Телқоңыр

Заңы әділет қағидаларына сүйенген мемлекеттің келешегі кемел боларына сенім мол. Ал, тұтас мемлекеттің тағдырына алаңдап, ұлт ұпайын түгендеп жүрерлік, ғұмыр бойы турашылдықты ту етуден талмайтын тұлғалар бар. Олар мамандығы мен лауазымына қарамастан қоғамдағы бірегейлікке риясыз еңбек етумен келеді. Қош. Алда сөз етер кейіпкер, осындай көрнекті, абзал жан – Болат Кенелұлы Сыздықов.

«Ойлану, ойлану, ойлану. Бір тамшыдан жаралған, ертең топыраққа сіңіп кетер тәніңді, қарақан басыңды ғана емес, мыңжылдықтар тезінен өтіп, бүгінге жеткен еліңді, қара қазағыңды ойла да, қарекет қыл», — дейді зерделі зерттеуші 2020 жылы «Ortalyq Qazaqstan» газетіне берген бір сұхбатында.

Көзі қарақты жандар үшін бұл есім көп жайдан хабар берері кәдік. Заңгерлігімен қатар ұстаздық жолын қатар алып жүрген қайраткер тұлғамыз 60 деген асқаралы жасқа аяқ басқан екен.

Қазіргі Ұлытау өңірінің Қаражалында дүние есігін ашып, естияр болған қағілез жігіт, бала шағынан-ақ «терең ойға телміріп» өсті. Оған айғақ — орта білімді Жаңаарқа ауданының Ақтүбек, Байдалы би ауылдарында, Сәтпаев қаласының мектептерінде озат оқушы атанып, оқуын «Алтын медальмен» тәмамдауы. Ғибратты жылдар жалынды жастың жігерін шыңдайды.

1984 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік дипломмен аяқтайды. 1987-1989 жылдары Жезқазған облысының прокуратура органдарында тергеуші, Ақадыр ауданы прокурорының көмекшісі, орынбасарының міндетін атқарушы қызметтерін мүлтіксіз атқарады.

Б.Кенелұлы өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан осы уақыт межесіне дейін Жезқазған қаласының адвокаттығынан ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының өкілі болып қажырлы қызмет етті. 2022 жылдан бері Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қылмыстық құқық, процесс және криминалистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры.

Ресей Қылмыстанымдық Қауымдастығының, Заң ғылымдарының Ресейлік академиясының, Санкт-Петербург Қылмыстанымдық клубының мүшесі. «Жоғарғы оқу орнының 2007 жылғы үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иесі. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Қаламын ғұмырына серік еткен Болат Сыздық баспасөз саласында қазақ құқығының мән-жайы, қылмыстық құқық пен имандылық, қылмыстаным мен қазіргі заңнама терминологиясы сынды толғақты тақырыптарға 300-ге тарта отандық және шетелде жарық көрген жарияланым авторы. 200-ден астам ғылыми-әдістемелік мақала жазды.

Аудандық, аймақтық, республикалық, мәскеулік мерзімді баспасөз беттерінде және түрлі жинақтарда жарияланған 80-ге жуық ғылыми-танымдық, ғылыми-публицистикалық, поэтикалық, тұлғатанымдық жарияланымдар иесі. Қашанда жаңашылдыққа жаны құмар азамат, қай салада еңбек етсе де, тың бастамалар мен жұмысты жүйелі ұйымдастыра білді.

Ол – заңгер, ғалым әрі журналист. Журналистік және ғылымды тұтастыра меңгеруі – табиғатынан дарыған зердесінен жүзеге асқан терең ой еңбегінің жемісі.

Оның заң саласындағы елеулі еңбегі – қылмыстық құқық және қылмыстану; қылмыстық-атқару құқығы мамандығы бойынша «Жұртшылықтың қылмыстылыққа әсер етуге заманалық жағдайда қатысуы» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация қорғағандығы. Ол ұдайы негізде өзі айтқандай «Бидайдың дәнегі мен кебегін айыру – оңай, ақпараттың дәнегі мен кебегін айыру – қиын» қағидатын басшылыққа алып, харекет ететін дегдар жан.

Болат Кенелұлы әрқашан замандастарына көмекке келуге дайын, достықты жоғары бағалайтын және өз ортасына қадірлі, болмысы бекзат, адал азамат қалыбынан айныған емес.

Саяси ұстаным, замана ахуалы және шығармашылық тұлға тағдыры бағытындағы таусылмайтын дау, бітпейтін текетірестер шарпуында Болат Сыздықов тарих, ұлт алдындағы кәсіби борышына адал тұлғалық қалпында бой көрсетіп келеді. Оған дәйек ретінде Қарағанды облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде өңір дамуына олжалы ойларын қосуын атап өткен абзал.

Оның қай зерттеуін қолға алсаңыз да, алдымен қазақ танымы мен әлемі атты қастерлі құндылықты қорғау, құнарландыру парызында ғұмыр кешкен қазақтың қайталанбас дүниетанымы мен тұлғаларының шығармашылық жаратылысын өмірлік негіз етеді. Көбіне ұлттық құндылықтар дегенге енжар, селсоқ қарайтын, ендігі ұрпақ елеп-ескере бермейтін көп рухани құбылысты құнттау мәселесінде біз атаған кейіпкеріміздің ғылымдағы, өмір ортасындағы өз кісілік болмысы бөлек.

Атамекен. Ел мен жер. Туған халқыңның тілі мен мәдениеті, тарихы. Осындай бірегей құндылықтарды әлеуметке әділдік әкелетін заңмен үйлестіре пікір ұсыну, кәдеге жарату үшін қандай болу қажет? Өмірде өзің діттеген игі ниет жүзеге ылғи аса бермейді. Болат Сыздықов қай тақырыпқа сөз қозғаса да, бастауында ұлтын ұлықтап, халқын қадірлеуді алға тартады. Туралықты тәпсірлейді. Сан тараулы тарихын толғап, баба тілінің байыбына барады. Өзі қонған сол биігінен, сол тұғырынан бір қарыс төмендемейді. Оның тұла бойында мысқалдай жасандылық жоқ. Нендей ортада тұрып не айтса да толғанып айтады, дерегі мен дәйегін қатар өріп, жұртшылықты соңына ілестіріп, баурап алады. Пайымы жоғары парасатты іскер жанның қастерлейтін қоғамы мен адамын қадір тұтпау әсте мүмкін емес…

Саясаттанушы Айдос Бәдел «Болат Кенелұлының еңбектері қазіргі заңнама саласының тәпсіріндей ерек дүниелер. Жазу тілі қаракөз қазаққа ұғынықты «былғанбаған», шұрайлы. Ұлт, тәрбие мәселелерінде сергек атпал азамат. Ел біле бермейтін тағы бір қыры салауатты өмір салтын насихаттаушы» деген лайықты бағасын береді.

Өнегелі өмірімен еліне, жеріне абыройлы қызмет етуден жалықпаған жанның бағын ашып, ырысын тасытқан, баянды болашаққа жеткізген халқының ақ батасы екені рас болар. Ендеше, заң мен ғылымның телқоңырына айналған Болат Кенелұлының сәулелі ғұмырына берекелі бақыт тілейміз!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Ortalyq.kz