Ресми

Ардагерлер өнегесі – өмірлік азық

«Аmanat» партиясы облыстық филиалында облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті. Кеңес құрамына жаңа мүшелер тағайындалып, сондай-ақ, облыстық кеңестің жаңа төрағасын сайлауға қатысты мәселелер қаралды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жиында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов сөз алып, облыстағы ардагерлер кеңесі филиалын 13 жыл басқарған Оралды Төреғожиннің қалтқысыз қызметіне алғыс айтты. Ардагерлер кеңесі бірауыздан еңбек және мемлекеттік қызмет ардагері Ғабит Тұяқовты облыс­тағы ардагерлер кеңесі филиалының төрағасы қызметіне тағайындады.

– Оралды Тұрсынұлы жүріп өткен жол туған еліне, өскен өлкесіне риясыз әрі жауапкершілікпен қызмет етудің жарқын үлгісі. Еселі еңбегіңіз үшін Отанымыздың жоғары наградалары «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталдыңыз. Сізге облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін зор жауапкершілікпен атқарғандығыңыз үшін шынайы алғыс білдіреміз. Өзіңізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз, – деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, Оралды Төреғожинге Алғыс хат табыс­тады.

– Облысымыздың тарихында есімі алтын әріппен жазылған адамдармен және тәуелсіз Қазақстанның даму тарихына үлкен үлес қосқан ардагерлермен бос қосып отырмыз. Ардагерлер ұйымы бірнеше дәуірлерден өткен маңызды тарихы оқиғалардың куәгері және белсенді қатысушысы болған арадагерлерді біріктіреді. Ардагерлер өнегесі – өмірлік азық. Осы жолда кеңес жұмысын белсенді жүргізген Оралды Тұрсынұлына алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта әлі де ілкімді жобалар аясында жұмыс істеуді жалғастырамыз.

Ардагерлер кеңесінің пленумы төрағалыққа Ғабит Шораұлын тағайындады. Сіздің басшылығыңызбен ардагерлер кеңесі аймақтың дамуы жолындағы маңызды жұмыстарды жалғастыратынына сенімдімін. Төрағаның алдағы уақыттағы жұмысына табыс тілейміз, – деді облыс әкімі.

Жиында Парламент депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов ардагерлерге кезектен тыс медициналық көмек көрсетілсе деген ұсынысын білдірді.

– Алдағы уақытта ардагерлерге медициналық көмек көрсету мәселелері жан-жақты қарас­тырылды. Ауруханаға кезектен тыс емделу, білікті медициналық көмек алу мәселелері күн тәртібіне қойылады, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Пленумда Оралды Тұрсын­ұлын әріптестері Алғыс хатпен ма­рапаттады.

– Оралды Тұрсынұлы – Қарқаралы аупарткомының хатшысы, Нұра аткомының төрағасы, облатком төрағасының орынбасары, жер қатынастары басқармасының басшысы және 10 жылдай облыс әкімі аппаратының жетекшісі қызметтерін мінсіз атқарды. 13 жыл бойы облыстық ардагерлер кеңесін ойдағыдай басқарды.

Мемлекеттік жоғары лауазымды қызметтерде жинаған мол тәжірибесін ардагерлер қозғалысын дамытуға сарп етті. Осынау жылдарда облыстық кеңестің даңқын арттырып, абыройын асқақтатты. Ардагерлер кеңесі облыстың барша зейнеткерлерінің ұйытқысы бола білді, – деді еңбек ардагері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Сағадат Дүйсебеков.

Айта кеткен жөн, ардагерлер ұйымы облыстық кеңесті қабылдап алғанда құрамында 180 мың зейнеткер, соның ішінде 817 соғыс ардагері мен 24 мыңнан астам соғыс жылдарындағы тыл еңбеккері бар 9 қалалық, 11 аудандық кеңесті біріктірді.

Үзеңгілестерінің айтуынша, Оралды Төреғожин «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрамында талмай ізденіп, жұмыстың тиімді түрлері мен әдістерін іздестірумен өнеге көрсеткен.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button