Тиімді жұмыс жемісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс» деген болатын. Осы мақсатта денсаулық саласындағы жұмыстарды жеңілдету және халыққа тиімді көмек көрсету үшін барлық медициналық мекемелерде арнайы сенім дүңгіршектері мен қоғамдық қабылдау орындары ашылады. Жоба тиімді жүзеге асар болса, жемқорлықты жоюдың үлкен тетігі болғалы тұр.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы Денис Шакеновтың және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың қатысуымен өткен кеңесте талқыланды.

Денис Шәкенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері жүргізген сауалнама нәтижелерімен бөлісті.

– Өткен жылы денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық бойынша 5 құқық бұзушылық тіркеліп, екі адам сотталды. Ал, биыл мұндай заң бұзушылықтар байқалмаған. Бұл департаменттің денсаулық сақтау басқармасымен бірлескен жұмысының нәтижесі екені анық. Сонымен қатар, қалалық және аудандық ауруханалардың басшылары «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы аясында жеке жауап беретін болады, – дейді Денис Шәкенов.

Денсаулық сақтау басқармасы заң бөлімінің басшысы Нұрғали Смағұловтың айтуынша, аурухана құжаттары енді кешенді медициналық ақпараттық жүйе арқылы рәсімделеді. Бұл жалған құжаттар рәсімдеуге жол бермейді. Еңбекке жарамсыздық парағындағы немесе анықтамадағы QR-код арқылы құжаттың заңды екеніне көз жеткізуге болады.

«Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасының ғимаратында мамыр айынан бастап пилоттық режимде сенім дүңгіршектері ашылған. Жұмыс күндері кез келген адам келіп, өзінің пікірлерін қағаз нұсқасы және бейнежазба арқылы қалдыра алады. Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында облыстың барлық медициналық мекемелерінде осындай сенім дүңгіршектерін орнату мәселесі қарастырылуда. Күніне 50-ден астам қоңырау қабылдайтын байланыс орталығы бар» дейді Нұрғали Смағұлов.

Кеңесте «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Малика Күсенбаева хабарлағандай, қаладағы перзентханалардың бірінде «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы аясында қоғамдық қабылдау орны ашылған. Келешекте осындай орындар облыстағы барлық медициналық ұйымдарында қызмет ететін болады. Мұнда емделушілер сұрақтарына жауап алып, шағымдарымен жүгіне алады.

 Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, медициналық мекемелердің басшыларының жеке қабылдауларының нәтижелері, барлық сұрақтар мен шағымдарға жауаптар ведомство сайтында жарияланады.

Қасымхан ҒАЛЫМ