Тау тұлғаға тағзым
Ботақара кентінің Әлихан Бөкейханов көшесінің басында осы аудан мен облысымыздың дамып, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан марқұм Серік Кәрібайұлы Ағыбаевқа ескерткіш тақта орнатылып, тау тұлғаға тағзым етілді.
Ол осы топырақта туып-өсіп, Қарағанды политехникалық институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын Жезқазған құрылыс техникумында оқытушы болып бастап, 1973-1991 жылдар аралығында бұрынғы Улыянов (қазіргі Бұқар жырау) аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеп, көлік, құрылыс, байланыс, коммуналдық салаларға басшылық етті. Сол жылдарда аудан елді мекендерінде қаншама әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени нысандар, тұрғын үйлер салынып, жолдар төселіп, байланыс және коммуналдық сала да жақсарды. Одан кейін 1994 жылы Серік Кәрібайұлы облыстық мәслихаттың хатшылығына сайланып, сайлаушылардың мүддесін қорғау мен аймақтың өзекті мәселерінің шешілуі үшін бар күш-жігерін жұмсады.
Ел алдындағы сол еңбектері үшін ол “Парасат” ордені және бірнеше медальдармен марапатталып, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы атанды.
Ескерткіш тақтаның да Әлихан Бөкейханов көшесіне қойылуы тегін емес. Өйткені бұл жерде кезінде Ағыбаевтың араласып, ықпал етуімен салынған стадион орналасқан. Сонда орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын:
– Халқына суықта пана, ыстықта сая болған азаматтар болады. Осындай елдің жүгін қара нардай көтеріп, алға сүйреген перзенттерін бүгінгі жас ұрпақ білуі тиіс, – деп атап өтті.
Бұдан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Төкен Арбабаев, тағы да осы атақ иелері Қанағат Жұмашев пен Айткен Айсанов, сол кезде Ботақара кентінің әкімі болған әрі көршісі Виктор Грушко сөйлеп, Серік Ағыбаев туралы естеліктерінде ол жайлы жылы лебіздерін білдірді.
Осы ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан баласы Данияр Серікұлы отбасы атынан бұл істі ұйымдастырып, атқарған адамдарға алғысын айтты.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Суреттерді түсірген Жанұзақ Макишев