Тентекті қалай тыямыз?

Соңғы уақыттарда әлеуметтік желіде тарап жатқан бейнежазбалар бала тәрбиесінің өзекті тақырыпқа айналғанын аңғартты. Әрине, ойын баласы шекіспей тұрмайды. Десек те, Түркістандағы оқиға мен Ақтөбедегі оқушы өлімі және Қарағандыда тіркелген бұзақылық фактілері бұған бейжай қарауға болмайтынын көрсетті. Жұртшылық балалардың қатігезденіп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Бұл оқытушы тәрбиесінің олқылығы ма, әлде ата-ананың салғырттығы ма? Бәлкім, ортаның ықпалы бар шығар. Мәселенің төркініне бойлап көрсек…

Мамандар не дейді?

Қарағанды облыстық полиция департаменті ювеналдық полиция қызметінің аға инспекторы Қайрат Түркешовтің айуынша, 2018 жылы аймағымызда жасөспірімдердің 2016 құқық бұзушылығы тіркелген. Ювеналдық полиция қызметкерлері мектептерді, оқу орындарын аралап, жеткіншектердің құқықтық сауатын ашу, қылмыстың алдын алу бағытында ауқымды шаралар жүргізуде. Алайда, балалардың тәртіп бұзуы толастамай тұр. Мамандардың айтуынша, бұған әлеуметтік желі мен компьютерлік ойындар, көркем фильмдер де өз ықпалын тигізуде.

Қайрат ТҮРКЕШОВ:

 – Компьютерде атыс-шабыс ойындарын ойнап, кинодағы қылмыскерлердің қатігездігін көрген бала соларға еліктейді. Мінезқұлықтарында өзгерістер орын алады. Әрі оларды мұндай қадамға ересектердің әрекеттері де итермелейді. Қазір жұрт құлап жатқан адамға көмек көрсетуге емес, телефонға түсіріп алып, таратып жіберуге асығады. Оны көрген бала не істейді? Қатарластарына көрсеткен әлімжеттігін бейнежазбаға түсіреді, желіге салады. Олар мұның қылмыс екенін, ауыр зардаптарға бастайтынын түсінбеуі де мүмкін.

Дәл осындай пікірді мектеп мұғалімі де айтып отыр. Теміртау қаласындағы орта мектептердің бірінде тәлім беретін Әйгерім есімді педагогті сөзге тартқан едік. Біраз жайттың басы ашылғандай болды.

– Бұл мәселені тек мектепке ғана теліп қою дұрыс емес. Әрине, баланың тұлға болып қалыптасуында мектептің орны ерекше. Бірақ, отбасы институтын естен шығаруға болмайды. Баласын ешкімнен кем қылғысы келмейтін ата-аналар оларды еркіне жіберіп, қалауын орындауды әдетке айналдырып алған. Бала үйдегі еркелігін мектепте де көрсеткісі келеді. Қатаң ескерту жасасаң, ата-анасына шағымданып, соңы шуға ұласып кетуі мүмкін. Амалсыз іштен тынуға мәжбүр болатын кездеріміз бар. Қазақта “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” деген сөз бар ғой. Бір баланың тентектігі өзге үлгілі оқушылардың үлгерімі мен тәртібіне ықпал етпей қоймайды, – дейді мектеп мұғалімі.

ҚарМУ-дың оқытушысы, психолог-маман Салтанат Кеңесбекованың пікірінше, мұндай келеңсіз жайттардың орын алуына елдің басым көпшілігінің санасында құндылықтар ұғымының өзгеріп кетуі ықпал етуде.

– Отбасында балаға тәрбие берілмейді емес, беріледі. Бірақ, қандай тәрбие? Қазіргі жастар тым балажан. Олар әр баласын жалғызындай көреді, айтқанын екі етпейді. Бұл ата-ананың бойындағы «біз көрген қиындықты көрмесін» деген ізгі ниетінен шығып отыр. Алайда, мұндай тәрбие балаға жақсылық әкелмейді. Өйткені, ол бала өмірге бейім емес. Баланың еркелігін ата-анасы көтеруі мүмкін, бірақ, қоғам көтермейді, – дейді психолог.

