Теміртаулық дәрігерлер науқастарға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілерді жазып берген
Теміртау қаласының прокуратурасы үш жыл бойы денсаулық сақтау ұйымдарының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне тексеріс жүргізді.

– Тексеріс барысында дәрілік заттарды жазып берудің белгіленген нормативтерін асыра орындау, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік заттарды жазып беру, сондай-ақ халықты жан басына шаққандағы қаржыландыруды бұзу фактілері анықталды. Осылайша, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту қағидаларын» бұза отырып, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен азаматтарды ұстаудың 76 фактісі анықталды», – делінген Қарағанды облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, емханалардың 20-дан астам қызметкері тәртіптік жауапкершілікке, екеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Прокуратураның қадағалау актісі бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалы халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі бұзушылықтар үшін 16 миллион теңгеден астам соманы республикалық бюджетке қайтару шараларын қабылдады, – деді прокурорлар.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.