Өткен тәулікте қар құрсауында қалған он адам құтқарылды
Төтенше жағдайлар департаменті өткен тәулікте Қарағанды облысының жолдарында 10 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді деп хабарлады.

Тұрғындардың кейбірі қар басқан жолдың кесірінен ауруханаға жете алмаса, басқалары ауа райының қолайсыздығынан жолда қалып қойған.
Осакаров ауданы, Садовое ауылдық округінде ауруханаға жатқызуды қажет еткен бір жастағы балаға көліктер жете алмай қалған. Құтқарушылар сәбиді аудандық ауруханаға жеткізді. Сондай-ақ Осакаров-Молодежный тас жолында Молодежный кентінен 30 шақырым жерде «ГАЗель» көлігімен қар құрсауында қалып қойған 2001 жылы туған ер адам төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен ауылға жеткізілді. Ведомствоның мәліметінше, құтқарылған адамға медициналық көмек қажет болмаған.
Бұқар жырау ауданында да жолды қар басып, тұрғындар медициналық мекемеге жете алмай қалған. Құтқарушылар Бұқар жырау және Керней ауылдарынан жолдың тазартылған учаскесінде күтіп тұрған жедел жәрдем көлігіне 3 адамды жеткізді. Эвакуациялау кезінде құтқарушылар қозғалыс бағытын бақылай отырып, спутниктік терминал арқылы көлікке ілесіп жүрді. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Астанаға қарай жол жабылған жердегі бекеттен 5 адамды Теміртау политехникалық колледжінің жатақханасына жеткізді. Олар медициналық көмекті қажет етпеді.
Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті дауылды ескертулерді ескеруді және ауа райының нашарлауы кезінде елді мекеннен шықпауды ұсынады.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.