Жаңалықтар

ТАЗА ҚАЛА, ТАЗА АУЫЛ, ТАЗА ДАЛА осылай болса арман бар ма?

Қала, ауыл, сайын далада да қоқыс басты мәселенің бірі болып тұрғаны анық. Энергетика министрлігі 2019 жылдан бастап қоқыс полигондарына пластик, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым салған болатын. Ал, біз болсақ қалдықты арнайы жәшікке тастауды да білмейміз.

Айтқан сөзіміз сенімді болсын. 1990 жылы әскер қатарына шақырылып, Германияда борышымды өтедім. Нойштрелиц деген қаласында. Біздің полк пен қаланы бетон қабырға бөліп тұратын. Сол уақытта екі елдің тазалық мәдениетіне тәнті болдық. Біздің полкта қоқыс шашылып, сарбаздар жинап жүретін. Ал, немістер жақта тап-таза. Не деген мәдениет десеңізші. Бізге енді келіп жатқан сыртында неге арналғанын білдіретін суреттер басылған қоқыс жәшіктері, 30 жылдай бұрын сол елде болды. Әр тұрғын сол қағидатты орындап, бөлек-бөлек ырду-дырду, айқай-шусыз салып жататын. Белгілі бір уақытта қоқыс жинайтын арнайы техника келіп алып кететін.

«Ештен кеш жақсы»

Дегенмен, «Ештен кеш жақсы» деп өзімізді алдаусыратайық. Өйткені, жобалар қолға алынып, қоқыстарды жинау реттеле бастады. Энергетика министрлігі 2019 жылдан бастап қоқыс полигондарына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым салды. Сонымен бірге, 2030 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізуге тиіспіз деді де. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінде Қазақстандағы қоқыс полигондарында 125 млн. тонна тұрмыстық қалдықтар жиналған дегенді оқыдық өткен жылы. Қазақстанда барлығы 210 тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін мекеме бар екен. Олардың барлығында шикізаттың жетіспеушілігінен қызу жұмыс байқалмайды. Неге? Өйткені, біз алдында мысал еткен немістердің отыз жыл бұрынғы тәртібіне әлі жете алмай келеміз. Арнайы жәшіктерге қоқысты бөліп емес, бәрін бірге тоғыта саламыз. Ал, қоқыс полигондарына барған қоқысты сұрыптау үшін қыруар жұмыс күші керек. «Жұмыс күшін тартуға қыруар қаржы кетеді. Яғни, экономикалық тұрғыда бұл – тиімсіз, шығыны көп шаруа саналады» дейді мамандар. Әрине, мемлекет бұл саладағы зауыттарға түрлі жеңілдік береді. Көбі салықтан босатылған. Шығындарын жабу үшін бюджеттен де қаржы бөлінеді. Дегенмен, бізге басқа елдерден үлгі алу кемшін болып тұрғандай.

Басқа елде қалай?

Жапондықтар болса қоқысты іріктеу, реттеу жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарайды. Онда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Мәселен, көк пакетте қағаз қалдықтары болса, жасыл түсті пакетте пластик болады. Егер қоқыстарды шатастырып, әлде аралас тасталса, сол үшін «шатасқан» тұрғын қомақты айыппұл төлейді. Әлемнің көп жерлерінде қоқысты өртеуге тыйым салынған, өйткені тұрмыстық қалдықтардан түрлі улы газдар бөлініп, ауаны ластайды. Қалдықтарды өртеу АҚШ пен Жапонияда рұқсат етілген, бұл елдерде плазмалық газдау әдісі қолданылады. Жапондықтар өртелген қоқыс күлін арнайы құрылғылармен тығыздап, құрылыс заттарын өндіреді, ғимараттар тұрғызып, тіпті, жасанды аралдар салып жатыр. Ал, біз болсақ әлі жалған ұранмен күн кешудеміз.

«Қоқысты тастамаңыз! Табиғатты ластамаңыз!»

Ал, біз болсақ «Қоқысты тастамаңыз! Табиғатты ластамаңыз!» деп ұрандатып шашып кеткен өз заттары мызды, өз қоқысымызды тазалап жүрміз. Өткен жылы еріктілер Бұқар жырау ауданына қарасты Ботақара ауылын тазалады. Қап-қап қоқыс шығарды. Ол туралы жаздық. Мақтанышпен. Әрине, жастардың ынтасы мен тазалыққа құмарлығына тәнті болдық. Экологиялық сенбіліктер өткізуді де қолға алдық. Ол да еріксізден. Өйткені, сайын даламызды қоқыс басқан. 2020 жылдың қыркүйек айында Дүниежүзілік тазалық күнінде Федоров су қоймасында еріктілер, экологиялық белсенділер, қоғам қайраткерлері, кәсіпорын қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер қатысып, жағалауды тазалады. «Сұрыпта, тапсыр, қайта өңде!» деген ұранмен Тихоновкада да қоқыс жинап, оны бірден сұрыптады. Қапқа пластик, шыны, алюминий және аралас қалдықтар бөлек салынды. Содан кейін мұның бәрі қайта өңдеуге жіберілді. Бірақ, сол қоқысты өзіміз шашқанымызға мән бермедік.

Темекі тұқылы да қоқыс

Қазіргі күні қанша адам темекі тартады деген сұраққа жауап табу қиын. Бағасы қымбаттап жатса да темекі бизнесі өршіп тұр. Өйткені, сұраныс жоғары. Ал, осы бір тартып тастар шылымды арнайы қоқыс жәшігіне тастамай, әр жерге лақтыра салу адамның ішкі мәдениетін білдірсе керек. Әрине, қазір заң бар. Бірақ, оны орындау кемшін. Мысалы, әлемдік экологтар мұхиттардағы қалдықтардың басым бөлігі пластикалық заттар ғана емес, темекі тұқылынан да тұрады деп дабыл қақты. «Енді 1 адам күніне 10 тал темекі тартса қанша темекі тұқылы жиналып қалатынын елестете беріңіз. Осы миллиардтаған темекі тұқылының басым бөлігі мұхиттағы қоқыс аралға қосылып жатады. Темекі тұқылының өзі мақтаның иіруге келмейтін қалдығы ацетилцеллюлозадан жасалады. Ал оның негізгі құрамы пластиктен тұрады», – дейді «Cigarette Butt Pollution» жобасының сарапшылары» деп жазады massaget.kz. Темекі шегу денсаулыққа ғана емес, қоршаған ортаға да зиян екенін қашан түсінеміз?!

Туризмді де дамытқымыз келеді. Таза қала, таза ауыл, таза дала, ол, сіз бен біздің бет-бейнеміз екенін түсінетін кез келді. Өйткені, шетелден келген қонақтар тазалыққа қарап та сол елдің мәдениетіне, тұрмысына баға беретінін қаперден шығармауымыз керек!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button