«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»
Биыл құрылғанына 30 жыл толған түрлі деңгейдегі мәслихаттар тұрғындардың мәселелерімен қатар, өзге де өзекті проблеманы шешуге белсенді атсалысып келеді. Олардың екпінді жұмысының ықпалымен бүгінде қоғам белсенділігі артып, мәслихат депутаттары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, жұртшылық пен билік арасын жалғайды. Бұның барлығы – осыдан дәл отыз жыл бұрын жасалған қадамның, яғни, мәслихаттарды құру шешімінің нәтижесі. Бүгінде депутаттарсыз мемлекетті елестету әсте мүмкін емес. Себебі, жұртқа жақын болып, өзекті мәселелерді шешу – мәслихат депутаттарының басты міндеті. Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдығына орай салтанатты жиын өткізді.
Шараға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, сондай-ақ, Қарағанды қалалық мәслихатының I-VIII сайланған депутаттары, саяси партиялар филиалдарының төрағалары қатысты.
Аймақ басшысы мәслихаттар мен депутаттар рөлінің маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінде мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды элементіне айнала отырып, даму жолына түскен. Біздің бірлескен жұмысымыз аймақтың дамуына ықпал етіп, биліктің тиімді жұмысын қамтамасыз етеді. Қазір мажоритарлық округтерді қайтарған реформа мәслихаттарға дамуға жаңа серпін берді. Бүгінде депутаттар тұрғындардың тікелей дауыс беруімен сайланады және бұл үлкен жауапкершілік жүктейді. Мұның бәрі біздің ортақ мақсатымыз – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуі тиіс. Біз сіздермен бірлесе көп жұмысты атқардық. Бірақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған батыл жоспар мен өршіл міндет тұр. Оның бәрі бірлескен жұмысты қажет етеді, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Жалпы, 1994 жылғы сәуірде мәслихаттар депутаттарының сайлауы өткен болатын. Осы кезден аталған органның тарихы басталды. Бүгінде депутаттық корпустың құрамы әр алуан. Олардың қатарында кәсіпкерлер, ірі кәсіпорындардың басшылары, көлік және байланыс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ғылым, білім және мәдениет қызметкерлері, кәсіподақ қайраткерлері және тағы басқалары бар. Одан бөлек, мәслихат жанында жұмыс істейтін түрлі комиссиялар тағы бар. Бұл дегеніміз – әр салаға қатысты проблеманы көре білетін, түйсіне алатын мәслихат депутаттарына мақсатты түрде жұмыс жасауға мүмкіндік беретінін көруге болады.
Салтанатқа арнайы келген Құдайберген Бексұлтанов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқыды.
– «Қарағанды – дәулеті мен сәулеті жарасқан шежірелі шаһар. Бүгінде Қазақстандағы ең ірі индустриялық мекен. Қай кезде де ел экономикасының драйвері болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағандыға деген ықыласы ерекше. Ол әрдайым өнеркәсіпті қолдап, кеншілер мен металлургтерге қамқорлық танытуда. Қазыналы Қарағанды Мемлекет басшысының «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатының айшықты көрінісі. Қастерлі өлкеміз егемен елімізбен бірге жасай берсін!» делінген хатта.
Құдайберген Бексұлтанов сондай-ақ, бүгінгі жетістіктерге жету жолында аға буынның үлесінің зор екенін атап өтті.
– Қарағанды қаласының мәслихаты өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Бүгінде депутаттың миссиясы ерекше. Халықтың мұң-мұқтажын шешу үшін білімділікпен қатар, жылы жүрек те керек. Өйткені, халықтың өкілі болғаннан кейін үлкен жауапкершілікті сезіне білу маңызды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөз біз үшін қағидаға айналуы тиіс, – деді Құдайберген Бексұлтанов.
Ал, Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов әріптестерін құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Бүгін мұнда барлық сегіз шақырылымның депутаттары жиналды. 30 жыл бұрын Мемлекет басшысы Жарлыққа қол қойып, алғашқы мәслихаттар сайланғаны белгілі. Көпшілігіңіз қалалық мәслихаттан облыстық мәслихатқа өтіп, табысты еңбек етіп келесіздер. Барша депутатқа амандық, тұрғындардың игілігі үшін шығармашылық және жемісті жұмыс тілеймін, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.
30 жыл аралығында талай игілікті іске мұрындық болған депутаттардың алғаусыз қызметі Қарағанды қаласының саяси-экономикалық өміріндегі маңызы жоғары екені сөзсіз.
AMANAT партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков мәслихат депутаттарының 70 пайыздан астамы партия мүшесі екенін айтты.
– AMANAT биліктің партиясы болғандықтан, оның халық алдында алған міндеттері, яғни, сайлауалды бағдарламасын орындауда депутаттар жұмыла еңбек етуде. Сіздер білімдеріңізді, парасаттарыңызды көрсетіп, партиялық жобаларды іске асыруда зор қолдау көрсетіп келесіздер. Билікке үні жетпеген кез келген азамат алдымен депутатты, содан кейін партияны іздейтіні ақиқат. Сондықтан, маңызды мәселелерді шешу жолында сіздердің іскерліктеріңіз ерекше, – деді Бекзат Қомарұлы.
Қарағанды қалалық мәслихаттың төрағасы Алтынтөре Бөкенов болса, 30 жыл ішінде қалалық мәслихат үлкен жолдан өткеніне, тарихы қалыптасып, бай тәжірибесінің жинақталғанына тоқталды.
– Атқарушы және өкілетті биліктің бірлескен жұмысының нәтижесінде қалада тұрақты экономикалық және қоғамдық жағдай сақталуда. Барлық шақырылымдағы депутаттардың міндеті – сайлаушылармен өзара ықпалдасу, қаланың атқарушы билігімен сындарлы қарым-қатынас. Бүгінгі шараға сегіз шақырылымдағы депутаттар қатысып отыр. Олардың еңбегі – сайлаушыларға деген, қаламызға деген атқарылған адал ниет пен парыздың алғаусыз үлгісі. Алаш арысы Әлихан Бөкейхан сөзімен айтсақ, қазаққа қызмет ете берейік, – деді Алтынтөре Жангелдіұлы.
Шара барысында бірқатар депутаттар Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz