Руханият

Театрлар байқауы мәресіне жетті

Қарағандыда мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына орай, көркемөнерпаз театр ұжымдарының облыстық байқауы қорытындыланды.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған руханият шарасы сәуір айында бастау алған. Облысымыздың Абай, Ақтоғай, Жаңаарқа, Қарқаралы, Ұлытау, Шет аудандары мен Қарағанды, Жезқазған, Теміртау және Балқаш қалаларынан 18 театр ұжымдары қатысып, өз өнерлерін жұртшылық назарына ұсынған.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев «қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан Сәкенге арналған театр ұжымдарының байқауы биыл 7-ші рет шымылдығын түрді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында руханиятымыздың дамуына, театр өнерінің алға басуына бірден-бір дәнекер – осы байқау» деді өзінің құттықтау сөзінде.

Сонымен, III дәрежелі дипломдармен Теміртау қалалық мәдениет үйінің «Муравейник» балалар театры, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылының халық театры және Қарағанды қаласының саңырауларға арналған мәдениет үйінің өнерпаздары марапатталды. Ал, II орынды Ұлытау ауданы, Қаракеңгір ауылының халық театры мен Ақтоғай ауданының «Ақтоғай» халық театры иеленді. Жаңаарқа ауданы Серік Ысқақов атындағы халық театры Ерлан Төлеутайдың «Жеңгетай» комедиясын шебер сахналағаны үшін жүлделі I орынды еншіледі. Бас жүлде – Қарқаралы ауданының Атығай Шанин атындағы халық театрының еншісінде. Олар Думан Рамазанның «Қанатталды» драмасының болмыс-бітімін аша біліп, көпшілік көңілінен шығарды. Аталған драма «тар жол тайғақ кешіп» елі үшін шаһит болған Орынбек Бековтің өмірі туралы баяндайды.

Сондай-ақ, «Үздік ер адам ролі» аталымы бойынша, «Дала қыраны» драмасындағы Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтің ролін шебер бейнелегені үшін Егіндібұлақ мәдени-сауық орталығындағы халық театрының әртісі Еркінбек Қорабаев, «Современник» халық театрының әртісі Никита Зинатулин, Ақтоғай ауданындағы «Шалқар» халық театрының әртісі Мәулен Құлымжанов және Қарқаралы ауданындағы М.Рымжанов атындағы «Абыз» халық театрының әртісі Қанат Хордин марапатталды. Ал, «Үздік әйел адам ролі» аталымына Абай ауданының мәдени-сауық орталығындағы «Ақжол» жастар театрының әртісі Динара Жұмағұлова және Тәттімбет ауылындағы халық театрының әртісі Аяулым Тарбақова лайық деп танылды. «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымын Анатолий Крючков жеңіп алды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button