Техника тілін түсінген
Кен өндіру – жай ғана ауыр еңбек емес, ғылым мен техниканың үндестігінен құрылған күрделі өнер. Осы өнердің тынысын сезініп, күрделі құрылғылардың тілін тапқан мамандардың еңбегі көзге көрінбейді. Бірақ, ел игілігін көріп отыр. Мәселен, Қарағайлы кен байыту фабрикасының алып механизмдері күн сайын сан мыңдаған процеспен жұмыс істеп, жер қойнауындағы байлықты ел игілігіне айналдырып келеді. Осы өндірістің үніне құлақ түріп, әр өлшемнің дұрыстығын қадағалап, жүйенің тынысын дәл басып отырған маманның бірі – жас маман Азамат Қабду. Дәлдік пен біліктілікті қажет ететін салада өзін шыңдап та, көрсетіп те келеді. Осындай жас мамандарды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында ел алдына шығарып, еңбегін көпке үлгі етуді жөн көрдік.

Азамат Мәдиұлының жұмысы бір қарасаңыз, ешқандай қиындығы жоқ секілді көрінеді. Бірақ, шындап келгенде атқарып жатқан еңбегінің қаншалықты зор екеніне көз жеткізуге болады. Өзі аталған фабрикада 2022 жылдан бастап, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика слесарі болып жұмыс істейді. Яғни, фабрика тынысын бақылап, жүйені қадағалап отыру – осы маманның басты міндеті.
Алып фабрикада түрлі бөлімдер бар. Солардың бірі – реагент бөлімі. Мұнда түрлі реагентке толы үлкен бөшкелер қойылған. Бөшке ішіндегі сұйықтық мөлшерін қадағалау үшін автоматтандырылған температура датчигі жұмыс істеп тұр. Егер сұйықтық бір мөлшерден асып кетсе, немесе төмендесе, әлгі құрылғы белгі беріп, процесті автоматты түрде тоқтатып тастайды. Осы есептегіш құрылғының жұмысын қадағалап, сұйықтық мөлшерін бақылау – Азаматтың тікелей міндеті.
– Автоматтандырылған жүйе қол жұмысын азайтады. Әрине, мұнда жұмыс істеу үшін әуелі электрик жүйесінен хабарыңыз болу керек. Өз басым ауылда өскендіктен бе, жан-жақты хабарым болды. Бірақ, осы жұмысқа келгенімде әріптестерім көп нәрсеге үйретті. Жұмыс барысында әр бөлімге барып, құрылғыларды үздіксіз тексереміз. Істен шығып, немесе ескіргендері болса, ауыстырамыз. Бәрі біздің қадағалауымызда, – деді жас маман.
Одан бөлек, фабрикада руданы үгітетін алып диірмендер де жұмыс істеп тұр. Ал, диірмендер маймен жұмыс істейді. Жұмыс тоқтамасын десе, май мөлшері жеткілікті болуы шарт. Сондықтан, май мөлшерін тұрақты қадағалау үшін мамандар мұнда май есептегішін орнатқан. Егер диірменге май жетпесе, автоматтандырылған құрылғы диірменді тоқтатады. Ұнтақтау цехында да температура қойылған. Егер есептегіш қызып кетсе, немесе істен шығып қалса, сол бөлімнің жұмысы тоқтайды. Ал, жұмыс тоқтаса, жоспар орындалмай қалуы бек мүмкін. Ол дегеніңіз қыруар шығын.
– Биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялағанын естігенде қуанып қалдым. Өйткені, бұл – біз сияқты қарапайым еңбек адамдарына көрсетілген құрмет деп білемін. Біздің жұмыс көзге көріне бермейді. Бірақ, фабрикадағы бүкіл процестің дұрыс жүруі тікелей осы салаға байланысты. Мен үшін бұл – жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік. Ел ішінде жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас өзгеріп, жастар арасында да қызығушылық арта түседі. Ең бастысы – әр адам өз ісінің шебері болуға ұмтылуы керек. Мен сол жолда еңбек етіп келемін, – деді Азамат Қабду.
Бүгінгі өндірістің тірегі – жас мамандар. Ал, Азамат Мәдиұлы кәсіп жолында өз орнын тауып, ерінбей еңбек етіп келеді. Күрделі механизмдерді меңгеріп, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеп, өндірістің алдыңғы шебінде жүр. Осындай жас мамандардың арқасында ел экономикасының іргесі бекіп, өндіріс өркендейді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»