқылы денсаулық саласына пікір білдіре аласыз. Мұндай дүңгіршек барлық медицина мекемелерінде орнатылады. Сол дүңгіршек арқылы тұрғындар өздерінің шағымдарын, өтініш-тілектерін, алғыстарын тікелей бейнекамера арқылы жеткізе алады.

– Денсаулық сақтау саласы бойынша біз жаңа «Сенім» дүңгіршектері жұмысын бастадық. Дүңгіршектер барлық медицина мекемелерінде орналасады. Сол арқылы тұрғындар тікелей эфирге шығып, шағымдарын, наразылығын жеткізеді. Денсаулық сақтау жұмысын жақсартуға бұл септігін тигізеді, – дейді Асхат Қанатұлы.

Сенім телефондары бар. Бірақ, оған әркім жүгіне бермейді. Ал, әр мекемеде тұрған дүңгіршекке барып, кез келген тұрғын бір батырманы басу арқылы тікелей эфирде тілек-арызын айта алады. Бұл – Қазақстан бойынша тұңғыш жоба.

 “Нұрлы жер”: баспанамен кімдер қамтылады?

Жыл басынан бері облыста “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша 729 пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2019 жылы 4,3 мың пәтер тапсырылды. Бүгінгі күні 729 пәтер пайдалануға берілді.

 Биыл республикалық бюджеттен Қарағанды облысында 9 нысанның құрылысына 1,5 млрд.теңге немесе әлеуметтік қорғалмаған топтар үшін 416 пәтер қарастырылған. Осы жылы Саран, Теміртау, Приозерск қалаларында, сондай-ақ Бұқар жырау, Ақтоғай және Шет аудандарында 228 пәтер пайдалануға берілмек.

 «ҚТҚЖБ» («ЖССБК») арқылы несиелендіруге көпбалалы отбасыларға және халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына тұрғын үй сатып алу үшін жылына 2%-дан 159 пәтер алуға 1 млрд.теңге бөлінеді.

“7-20-25” бағдарламасын іске асыру аясында екінші деңгейлес банктерге 2,4 млрд.теңге сомасына 227 өтініш түскен. Оның ішінде, 1,4 млрд. теңге сомасына 125 өтінім мақұлданды (1 126,5 млн. теңгеге 103 өтінім берілді). Осы жылы бағдарлама аясында 1052 пәтерді салу жоспарлануда.

Айта кету керек, 2018 жылы “7-20-25” бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер тек Қарағандыда салынды. Енді құрылыс географиясын кеңейту жоспарланып отыр. Жоспар бойынша Жезқазғанда 150 және Сәтбаевта 18 жаңа пәтер салынуы тиіс.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»