Тарихи бастама

   Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшуді кезең-кезеңмен жүзеге асыруға басымдық берілген болатын. Осы мақсатта республикамыздың барлық өңірінде насихат топтары еңбек ұжымдарымен, халықпен кездесулер ұйымдастырып, сұхбаттар, дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізуде.

Жақында, латын әліпбиінің мән-маңызы жайында Шахтинск қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сандуғаш Нұрмағанованың басшылығында құрылған насихат тобы дүйсенбі күні жолға шықты.

Алғашқы күні «Тентек» шахтасының кеншілерімен кездесті. Насихат тобының мүшелері жастар ресурстық орталығының өкілі В.Саранчукова және №7 жалпы білім беру мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі М.Сарсекова шахтерларға латын қарпіне көшудің себеп-салдарын, маңызын жеткізді. Мақтагүл Ботайқызы өз сөзінде латын әліпбиіне көшу тілдің әуездігі мен сөйлеу әуенін бір қалыпқа түсіреді әрі кірме сөздердің айтылуында табиғи заңдылықтар сақталады. Ең бастысы, ақпараттық технология заманында жүйелі, ортақ әліпби болады деген пікірді алға тартты. Сонымен қатар, шет тілдерден көптеген сөздер енуіне байланысты қазіргі кезде тілдің заңдылықтары, сөйлеу әуені, сөйлеу әуезі бұзыла бастады. Осыған байланысты, жаңа әліпбиге көшкен кезде тілдің еміле ережелері дұрысталып, қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сәйкес сөйлеуге бет бұрамыз. Сондықтан бір әліпбиде болу-Еуропа халықтарымен бұл өте пайдалы деген ойын жеткізді.

Сонымен қатар, шахта директорының орынбасары Дүйсенбай Ахметов, Қазақстан халқы латын қарпін сонау 1937 жылы қолданғандығын атап өтіп, тұщымды ойларын жеткізді. Семинар барысында кеншілер тарапынан латын әліпбиіне қатысты сауалдар қойылып, оларға толыққанды жауап берілді. Мұндай кездесулер өзге шахталарда да жалғасын тапты.

А.ТҰРЖАНОВ.

ШАХТИНСК қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.