Теміртау экологиясы — әкім назарында

Теміртаудағы қара қар мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Бұл мәселеге қала әкімінің есеп беру кездесуінде тұрғындар тағы да алаңдаушылық танытты. Есеп беруге қатысқан аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК экологиялық жағдайды жақсарту туралы өз ұстанымын жеткізді.

– Мен әрдайым жағдайды қадағалап, әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды бақылап отырамын. Сонымен қатар, бұл мәселені шешуде мен табандылық танытпақпын. Меніңше, Теміртау экологиясына байланысты проблемалардың басым бөлігін біз «АрселорМиттал Теміртау» жоспарында көзделіп отырғандай 2024 жылға дейін созбай, ертерек шешеміз деп ойлаймын. Бүгін, есеп беру кездесуінің алдында, қаланы арнайы аралап шықтым. Ластанған қарды өз көзіммен көрдім. Мен де сіздер сияқты ашулымын, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының 2024-2025 жылға дейінгі экологиялық жағдайын жақсартуға қатысты жоспары бар екенін еске салды. Алайда, аймақ басшысының пікірінше, бұл шаралар жеткіліксіз. “Ал, Теміртаудағы ластанудың 80%-ы металлургия комбинатынан шығады” – деп атап өтті Жеңіс Махмұдұлы.

Қазір облыс билігі, Энергетика министрлігі мен компания әкімшілігі комбинатты табиғи газға көшіру мүмкіндігін талқылауда. Бұл Теміртаудың экологиялық проблемасын түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.