АймақАқтоғай

Өткенге өлшем, болашаққа бағдар

Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Онда аудан басшысы өңірдің әлеуметтік, экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалысы туралы баяндады. Сонымен қатар, аудан тұрғындарын алаңдатқан бірқатар мәселелерге қатысты пікірін жеткізіп, алдағы жоспарымен бөлісті.

Сурет Ақтоғай ауданының әкімдігінен

Спикердің мәлімдеуінше, өткен жылы аудан бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 333,7 млрд теңгені құраған. Аудан экономикасын дамытудың басты көзі болып табылатын өнеркәсіп саласында өрлеу бар. Өңірдегі 6 орта және шағын деңгейдегі кәсіпорындардың жылдағы көрсеткішінде өнім беру ұлғайған. Өткен жылы осы салада нақты көлем индексі жағынан облыстағы үлесі бойынша Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларынан кейінгі 4 орынға тұрақтаған. Сонымен қатар, 2025-2029 жылдары жалпы құны 60 млрд теңге болатын темір және түсті металл өңдеу, мыс штейн және молибден өндіретін 3 ірі жобаны жүзеге асыру көзделуде. Жоспар бойынша 600-ден астам жұмыс орны ашылмақшы. Бұдан бөлек, алдағы жылдары іске қосылатын 3 жоба («Каскырказган Минерал Ресурс» ЖШС, «BMT Holding Limited» жеке компаниясы, «Ирказ Металл Корпорейшн» ЖШС) жұмысы бастау алмақ. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жүзеге асырылатын жобалардың ішінде «Balqash Resources» ЖШС 1,07 мың тонна мыс штейн, 98,27 мың тонна темір, 1,90 мың тонна қорғасын штейні, 5,17 мың тонна мырыш, 0,17 мың тонна молибден концентраты өнімін өндіруге қуатты екендігін атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауданда даму көрсеткіші өскен. Былтырғы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің жылдық көлемі 39,5 млрд теңге болса, 2025 жылғы бұл көрсеткішті 105,5%-ға ұлғайту жоспарлануда.

– Біз бүгін Ақтоғай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын шығарып, өткенге өлшем, келешекке болжам жасамақпыз. Өндіріс саласынан бөлек, ауданның мал шаруашылығымен ежелден аты шыққан, ата кәсіпті дамытушы өңір ретінде жұртқа жақын таныс.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау көрсетіліп, түліктің саны мен сапасын арттыруға мол мүмкіндік жасалып отыр. 2024 жылы барлығы 299 шаруа қожалығы 322 миллион теңге субсидия алынса, 2025 жылғы жоспар 350 миллион теңгеден асыру жоспарымызда бар.
Шағын кәсіпкерлік те қарқынды дамып келеді. Былтыр 14 әлеуметтік нысан 157,5 миллион теңгеге ашылып, 16 жаңа жұмыс орындары құрылды. 8 жас кәсіпкер аудан әкімінің 5 миллион теңге кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында 10 қатысушы 14,8 миллион теңге мемлекеттік гранттар иеленді. Кәсіпкерлерді қолдау гранттары арқылы ауданға инвестиция тарту жұмыстары биыл да жалғасын табады. Мәселен, 2025 жылы ауданда 7 жаңа әлеуметтік нысан ашатын боламыз. 98,5 миллион теңге қаржы қарастырылып, жаңадан 17 жұмыс орнымен қамту жоспарлануда, – деді Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов.

Абылай Базылұлының айтуынша, тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы жалпы аумағы 10,2 мың шаршы метрді құрайтын 107 пәтерлік 13 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Нәтижесінде 129 пәтердің кілті табысталып, 323 адам баспаналы болған.

Биылғы жылы аудан орталығында жаңа шағын ауданға 12 пәтерлік бір тұрғын үй және қос пәтерлік 20 тұрғын үй құрылысын, сондай-ақ, Сарышаған кентінен 36 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын бастау, Шашубай кентіндегі 70 пәтерлік көпқабатты үйді қайта қалпына келтіру жоспарда бар. Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 9 елдімекенде медициналық нысандардың құрылысы аяқталмақшы. Аудандық маңыздағы Қызыларай және Бектауата жолдарын орташа жөндеуді бастауға 400 млн теңге қаржы қарастырылған. Туризмді дамыту мақсатында жекелеген ауданнан шыққан инвесторлармен екіжақты келісімдер жасау жалғасын таппақ.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button