Жаңалықтар

Ағылшын тілін қазақ әдістемесімен үйрететін тұңғыш кітап жарық көрді

Белгілі журналист, тіл маманы Ернат ҚАШҚЫНОВТЫҢ «Ағылшынша тіл сындыру» атты оқулық кітабы жарық көрді. Бұл – шет тілін қазақ әдістемесі арқылы үйренуге мүмкіндік беретін тұңғыш кітап.

Автордың айтуынша, шет тілін меңгерудің қиындығы жоқ. Бастысы – өзіне өзі талап қою және әдістеменің дұрыс болуы. Осыған дейін ағылшын тілін білудің өзектілігі туралы көп айтылды. Десек те, ол орыс әдістемесі арқылы оқытылды. Ал, орыс тілі мен қазақ тілінің айырмашылығы жер мен көктей.

Ағылшын тілі табиғаты жағынан қазақшаға жақын. Сондықтан, қазақ тілді балаға ағылшынша үйрену еш қиындық туғызбауы керек. Алайда, оқу әдістемесіндегі ақаулықтың кесірінен ағылшын тілі алынбайтын қамалдай көрінгені бар.

  • Он тоғыз жыл ағылшын тілінен сабақ бердім. Осы жылдарда жинақтаған тәжірибем мен тиімділігі дәлелденген әдістемелерді жинақтап, кітап ретінде шығарып отырмын. Әуелде оңай көрінгенімен, жазып шығуға үш жылға тарта уақыт кетті. Алдағы уақытта қазақ әдістемесі арқылы ағылшын тілін үйрету курсын жасауды жоспарлап қойдым. Кітапты жазу барысында Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларында тіл саласында еңбек етіп жүрген қазақ тілді азаматтарға, өзімнің ұстазым Жаңбырбай Қағазбаевқа көрсетіп, пікірлерін ескердім, – дейді Ернат Қашқынов.

Оқулық жеті жастан асқан, тіл үйренуге ниет білдірген барлық оқырманға арналған. Кітапты ынта қойып оқыған жан үш мыңға тарта ағылшын сөзін үйренді.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button