Тарихи сана — жастар сөзінде

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Қазақстан – менің Отаным» атты IV республикалық студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сондай-ақ, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы жас зерттеушілердің республикалық құрылтайын ұйымдастырды. Республикалық құрылтай мен конференцияда бас қосқан жас буын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларын талқылады. Ғылыми ізденіс жолында жүрген жастардың 180 мақаласы жинаққа енгізіліп, жарыққа шықты.

«Президенттің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының жариялануы қоғам санасының қайта жаңғыруына зор әсер етті» деген жастар мақалада көтерілген құндылықтарға тоқталды. Көп жұмыстар халқымыздың тарихи жады мен ұлт руханиятының шыңдалуына және әлемдік өркениет кеңістігінен қазақ халқының орны мен ролін анықтауға бағытталса, Елбасы атап көрсеткен ұлттық құндылықтар ғылыми тұрғыдан белгілі бағыттармен сараланды.

Шараны ұйымдастырушы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова жас тарихшыларға арналған жиындардың желтоқсан айында өтуінің мәніне тоқталды. «Алдымен, 1917 жылы қазақ зиялылары Алашорда Үкіметін құрған болатын. Жас тарихшылар осыны білуі тиіс. Сондайақ, шаралар 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақ жастарын еске алу мақсатын да көздейді. Жас буын тарихымыздағы азаттықтың бастауы болған желтоқсаншыларды ұмытпауы керек», – деді Нұрсахан Ахметқызы.

Жастар конференцияда тарихи жадыны жаңғыртудың жолдарын айтса, құрылтайда ұлттық руханиятқа қатысты салмақты ойларын бағамдады. Әсіресе, жас ғалымдардың Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласынан «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан, мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады» деп атағанын назарға алды.

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:

– Шаралар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Жастарды осылай отансүйгіштікке тәрбиелегіміз келеді. Президентіміз «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында тарихи тұлғалар әрі қазақ даласының дәстүрі жөнінде тамаша айтып өтті. Елбасы мақаласында «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтармен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуы тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті. Біз басқа халықтардың ролін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», – деп атап көрсетті. Тарихымызды әрі қарай зерттейтін бүгінгі шараға қатысушы жас ғалымдар. Кезінде Қасым Аманжолов «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» деп жырлаған болатын. Жас буыннан көп үміт күтеміз.

Жастар құрылтайда «Тарихи тұлға және тарих», «Ауылым – алтын бесігім» бағыттарындағы жобаларына мысалды өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостарын алып, қазіргі заманмен байланыстырды. Көшпенділердің бай мұрасын зерделеген жас буынға университеттің тарихшы ғалымдары оң көзқарас танытты.

Астана, Алматы, Арқалық қалаларының жастары және облыстағы мектептер оқушылары жиында жобаларын бейнекөрсетілімдер арқылы таныстырды. Жас ғалымдар тарихи сананы жаңғыртудың тың тетіктері мен бірегей жобаларын жүзеге асырудың жолдарын ұсынды.

Студенттердің жобаларын белгілі тарихшылар саралады. Үздік танылған жұмыстардың авторлары марапатталды. Сондай-ақ, студенттер Долинка кентіндегі «КарЛаг» мұражайына саяхат жасады.

Жастар конференцияда Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекет дамуындағы үлесін тақырыпқа арқау етті. Әлемдік тәжірибедегі модернизация мәселесін ХХІ ғасыр жастарының көзқарасымен жеткізді.

Айта кеткен жөн, Қазақстан халқының бірегейлігі мен қоғамның ішкі бірлігін арттырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан табысты жұмысының нәтижесі ерекше екені белгілі. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысты дамыту мақсатында Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ұжымының бастамасымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттік этносаралық мәдени орталығы ашылады. Болашақта оның жанданып, жастардың тарапынан игі бастамалар мен инновациялық жобалар жүзеге асады.

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.