Балаңыз интернетте не істеп отыр?

Әлеуметтік желінің әлегі демекші, қазір “В контактенің” (Қазақстан аумағында 18 млн. аккаунт тіркелген) дәурені жүріп тұр. Әсіресе, оң-солын тани қоймаған оқушылардың дені осы желіні пайдаланады. PR-маман Ринат Балғабаевтың айтуынша, оқушылардың «В контактеге» үйір болуының бір себебі – бақылаудың болмауы мен тыйым салынған контенттің ашық таратылуы. Құзырлы органдар жыл сайын мониторинг жүргізіп, аса қауіптілерін бұғаттап тастауға тырысуда. Десек те, қауіпті контент тарататын бір парақша жабылса, дәл сондай он парақша қайта ашылады. “В контактеде” отырған оқушылардың криминал фильмдерде кездесетін цитаталарды көп бөлісетінін аңғардық. Бір сөзбен айтқанда “қылмыс романтикасы” осы жерден өріс алатын тәрізді. Оқушылар бөліскен жазбалардың арасында ақидасы күмәнді діни уағыздар да өріп жүр. Дер кезінде тоқтау салып, қажетті шара қабылдамасақ, не боларын ойлаудың өзі қорқынышты…

Отандық нарықтағы фильмдердің дені ”қылмыстық романтиканы” насихаттайды. Әсіресе, “90 жылдардың” елесінен айырыла алмаған солтүстіктегі көршілерімізден келетін кино-өнімдерде қылмыс әлемінің серкелері дүниенің еркесіндей, осы заманның батырындай әспеттеледі. Одан Қазақстанда түсірілген “Рэкетир”, “Районы” тәрізді кинолар да қалыспайды.

Тығырықтан шығар жол қайда?

Күрмеуі қиын мәселенің шешімін қайдан іздеуге болады? Мамандардың пайымдауынша, бала психологиясына компьютерлік ойындар, кинолар мен әлеуметік желі айтарлықтай әсер етеді. Ұстаздың балаға берген тәрбиесі мен білімін кино мен әлеуметтік желі бір-ақ сәтте жоқ қылуға қауқарлы. Енді қайтпек керек, сонда? Үкімет арнаулы заң қабылдап, фильмдерді көрсетуге жас шектеуліктерін бекітті. Одан шыққан нәтиже жоқ, бірақ. Өйткені, жұмысбасты ата-аналар баласының қандай кино көріп, интернетте не істеп жатқанына мән бере қоймайды. Бастысы, жұмыстан шаршап келгенде түрлі сұрақ қойып, мазаларын алмаса болғаны. Ащы да болса, шындық – осы.

Әрине, «балам жаман болсын» дейтін ата-ана жоқ, мына өмірде. Десек те, тәрбиенің бәрін ұстаздың ғана мойына артып қою жеткіліксіз. Өйткені, оның бастауы – отбасы.

Оқушылар арасындағы келеңсіз оқиғалардың жиілеп кетуіне жақында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев та алаңдаушылық білдірді.

– Соңғы кездері әлеуметтік желілерде мектеп оқушыларының жаға жыртысқан видеолары жиілеп кеткенін байқап жүрміз. Елді дүрліктірген сол келеңсіздіктерді көріп, бізден де маза қашты. Өйткені, бұл түске дейін шекісіп, түстен кейін достасып кететін ойын баласының ісі емес. Бұл – қоғамдағы кейбір мәселенің өзегі қайда жатқанын айқын көрсетіп берген дабыл қағарлық жағдай, – деп жазды Мәулен Әшімбаев желідегі парақшасында.

Саясаткердің пікірінше, көкейтесті мәселені шешуге қоғам болып жұмылу қажет. Жасөспірімдердің уақытты тиімді өткізіп, саналы ұрпақ болып жетілуіне қажетті жағдай жасалуы тиіс. Әрі олардың тәрбиесіне мектеп пен ата-ана ғана емес, жергілікті атқарушы билік өкілдері де мүдделі болуы керек.

Нұрлыхан Қалқаманұлы,
«Орталық Қазақстан»