Талап орындалуы тиіс
Өткен демалыста әлемде коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша жаңа рекорд орнатылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бір тәулікте 657 312 адамда вирус анықталған. Сонымен, вирус жұқтырғандардың ұзын саны әлем бойынша 54 миллионнан асып жығылды, 1,3 миллион адам бақилық болды. Біздің де елде COVID-19 жұқтырғандар саны 121 мыңнан асты.
Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сүйенсек, қазіргі таңда республика бойынша 8 882 адам коронавирус инфекциясынан ем алып жатыр. Стационарларда – 2 970 адам, амбулаторлық деңгейде – 5 912 адам емделуде. 203 науқастың жағдайы ауыр болса, 23 адам аса ауыр халде екен және 24 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бір айта кетерлігі, ем алушылардың 464-і балалар.
Ал, денсаулық сақтау вице-министрі – Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың айтуынша, оқу жылы басталғалы бері оқушылар арасында коронавирус инфекциясының 825 анықталған жағдайы тіркелген. Оның 261-і кезекші сыныптарға баратын оқушылар арасында болса, 564-і онлайн оқитын балалар арасында анықталған.
Вирустың белең алуына қарамастан, бастауыш сынып оқушыларымен бірге 5 сынып оқушылары да кешеден бастап мектепке кетті. Әлбетте, бұл жерде бала ата-анасының шешімі бірінші орында. Әуелде айтылғандай, білім беру мекемесіндегі бала саны 300 оқушыдан аспауы керек. Аймақтың бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгиннің айтуынша, ІІ тоқсанда 251 мектеп қалыпты жағдайда жұмыс істейді. Оларда барлығы 6 150 кезекші сынып ашылып, 77 804 оқушы білім алады. Санитарлық талап қатаң сақталады. Эпидемиологиялық ахуал нашарлайтын болса, кезекші сыныптарды бірден жабатындарын ескертті мамандар. Әзірге біз «жасыл аймақтамыз». 15 қарашада жаңадан анықталған 588 адамның 17-сі, сонымен бірге, вирустан жазылып шыққан 301 адамның 13-і Қарағанды облысынан.
Көршілес облыстардағы ахуалды шолып, инфекция жұқтырғандар қатары артып келе жатқанын көреміз. Сондықтан, оның жолын тежеу сақтық талаптарын тиісінше орындау арқылы ғана мүмкін екенін түсінуіміз керек. Сол арқылы ғана инфекцияның таралуын барынша тежейміз.
Коронавирус инфекциясының екінші толқыны мамандардың болжамы бойынша бірқалыпты өтеді. Бірден өршімегенімен, ұзаққа созылуы мүмкін. Қазір адамдар жаз мезгіліндей емес, вирустың барына көздері жетті, сақтық шараларын сақтауға дағдыланды. Ал, дәрігерлер өткен тәжірибеден сабақ алып, коронавирустың жаңа толқынына қамданды. Десек те, тұрғындардың жауапсыздығы да байқалады. Мейрамханалардан, түнгі және караоке клубтарынан қашып шығып жатқан қазақстандықтар туралы ақпаратты интернет кеңістігінен күнде көреміз. Мұны өзің мен жақындарың үшін жауапсыздық деп білген жөн. Біздің аймақта да осындай жайттар кездеседі. Осындай келеңсіздіктердің жолын кесу үшін арнайы құрылған 116 мониторингтік топ санитарлық талаптардың орындалуын қатаң тексереді. Олар биылғы жылдың шілдесінен бастап 16 715 тексеріс ұйымдастырған. Нәтижесінде 1486 құқық бұзушылық фактісі анықталып, 40 миллион теңгеден астам сомаға 1065 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлын төлей саламын ғой дегенімен, денсаулыққа келуі мүмкін зиян ақшамен өлшенбейді. Өзіңізге де жақындарыңызға да өзіңіз жауапты болыңыз.
Жансая ОМАРБЕК.