Теңге — теңге болғалы

   Темір таяғымыз тебендей, темір етігіміз теңгедей бола қойған жоқ төл теңге туғалы. Дегенмен, 23 жылда қаржылық саясаттың салқынында қалмай, әлемдік валюталарға азуын ақситып көрсетуге тырысып-ақ келетін теңгеміздің ел тарихындағы орны ерен. Аумалы-төкпелі, экономиканың еңсені езген сол бір жылымық жылда жарқ еткен ұлттық валюта елдіктің бір нышаны еді.

      1992 жылы тамыздың 27-сі күні Ұлттық банк басқармасы теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Бірінші бетінде қазақ халқының әйгілі ұлы тұлғаларының әл Фа­раби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шо­қан, Абайдың бейнелері басыл­ды. Екінші бетінде ою-өрнектер, табиғат көріністері бейнеленіп, Елтаңбамыз салынған. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Ғабжәлеловтер Англияға аттанды.

Ал, 1993 жылдың күзінде Қа­зақстан ТМД елдерінің ең соңында рубль аймағынан шықты. Теңге Ұлыбританияның әлемге әйгілі, әрі ең көне «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын банкноттық фабрикасында басылып шықты. Теңгенің 16-ға жуық құпия қорғаныс белгісі бар. Қазақстан теңгесі қазіргі ақша жасау технологиясының соңғы жетістіктеріне сүйеніп жасалған.

Сөйтіп, дәл осыдан 23 жыл бұрын, яғни, 1993 жылғы 15 қара­шада сағат таңғы 8-ден бастап, Қазақстан Республикасының ау­ма­ғында ұлттық валюта – теңге айналысқа енгізілген болатын. 1993 жылғы 18 қарашада сағат 08:00-ден теңге Қазақстан Рес­публикасындағы бірден-бір заңды төлем құралына айналды. Теңге 100 мыңнан тұрды. Қазақстан Рес­публикасындағы қолдағы ақша банкноттар мен монеталар түрінде айналыста болды. Бұл меншікті ұлттық валютаға көшу Қазақстанға өз дербес ақша-кредит саясатын жүргізу мүмкіндігін берді.

Бакноталардың пайда болуы­мен бір мезгілде Өскемен қала­сында Үлбі металлургия зауытында алғашқы Қазақстан монеталарын шығаруға дайындық басталды. Ал, елді қағаз ақшамен өзі қамтамасыз етуі үшін Алматыда банкнота фабрикасын құру шешілді. Осы жөніндегі шешім 1992 жылы мамырда қабылданды және ҚР Президентінің «ҚР-ның ұлттық мемлекеттік банкінің баспа фабрикасын құру туралы» Жарлығында белгіленді. «Қазақстан теңге сарайы» РМК тіркеу туралы куәлікті 1998 жылы қарашада алды.

1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2, 5, 10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Қазақстан Рес­публикасының 1995 жылғы нау­рыздағы №2155 «Қазақстан Рес­­­публикасының Ұлттық Банкі туралы» Заңының 42-бабына сәйкес, мо­неталар:

инвестициялық монеталар – инвестициялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан дай­ындалған монеталар;

коллекциялық монеталар –коллекциялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан және қымбат емес металдан шектеулі тиражбен дайындалған мерейтойлық, ескерткіш және арнайы соғылған монеталар;

айналыста жүретін монеталар – қымбат емес металдан дайындалған және қолма-қол айна­лымға арналған монеталар болып бөлінді.

Елімізде инвестициялық монеталар «Жібек Жолы» деп аталады, олар 1996 жылы 19 ақпаннан бастап айналысқа шығарылды. ҚР 1995 жылғы 30 наурызда № 2155 Заңына сәйкес ҚР Ұлттық Банкі 2006 жылғы үлгідегі номиналы 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттары айналысқа шықты. Алдыңғы шыққан ақша мен қазіргі шыққан ақшаның арасында айырмашылықтар бар.

Ұлттық валютаның өмірге келуі – елдіктің айбыны, айбары еді. Енді бүгінде Қазақстан валютасын қолдау туралы Халықаралық валюта қорымен, Бүкіл дүниежүзілік, Еуропалық және Азия даму бан­кілерімен, сондай-ақ, әлемнің бір­қатар дамыған елдерінің үкі­меттерімен келісім бар. Мамандар, теңге – ТМД-да ең тұрақты валюталардың бірі болып отыр дейді. Әрі қарай алтын-валю­талық резервтердің өсуімен, эко­номикалық нығаюымен ұлттық, әл­емдік ауқымда да бұдан да бетер ор­нықты болады деп үміттенеді.

Дайындаған

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.