Тау тұлғалы Тәшенев

Кейінгі кездері «тұлға» сөзінің қоғамдық ортада жиі қолданылуына байланысты түп мағынасы көмескіленіп, жадағай күйге түсті. Шынын айтқанда, тереңдігін жойып алдық десек, асылық емес. Тұлға – белгілі бір кезеңде елі үшін ерекше ерлік жасаған, болмысы тарих таразысына безбенделген, игі істері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық адам. Халықтың басына ауыр күн туған кезеңде ержүректік танытқан, ұлт тағдырының шешуші сәттерінде ақыл-парасаты мен батыл іс-әрекеті нәтижесінде көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген жан ғана тұлға ретінде танылады. Мемлекет үшін маңызы айрықша оқиғалардың бел ортасында болып, айрықша қажыр танытқан азаматтар қай заманда да ұлтымыздың тұғыры биік тұлғасына айналды. Мұндай тау тұлғалар ерте дәуірден ел аузында айтыла келіп, халықтық шығармаларға өзек болды. Аңыз-әңгімелер мен эпикалық жырларда көркем бейнелері сомдалды. «Халық айтса, қалып айтпайды», «Елдің көзі қырағы» екеніне тұлғаларға заман өте келе тарихтың берген әділ бағасы дәлел. Уақыт – төреші. Халқымыз­дың тағдыр-талайында туған жерді қорғаған жаужүрек батыр, елімізді төтеннен келген нәубеттен алып шыққан данышпан, дана тұлғалар аз емес. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары ұрпаққа сөз өнері арқылы өнеге болып қалады.

Қазақ тарихындағы ел мен жер мәселесін қарақан басының амандығынан биік қойған тұлғалардың тұғыры қашанда биік. Келмеске кеткен кеңес дәуіріндегі сондай алып тұлғаның бірі әрі бірегейі – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев.

Кеңестік кезеңде өмір сүрген Жұмабек Тәшенев жайында да аңызға бергісіз әңгімелер ел арасына кеңінен тарады. Тың игеруді сылтауратып, қазақ жерінің солтүстік аймағын бөліп алмақшы болған Хрущевтен тайсалмаған Тәшеневке деген елдің сүйіспеншілігі ерекше болды. Қолына қалам ұстаған ақын-жазушылар да өздерінің шығармаларына өзек етті. Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов ел сүйіктісіне арнаған «Дарабоз туған ер қазақ» деген өлеңінде:

Қазағымның тарихында сұр белең,
Тың игеру деген туды дүрбелең.
Сол жылдарда әйгі болды Тәшенев
«Тың өлкесін» Ресейге бермеген.
Құптамаған Хрущевтің ұранын,
Асыл тұлға кешті өмірдің сынағын.
Үкіметтің басшысы еді,
Қуғындап,
Шымкент етті төмендетіп тұрағын.
Жан болмады кейін әділ байқаған,
Ащы сырды енді ашық айта алам:
Хрущев құрып кетсе-дағы,
Шіркін-ай!
Кейінгілер көтермеді қайтадан.
Ресейден Қырымды алып қинаса,
Белгілі ғой алабүлік тынбаса.
Сол індетке ұрынар ек біз-дағы,
Тәшеневтей қазақта ұл тумаса.
Сыр бермесе кеңестік сұм сойылға,
Өз басы емес,
Ел тұрды оның ойында.
Бурабайда Жекебатыр секілді,
Ұйықтап жатыр Сырдария бойында, – деп жырлады.

Ел арасындағы халық ақындары ке­ңес­тік кезеңнің өзінде Жұмабек Тәшеневтің заман шеңберіне сыймайтын тарихи тұлға болғанын өлеңмен өріп, елге үлгі етті. Мысалы, ақын Жарасбай Нұрқанов:

Сарыарқа сағым ойнап құба белі,
Тағдыры қыл үстінде тұрған еді.
Бір өзі кеудесімен қорғап қалған,
Қазақтың жүрек жұтқан Жұмабегі!
Жігіттер, өлеңмен айт, әуезбен айт,
Алайда, есте болсын мына бір жайт.
Қазақтың ең бір өжет батыры деп,
Әспеттеп айтар болсаң, Тәшеневті айт! – десе, сол шақта құрылған «Елін сүйген ерлер» партиясы басшысының орынбасары болған ақын Мехмет Теміров:

Төнгенде қара бұлт көкті торлап,
Шешкен жан шиелі істі оймен толғап.
Аузынан аждаhаның жұтам деген,
Жан салып, ел мен жерін
қалған қорғап.
Жаралған алып батыр, ердің ері,
Қазақтың асып туған кемеңгері.
Жұмабек «Жан пида!»,
– деп кіріспесе,
Қалар еді қазақ елі соры қайнап, – деп көкке көтере өлең арнады.

