Баған

Тойдан кейін сотта жолықпасақ етті…

Бүгінде екінің бірінің қолында смартфон. Екінің бірі – фотограф, екінің бірі – оператор. Қайда бармасын, қайда жүрмесін ұнатқан дүниесін объективке іліп, әлеуметтік желіге сала қояды. Біреумен кездескенін селфи жасап жеткізеді. Тойға барса, бұрынғыдай фотоға түсумен шектелмей, тікелей эфирге шығуды әдетке айналдырды.

 

Той дегеннен шығады, соңғы кезде тойға барып, көңіл көтеруден қалды жұрт – өзгелердің объективіне ілініп кетуден қорқады. Әрине, әлеужеліге тіркелмегендер үшін бұл көңіл бөлердей проблема емес шығар. Ал, тойларда түсірілген өзінің «ыңғайсыз» суреттері мен бейнежазбаларынан мезі болғандар үшін дабыл қағар мәселеге айналды. Бармасаң – той иесі ренжиді, барсаң – көрінгеннің кадрында жүресің. Өйткені, ерінбегеннің бәрі – «телеоператор».

Әрине, адамның бәрі бірдей емес: базбіреулер ел назарында жүргенді ұнатады, фотоға түсуден қашпайды, олар тіпті суретке сүйкімді болып түсудің тәсілін де меңгерген. Енді біреулер суретке түсуді мүлдем ұнатпайды. Ал, біз оларды суретке түсіруге рұқсат сұрамақ түгілі, онымен түскен суретті әлеуметтік желіге лақ еткіземіз. Этикет, мәдениет деген мәселе осы жерде туындайды. Эгоистік пиғылымызға басып, басқалардың пікірін елемейміз. Бір елемеуге болады, екі елемеуге болады, үшіншісінде сот залынан бір-ақ шығуымыз мүмкін екенін білесіз бе? Иә, заңға салсақ, Азаматтық кодекстің 145-бабын бұзып тұрмыз. Осы бап бойынша басым дауға қалмасын десеңіз, әуелі рұқсат сұрауды үйреніңіз.

Еуропа елдерінде жариялауды айтпағанда, танымайтын адамды сурет пен видеоға түсіру, мәдениетсіздік саналады. Рұқсат алу – міндет. Танысыңызды өзімсініп суретке рұқсатсыз түсіргеннің өзінде, желіде жариялауға міндетті түрде келісімін алуыңыз керек екен. Біз ше, танысымыз тұрмақ, бейтаныстан рұқсат сұрамаймыз. Бұл әдеттен арылмасақ болмайды. Өйтпеген жағдайда, ол адам сіздің үстіңізден полицияға шағымдана алады.

Егер осы қалыппен кете берсек, күндердің күнінде бірбірімізбен сот залында кездеспесімізге кепіл жоқ…

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ,

«Айқын» газетінің шолушысы, журналист.

Басқа материалдар

Back to top button