Тіл сақталмай, ұлт сақталмайды

Латын әліпбиіне көшу туралы шешім 2017 жылы шыққаны белгілі. Тіл мамандарының айтуынша ол біздің әлемдік кеңістікке еркін қадам басуымызға ықпал етеді.

 

Қарап отырсаңыз, латын әліпбиіне ауысу ана тіліміздің болашағын ойлап, оның қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге, мәртебесін көтеруге мүмкіндік жасау деп түсіну керек. Әйтпесе, әліпби ауыстыруға қарсылық танытқандар да болғаны анық. Әліпбиді ауыстыру ең алдымен тілдік қажеттілік деп түсінуіміз керек. Бұл еліміздің болашағы үшін жасалған маңызды қадам. Бұл бастама жан-жақты ойластырылып, әбден пысықталып, жүзеге асырылды.

Дүние жүзінде бүкіл ақпараттың 70 пайызынан астамы латын әліпбиінде таратылады екен. Демек, біздің мемлекетіміз үшін латын алфавитіне көшудің пайдасы бар. Онымен қоса, латын әліпбиі түркі халықтарының да негізі ортақ жазуына айналып келеді. Айталық, қазіргі кезде 200 миллионға жуық түркітілдес ағайын бар десек, олардың 55,6 пайызы латын, 25 пайызы араб, 17,7 пайызы кирилл таңбасын, аз бөлігі өзге әліпбилерді қолданады екен.

Ғалымдардың айтуынша, әлемде  жеті жарым мыңға жуық тіл болса, осылардың жартысында жазу-сызу болса, олардың үштен бірінен астамы осы латын әліпбиінде көрінеді. Айта кетерлігі, латын әліпбиіндегі халықтардың саны үнемі көбею үстінде. Келесі орында шамамен 20 пайызға жуық мөлшердегі қытай жазуы, онан кейінгі орында араб әліпбиі тұр. Әлемнің ең дамыған 20 елінің 18-і латын әліпбиінде. Жаңа технологиялардың, білім мен ғылымның 70 пайыздан астамы осы әліпбиде жасалады. Әлемдегі ақпараттың таралу көлемі де осындай мөлшерде.

Біз мектеп ұстазы ретінде бұл қадамның ертеңінен үміттіміз. Әлемдік дамудың көшіне ілесу жолында латын әліпбиіне көшуді қолдаймыз әрі оны тілді терең дамытудың жаңа бір драйвері деп ұғамыз.

Әйгерім МАНАЕВА,

Б.Момышұлы атындағы мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

БАЛҚАШ