Оңтүстіктегі елдің шексіз ықылас-пейіліне бөленген халық ақыны Қаныбек Мейірбеков:

Қазақтың жұлдызындай көгіндегі,
Ардақты ақсақалы төріндегі.
Қайраткер қамал бұзған батырындай,
Ардақты азаматы ең ілгері.
Қорғадың қасиетті халық арын,
Сол еді бар іңкәрлік ынтызарың.
Халқым деп көкірегің қарс айырылды,
Аузыңнан «Ах!» дегенде шықты жалын, – деп жеткізсе, ақын Омарбай Мал­қаров:
Қастерлеп кім сыйламас Жұмабекті,
Ол бір жан туа салған ер келбетті.
Дауылда шыңға қонар қыран қабақ,
Дұшпанға жібермейтін бірде кекті.
Жұмабек жез таңдайлы, ойлы шешен,
Тамсантқан жиындарда қалың көпті.
Ерлігін, білгіштігін елі білер,
Демейді ақ жауындай өтті-кетті, – деген өлең жолдарымен қалың елдің сүйіспеншілігін жеткізеді.

Тәшеневтің туған жері үшін қайтпас қайсарлығы – билік тұтқасын ұстаған қан­дастарға үлгі. Ел арасындағы өнерпаз ақындар мен қаламгерлер мұны жан-жүрегімен сезінді. Шабыттана жырлады, сөздің дәмін келтіріп жазды.

Оңтүстік Қазақстан өңірінде Тәшенев­пен қызметтес болған жазушы Әбжаппар Жылқышиев өзінің «Шындық пен сұмдық» атты кітабында тарихи тұлғаның ішкі болмысы мен кескін-келбетін былайша суреттейді: «Жұмекең ғұлама адам еді. Ел тарихы, өнер мен мәдениет, саясат пен экономика, мәдени құрылыс – осылардың бәрі туралы ең кем дегенде әр саланың ғылым кандидаттарындай мағлұматы болатын. Денесі тұтас еді. Сырт бейнесі батырларға ұқсайтын, қырғи қабақ кісі болатын. Қой көздері тікелей қарағанда кімді болса да жасқандырып тастайтын. Сөйлеген сөзінің анықтығы мен нық айтылуынан бойында қажымас қайрат, жасымас жігер бары айқын сезіліп тұрушы еді. Содан да оған қарсы сөз айтуға ешкімнің батылы жетпейтін.

Жұмекеңнің елге, жерге сіңірген еңбектері туралы айтыла қалса: «Уақыт деген алып бар, тарих деген шежіре бар. Осы екеуі әркімді өз орын-орнына қояды», – деп өзі туралы айтуды ұнатпайтын. Мақтаншақтар мен татымсыздарды жаратпай, ондайлардан іргесін аулақ салатын».

Жұмабек Тәшеневпен үзеңгілес ғұмыр кешкен қаламгердің сөзбен салған бейнесінің шынайылығына күмән жоқ.

Белгілі жазушы Сәбит Досановтың 1998 жылы «Санат» баспасынан жарық көрген «Жиырмасыншы ғасыр» романында ел өміріндегі елеулі оқиғаларды Ақбас бүркіттің көзімен, ой-сезімімен суреттейді. Ерекше көркемдік тәсілмен өрнектелген шығармада өткен ғасырдағы айтулы сәттер қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Ж.Тәшеневтің Хрущевпен тартысы суреттеледі. Әдеби туындыдан үзінді келтірейік:

– Саяси Бюроның шешіміне қарсы шығатын сен кімсің?! Әрі-беріден соң бұл мәселені Қазақстанның келісімінсіз-ақ шешеміз. Совет Одағы тұтас бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру СССР Жоғарғы Кеңесінің құзырында, – деді Хрущев Тәшеневті ала көзімен атып.

– Жоғарғы Кеңес жер мәселесін Одақ­тас Республикалардың келісімінсіз шеше беретін болса, КСРО-ның және Республикалардың Конституциясын жою керек. Конституцияда әр республика өзінің тарихи жерін өз меншігім деп пайдалануға правосы бар деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Никита Сергеевич, алда-жалда сіз заңмен санаспасаңыз, біз халықаралық органдарға, тіпті, Біріккен Ұлттар Ұйымына шағымданамыз.

– Бұл мәселеге кейін қайта ораламыз. Енді бос сөзді қойып, әркім өз жұмысымен айналыссын. Боссыңдар! – деп орнынан тұрды Хрущев.

