Руханият

Тастаяқ шеберлері анықталды

Қарағандыда облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ардагерлер арасында бильярдтан облыстық турнир өтті. Бұл турнир Ұлы Отан соғысына қатысушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қали Аманбаев пен Камали Дүйсембековтің 100 жылдығына арналған. Ашылу салтанатына облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов арнайы қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

СУРЕТТЕ: солдан оңға қарай ардагерлер Ислам Мүсілімов, Аман Жанғожин, Анатолий Бакеев, Сүйіндік Жанысбай.

Турнирге аймақтан 16 ардагер қатысып, финалдық жолдаманы сарапқа салды. Турнирге қатысушылардың қатарында «Тентекская» шахтасының ардагері Ислам Муслимов те бар.

– Ардагерлер арасында өтетін барлық іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Өз басым бильярд турниріне бірінші рет қатысып тұрғаным жоқ. Осындай іс-шаралардың арқасында ардагерлермен басымыз бір қосылып қалады. Бәрінің көңіл күйі тамаша. Турнирді ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын, – деді ол.

«Шахтерская слава» орденінің толық кавалері, Құрметті шахтер Геннадий Чахов та бүгінгі турнирге қатысушылардың қатарында. Ардагеріміз 49 жыл өмірін жер астында өткізген. Жасы 85-ке келсе де, бірде-бір мәрте бильярд турнирін жібермеген.

«Достық» бильярд клубының бір бұ­рышына майдангерлердің суреттері де қойылған.

Қали Аманбаев Қарағанды студиясының ең бірінші директоры. 1942 жылы майданға аттанып, «Орал-Курск» жауынгерлік операциясына қатысады. 1950 жылы әскери қызметін өтегеннен кейін Қарағанды тау-кен техникалық училищесі директорының орынбасары қызметіне тағайындалған. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, КСРО-ның құрметті радиоисті. Екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері. «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» және «Құрмет» орденін кеудесіне таққан. Ал, Камали Дүйсембеков Ұлы Отан соғысының ардагері, әрі Сталиндік шайқастың қатысушысы. «Даңқ» орденінің толық кавалері. Бірінші және екінші дәрежелі «Отан» соғысының, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» орденінің иегері. Бұқар жырау, Жаңаарқа және Шет ауданында лауазымды қызмет атқарды. Сонымен қатар, облыстың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Ерен еңбегі елеусіз қалмай, Қарағанды облысының, Қарағанды қаласының және Шет ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Қос батырдың осы және басқа да қыры жайында жазылған құнды жазбалар да көпшілік назарына ұсынылды.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды көмір өнеркәсібінің ардагері Виктор Фролов иеленді. Ал, ІІ орын қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Анатолий Бакаевке бұйырса, ІІІ орынды ардагер кенші Әсет Торжанов иеленді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz
Сурет ұйымдастырушылардан.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button