Бас тақырып

Аймақта Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 5 млн теңге біржолғы материалдық көмек көрсетіледі

Қарағанды облысында Жеңіс күніне орай ардагерлерге материалдық көмек көрсетіледі. Биылғы қолдау шаралары өңір бойынша 2,1 мыңнан астам адамды қамтиды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Аппараттық кеңесте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабековтің мәліметінше, қазіргі таңда облыста Ұлы Отан соғысының 6 ардагері тұрады. Олардың бесеуі Қарағанды қаласында, біреуі Осакаров кентінде тұрады. Әрбір майдангерге 5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі.

Тыл еңбеккерлерінің саны – 2029 адам. Олардың әрқайсысына 100 мың теңгеден материалдық көмек көрсетіледі.

Сонымен қатар қолдау шаралары азаматтардың басқа да санаттарын қамтиды:

  • концлагерь тұтқындары мен қоршаудағы Ленинград тұрғындарына – 200 мың теңгеден (33 адам);
  • қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері мен жұбайларына – 50 мың теңгеден (89 адам).

Материалдық көмек сәуір–мамыр айларында кезең-кезеңімен аударылады.

Бұдан бөлек, ардагерлерді шипажай-курорттық емдеумен қамту қарастырылған. Бұл мақсатқа қажетті қаражат жергілікті бюджеттерде толық көлемде көзделген.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button