«Жарты әлемді билеп тұрған көсемнің түрін-ай, – деп іштей мырс еткен Тәшенев допша домалап бара жатқан Хрущевқа қарап, – бұл пақырдың бойы ғана емес, ойы да аласа екен ғой».

Тәшенев Кремльден шыға бергенде Хрущевтің көмекшісі Шевченко ұшырасып қалды. Тәшенев екеуінің көзі түйісе кетті.

– Құдай-ау, мынау көз емес, алмас қой. Қарсы келгенін қағып тастайтын арыс­тан ғой мынау. Іште қайнаған қайраты мына мығым денесін кернеп, жүрегі жалын шашып тұр. Мен тұрмақ, қаһарынан қара жер қалтыраған Хрущевтің өзіне қарсы шыққан хас батыр емес не бұл?! Отызында орда бұзып облыс басқарған, отыз тоғызында қара тасты қақ жарып шыққан шың басындағы шынардай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы болған бүгінде Қазақстанның Үкімет басшысы Тәшенев қазір қылыштай қиып түсер қырық бесте. Бұл осы бетімен кете беретін болса, Қазақстанды былай қойып, Кремльдің төрінен бір-ақ шықпасына кім кепіл? Мына ұлтшыл қазақ бұлай өрлей берсе, орыс­тың өрісі тарылмай ма? Онда Қазақстан бізге майшелпек болудан қалады. Тезірек Кремльге арыз түсіріп, мұның жолын кес­песе болмас. Әй, бірақ оған бас қатырып қайтем, бұл менсіз де орға жығылғалы тұр. Қызғаныш пен күншілдік дерті меңдеген өз қазағы аяқтан бір шалса, өзіне қарсы келгенді қазық қып қақпай тынбайтын Хрущев екі шалады. Сталинді кешірмеген Хрущев мұны кешіре ме? Кешірмесі хақ. Әйтсе де, әліптің артын баққан жөн, – деп ойлады Шевченко.

Кремльден шыға бере Қонаев:

– Енді ұйықтап жарытпаспыз. Біраз жүріп қайтайық, – деді.

– Дұрыс айтасыз. Бүгін жөнді ұйқы бола қоймас. Кремльге «ұйқы беріп, қайғы алып» шықтық қой, – деді Тәшенев.

– Ой, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың ғой. Жарты әлемге әмірін жүргізіп тұрған Хрущевқа қарсы шығу азуы алты қарыс арыстанмен қарусыз құр қол айқасумен бірдей ғой. Жанған отқа жап-жалаңаш қорықпай қалай түстің?

– Жүрек жұтқан батырсың деген сө­зіңмен келіссем де, көзсіз батырсың деген сөзіңді қабылдай алмаймын. Көзсіз ба­тыр­лық – барып тұрған ақымақтық, жүрек жұтқандық – ерлік. Екеуінің айырмасы жер мен көктей.

– Сіздің шалт қимылды шешімділігіңізге, тіпті Саяси Бюроның келісіміне де келіспеген батырлығыңызға тәнтімін.

– Батыр болып, атымды шығарайын деген ойым жоқ. Халқым үшін ажал менен тозаққа да дайынмын!

– Өте жақсы айттыңыз, Жұмабек Ахметович. Сіздің аргументті айтқан дәлелді сөзіңізге жауап қайтара алмаған Хрущев беті қызарып, көзі аларып, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарай берді ғой. Айтудай­-ақ айттыңыз ғой.

– Айтсаң бел кетеді, айтпасаң ел кетеді. Ел кеткенше, бел кетсін дедім.

Жазушы тартысты оқиғаны өте әсерлі бейнелеген. Тарихи сәттің басы-қасында өзі болғандай жеткізеді.

