Бас тақырыпОблыс әкімі

Тасқынға дайындық пысықталды

Бұқар жырау ауданының Чкалов ауылы – су басу қаупі жоғары аймақ қатарында. Бұл елді мекен облыс және төтенше жағдайлар департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Осыған орай аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК дайындық барысын арнайы барып көрді.

Сурет облыстық ТЖД

– Апта сайын жағдайды бақылап отырмын. Біз метеорологтармен, ТЖ департаментімен тығыз байланыстамыз. Су тасқынына қажетті барлық техника бар, – деді облыс әкімі.

ТЖ департаментінің бастығы Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, қаңтар айында қар нормадан үш есе көп түскен. Осыған байланысты Нұра өзені бассейніндегі ылғал қоры 157%-ға дейін артқан.

– Су тасқынының алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын біз алдын ала жүргізе бастадық. Өткен жылы қауіпті аймақтағы 140 елді мекенде қорғаныс үйінділері тұрғызылып, габиондар орнатылды. Көктемде Самарқанд су қоймасынан секундына 620 текше метр жылдамдықпен су жіберу кезінде үйінділер өз тиімділігін көрсетті. Еріген қар суы елді мекендерге жеткен жоқ, – деді департамент басшысы.

Жеңіс Қасымбек Самарқанд су қоймасының су торабына да барып қайтты. Мұнда су жіберу жұмыстары басталды. Ақпан айының соңына дейін тағы 14 млн. текше метр су сыртқа ағызылады. Бұл ретте су қоймасындағы ылғалдың ең төменгі деңгейі 154 млн. текше метрден төмен болмауы тиіс. Ол Теміртаудағы ЖЭО турбиналарын суыту үшін пайдаланылады.

Қазір «Қазгидромет» мамандары су тасқынына нақты болжам жасау үшін зерттеулер мен өлшеулер жүргізуде.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button