Жаңалықтар

Тарихты ұмытпауымыз керек

Осыдан 80 жыл бұрын қазақтың ұлттық интеллигенциясының өкілдері «Отанға опасыздық жасады» деген жалған айыппен саяси қуғын-сүргін құрбандарына айналды. Тұтқындар лагерлерге қамалды. Жалған айыпталғандарды ғана емес, олардың отбасы мүшелерін де қоғамнан аластату мақсатында сол кезде көптеген лагерлер құрылды. Әсіресе, ағартушылықпен айналысқан қайраткерлердің мұрағаттық мағлұматтары мол еңбектері жойылды. Қазіргі таңда ғалымдардың зерттеу нәтижесіндегі зерттеулердің дүниеге келуі – тарихи сананы жаңғыртып, бүгінгі қоғамды ойға жетелейтін тағылымы зор еңбектерге айналып отыр.

Ел тарихындағы осы уақытқа дейін жабық тақырыпқа айналып келген өзекті мәселе қоғамдық-саяси тарихтан лайықты бағасын алып, жаңа зерттеулерге жол ашуда. Мәселен, сол қоғамдағы ағартушылық мұғалімдер қызметінің маңызды бөлігіне айналды. Сондықтан да болар, ағартушылық әрбір қоғам қайраткерлерінің еңбек жолдарына да ерекше әсер еткен. Халықтың саяси сауатын ашқан мұғалімдердің еңбегі жоғары болды. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұстаздар жайлы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Г.Ахметованың «Репрессированные учителя» («Қуғын-сүргін құрбаны болған ұстаздар») деп аталатын монографиясынан оқуға болады. Қазақстанның әртүрлі өңіріндегі қуғын-сүргінге ұшыраған мұғалімдер туралы мұрағаттық құжаттар кеңінен қамтылған кітапта А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, О.Жандосов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Т.Жүргенов, Е.Бекмаханов, Ә.Ермеков тәрізді көрнекті қайраткерлердің өмірі мен шығармашылығы бар. «Қазақ даласының қуғын-сүргінге ұшыраған белгілі мемлекеттік қайраткерлері» бөлімінде халыққа білім беру жүйесінің мәселелерін өткір түрде көтере алған бірсыпыра қазақ зиялыларының педагогикалық қызметі бар.

Ауқымды мұрағаттық материалдар негізіндегі «Қуғындалған мұғалімдер» деген тарауда Сталин дәуірінде жазықсыз жапа шеккен 50-ден астам мұғалімнің тауқыметті тағдыры баяндалыпты. Әсіресе, қуғындалған ұстаздардың трагедиялық тағдырлары айтылады. Осы жағдаяттарды нақты мұрағат деректерімен өрнектей отырып, ғалым сол замандардағы большевиктер жүзеге асырған саяси қуғын-сүргіннің тарихи себептеріне назар аударады.

1920-1930 жылдардағы мұғалімдерге өздеріне тиісті емес айыптардың тағылуы олардың өскелең ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіне кері әсер етті.

Осы орайда, өңірлерде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлер жайлы мектептерде шаралар жиі ұйымдастырылып тұратынын айта кеткен жөн. Өткен жылы Балқаш қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицей оқушылары саяси қуғынсүргін құрбандары жайлы тарихи шығармаларды, баспасөз ақпарат құралдарын, деректі фильмдерді пайдалана отырып көпшілікке қызықты мағлұматтар ұсынды.

– Тарихқа тағзым жасап, жасампаз тұлғалардың алдында ғұмыр бойы бас иіп өтуге міндеттіміз. Адамзат баласы өз өткенін, тарихын ешқашан ұмытпауы керек. АЛЖИР, Қарлаг, Степлаг тұтқындары мен қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды мәңгі есімізде сақтап, құрметтейміз. Тәуелсіз Қазақстанның арқасында бақытты өмір сүріп жатқанды ұмытпау – ұрпақ парызы, – дейді балқаштық оқушылар.

31 мамыр – халқымыздың тарихындағы салмақты күннің бірі екенін ерте түсінген оқушылар көп. Өйткені, әр үйде ағартушылардың ұрпақтары тұрады. Олар атаулы күнге ерекше ықыласпен көңіл бөліп келеді.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button