Облыс әкімдігінде

Тарихи әділдік салтанат құруы тиіс

Сейсенбі күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті. Қатысушылар саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы арнайы зерттеу, қорытынды және ұсынымдар дайындау жөнінде тәжірибемен бөлісті. Өңірлік комиссияның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ саяси қуғын-сүргін құрбандары құжаттарының құпиясын ашу туралы айтты.

– Қарағанды өңірі – жер аударылып, қуғын-сүргінге ұшыраған сан мыңдаған адам паналаған қасиетті өлкенің бірі. Облыс аумағында қасіретке толы КАРЛАГ, Степлаг секілді ГУЛАГ жүйесінің бірнеше ірі лагері болды. Кеңестік солақай саясаттың кесірінен зұлмат жылдары жазықсыз жапа шегіп, Қарағанды өңірінде құрбан болғандарды еске алу, есімдерін ұлықтау жұмыстары түрлі бағыттарда ұйымдастырылып келеді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау және тарихи әділдікті толық қалпына келтіру бағытындағы мемлекеттік әрі өңірлік комиссиялардың қызметі жоғарыда аталған салаларға жаңа серпін береді, – деді облыс әкімінің орынбасары А.Нүкенов.

Өңірлік комиссия жұмыстарының басты мақсаты – белгіленген категориялар бойынша саяси репрессия құрбандары туралы ақпараттарды анықтап, мәліметтер базасын қалыптастыру. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін бұған дейінгі саяси репрессия құрбандары туралы деректер пайдаланылды. Архив құжаттарымен жұмыс істеуде кеңес дәуірінде және тәуелсіздік жылдары ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандары жөнінде мәліметтер алынды.

– Өңірлік комиссия құрамы жобалық кеңсе жіберген нұсқаулыққа сәйкес жаңартылды және саладағы өңіріміздің ғылыми-сарапшылық әлеуеті тартылды. Қазіргі уақытта өңірлік комиссияның үш отырысы, жұмыс топтарының екі отырысы өтті. Жобалық кеңсенің 2021 жылғы маусым айындағы арнайы тапсырмасына сәйкес, бастапқы жұмыс топтарының орнына жаңадан 7 бағыт бойынша жұмыс топтары құрылды, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мұндай мәліметтерді анықтау үшін «Жертвы политического террора СССР» жобасының мәліметтер базасы (https://base.memo.ru/) жасалды.

Бұнда Қарағанды облысы бойынша 4772 саяси қуғын-сүргін құрбандары тіркелген. Оның 2964-і – қазақ.

Қарағанды облысы бойынша 1927-1933 жылдары 1100 қазақ репрессияға ұшыраған. 1928 жылы 27 тамызда ОАК мен Халық Комиссарлар кеңесі байлардың мүлкін тәркілеу және аудару туралы декрет қабылданғаннан кейін жоспар бойынша 1000-1500 байдың мүлкін тәркілеу көзделген. 1928 жылы 419 адам кәмпескеге ұшыраған, ал 1929 жылы 696 адам шаруашылық тәркілеу науқанының құрбаны болған.

Бай-кулактарды тәркілеу науқаны жүргізілген 1928-29 жылдары репрессияға ұшырағандардан тек 25 адам ғана ақталған. Ал, архив құжаттары бойынша Қарқаралы округінен 56 бай шаруашылық тәркіленген. Бұдан бөлек, аталған округтен басқа өңірлерде әлі де ақтауды қажет ететін кәмпескеге ұшыраған байлар мен орта шаруалар бар.

1928-1929 жылдары Қарағанды облысы бойынша саяси репрессия құрбаны болған бай-кулактардың бүгінгі күні ақталғандар тізімінде 11 адам бар.

Саяси репрессия құрбандарына қатысты материалдарды жинақтау барысында жұмыс тобының мүшелері Қарқаралы өңіріне далалық экспедиция ұйымдастырып, бұрынғы Қу ауданына қарасты Егіндібұлақ, Арқалық, Теректі, Айыр, Қызылшілік, Шөптікөл ауылдарының ақсақалдарынан ауызша деректерді жазып алған.

Бүгінде Қарағанды облысының аудандары бойынша мал-мүлкі тәркіленген 26 бай-кулактың тізімі жасалды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button