Ресми

Талғат Хасенов: Сарбаздардың сүйегін жеткізу – парыз

Биыл – Кеңес әскерінің Ауғанстан шекарасынан шығарылғанына 35 жыл. Осыны негізге ала отырып, облыстағы «Ардагер» Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағының төрағасы Талғат Хасеновпен әңгімелескен едік. От-жалынның ортасынан оралғандар ағынан жарылып, ашыла бермейтіні бар ғой. Дегенмен, Талғат Болатұлымен келмеске кеткен сол бір кезеңге барынша көз жүгіртіп өттік.

Сурет кейіпкердің мұрағатынан

– Талғат мырза, сол бір отты жылдарға бірден оралайықшы. Көзбен көріп, бел ортасында жүрдіңіз ғой…

– Әрине, әскерде қызмет етіп жүрген кезімізде майдан даласына топ ете қаларымызды басында білмедік қой. 1985-1987 жылдары Жалалабадтағы №66 бригадада артиллериялық дивизонның көпмақсатты жеңіл брондалған ауыр жүк көлігінде дивизион командирі Маринов, батарея командирі Рябиченко сынды басшылардың жүргізуші-механигі болдым. Дивизия­дағы аса ірі қару-жарақ сапында «Д-30» гаубицалары, 40 ұңғылы «Град» катюшалары бар еді.

– Сіз айтқан соғыс қарулары жаудың иманын үйіреді ғой. Дивизияда мұндай қару-жарағы бар сіздер жауынгерлік әрекеттерге де жиі қатысқан шығарсыздар?

– Өз басым сіз айтып отырған нағыз жауынгерлік әрекеттер деп Шешенстандағы соғыс іс-қимылдарын айтар едім. Ал, біздікін операция деуге болады. Зер салсаңыз, екеуі – екі түрлі. Мен өзім ең ірі деген 25 операцияға қатысыппын. Ұсақ-түйегін есептемегенде. Мұндай жорықтардың өзі 15-20 күнге дейін созылатын еді. Мысалы, мынандай операцияны орындаймыз. Арнайы жасақ немесе барлау взводы мәліметтерін негізге алып, бір қышлак маңындағы таулар мен төбелерге зеңбірек оғын жаудырамыз. Бірақ, артиллерия қолдауы аса қажет. Ешқандай жасақ онсыз жорыққа шыға алмайды. Ауғанстан жері таулы аймақ болғасын, зеңбірек пен катюшалар көмегі ауадай қажет. Мұндай операциялар тіпті, түнде де жалғасып жатушы еді. Қазір қарап отырсақ, көрген түстей.

– Осынау соғысқа өңірімізден бас-аяғы 2000 сарбаз аттанып, оның 86-сы шейіт кетті деген дерек айтылып жүр. Осы цифр шындыққа жанаса ма?

– Иә, облысымыздан 2000 сарбаз аттанғаны рас. Ал, шейіт кеткен 86-ның 82-сі – мерзімді әскери борышын өтеп жүргендер. Әскери қызметтен тыс 4 азаматтық тұлға да бар. Ауғанстан соғысына қатысқан қаһармандар турасында «Боздақтар» кітабы жарыққа шыққан еді. Сол кітапта да 86 жауынгердің аты аталады. Мұнымен қоса, есімі Қарағандыдағы Жеңіс саябағы мемориалында қашаулы тұр. Жыл сайын 15 ақпанда аталған мемориал алдында жиналып, тағзым етеміз.

– Әсіресе, осы бір күні қан майдандағы күндер еске оралатын болар?

– Оныңыз рас. Күнімізбен қоса арпалыспен өткен түніміз де еске түседі. Ауғанстан аумағына келгеніме 4 ай өтер-өтпес уақытта алғаш рет ажалмен бетпе-бет келген кезім есімнен кетпейді. Түннің бір уағында ұзын-сонар автоколонна жолға шықты. Бір мезетте, гранатомет гүрс ете қалды. Көзді ашып-жұмғанша граната алдымызда келе жатқан «ЗИЛ-131» автокөлігінің кабинасына тиіп, күлін көкке ұшырды. Марқұм жүргізушісі жетімдер үйінде өскен жігіт еді. Отқа оранған көлік күні бүгінге дейін көз алдымда қалып қойды.

– От кешкен өңірді қайта бір көруге келісер ме едіңіз?

– Былтыр 15 желтоқсанда Ауғанстан елшілерімен кездесу өткіздік. Бір жарым сағат бойы біз мынандай маңызды мәселені қарастырдық. Сол жақта көз жұмған сарбаздардың сүйегін тауып, елге жеткізу. Екі жыл бойы осы іске қатысты құжаттар жинаумен жүгірдік. Осы мақсатпен Ауған топырағын қайта басуға ниеттімін. Кабул қаласына дейін бармақпыз. Біздің ең үлкен парызымыз осы болмақ!

– Шынымен де, мұныңыз игілікті іс болмақ екен. Сәтімен жүзеге ассын. Әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button