Әдебиеттанушы ғалым, филология ғы­­лымдарының докторы, профессор Құл­­бек Ергөбек «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2021 жылғы 25 қаңтарындағы санында «Қатепті қара нар (Жұмабек Тәшенев туралы толғаныс)» деген көлемді мақала жариялады. Қарымды қаламгер тұғыры биік тұлғаның тарихтағы орнын, өзіне ғана тән болмыс-бітімін жан-жақты ашып берген: «…Баламалы сөзді қолдануын қолданып алып, оның күні ертең бояуы оңып кетерін де анық байқап отыр­мын. Ол бояуды, ол баламалы сөздің орнын «Жұмабек Тәшенев» деген ұғым басып кете баратын болады әлі-ақ. «Жұмабек Тәшенев» десек нар тұлға, асқар биік, асқар шың, қыран жүрек ұғымдары өзінен-өзі көңіліңе ұялай кететін болады. Жұмабек Тәшенев қайраткерліктің өлшеміне айналады. Онымен қанаттас жүрген, қатар қызмет істеген азаматтарды «Неге ғана Тәшенев бола алмады?», «Неге ғана Тәшеневке ең болмаса сүйеніш бола алмады екен?» деп көңілімізді өкінішке алдырып жатармыз-ау сонда. Біз біртіндеп сол ұғымға келе жатырмыз. Бізді ондай түсінік, ондай ұғымға еріксіз жетелеп алып келе жатқан – Жұмабек Тәшеневтің туған халқы тағдыры қысылшаң екіталай халге ұшыраған кезінде басын бәйгеге тігіп, қасқайып қарсы тұра алғаны. Туған халқы үшін отқа түсіп, араша сөзін айта алғаны. Бұлар – Жұмекеңнің кеңестік қыз­метке құл болмай, халық алдында қалаулы перзент – ана сүтін адал емген арда ұл болғанын көрсетеді. Жұмекеңнің туған халқының – қазақ ұлтының алдында перзенттік парызын ақ-адал атқаруы – рухани маңызы зор саяси ерлік! Жұмекеңнің ерлігін айта бастасақ әлгінде ғана қолданған қазақ халқының нар перзентінің бірі деген бағамыз да әлсіз, нәрсіз тартып кетеді. Өйткені, қайраткерлік өлшемге айналар Жұмабек Тәшенев – қазақ халқының қайталанбас қайраткерлерінің бірегейі!».

Сайып келгенде, Ж.Тәшенев туралы ауызша жеткен аңыз-әңгімелер мен ақын-жазушылардың әдеби туындыларында сомдалған қайраткер тұлғаның қайсар бейнесі ғибраты мол рухани азыққа айналды. Ұлт мақтанышының есімі қазір кең-байтақ елімізге кеңінен таныс. Астана, Шымкент, Көкшетау, Петропавл қалаларында көше аттары беріліп, ел ордасында еңселі ескерткіші бой көтерді.

Келемеске кеткен кеңес дәуірінде тоталитарлық жүйеге қарсы жауға жалғыз шапқан ертегідегі батыр бабаларымыздай ерлік жасап, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған тарихи тұлға – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университет өткен жылы ғана еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласында білім іздеген жастарға есігін айқара ашты. Жоғары оқу орны Оңтүстік Қазақстанның Мырзашөл аймағы мен көршілес Өзбекстан жеріндегі қандастардың білікті мамандарға деген сұранысы негізінде ашылып, ширек ғасыр шәкірттерді білім нәрімен сусындатқан Жетісай шаһарында орналасқан «Сырдария» университетінің қоныс аударуы нәтижесінде құрылды. Университет басшылығы заман талабына сай білім берумен қатар, елі мен жерін қорғауды қара басынан биік қойған алып тұлғаның азаматтық болмысын өскелең ұрпақтың бойында қалыптастыруды бас­ты мақсат етеді.

Тау тұлғалы Жұмабек Ахметұлының тегі баспасөз беттерінде бірде «Тәшенов», енді бірде «Тәшенев» деп екі түрлі жазылып жүр. Осы жазбаның өзінде де солай. Қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылығына орай екі түрлі жазылғанымен оқылғанда да, айтылғанда да бірыңғай «Тәшеніп» болады. Бұл – ана тіліміздің өзіндік ерекшелігі. Дегенмен тарихи тұлғаның тегі ресми құжаттар мен баспа беттерінде жазылғанда да бірізді болғаны дұрыс.

Біз осы мәселеге байланысты мемлекет қайраткерінің Шымкент қаласында тұратын немере інісі, ұзақ жылдар білім саласында басшылық қызметтер атқарған зейнеткер ұстаз, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы Бәшен Ұлықбек Мүсінұлымен кездесіп, сұхбаттасқан едік. Ақсақал Жұмабек Ахметұлының тегі төлқұжатында «Тәшенев» деп жазылғанын алға тартып, осы үлгіде қалу керегін айтты. Біз де тау тұлғаның тегі екі түрлі жазылғанын қаламаймыз.

Тарихи тұлғаның өмірі ұрпаққа мәңгі өнеге, Жаңа Қазақстанды құратын жас­тарға үлгі болары анық. Бүгінгідей алма­ғайып заманда, жаһандану қарқын алған кезеңде жеріміздің тұтастығы басты мәселе екені даусыз. Елімізді Жұмабек Тәшеневтің рухы қолдасын!

Амангелді МАМЫТ,
Жұмабек Тәшенев атындағы университеті филология
факультетінің деканы,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.