АймақБалқаш

Таңсыққа толы мұражай түні

18 мамыр – халықаралық музей күніне орай Балқаш тарихи-өлкетану музейінде «Мұражай түні – 2023» акциясы ұйымдастырылды. Мұндай шараны көп жылдан бері өткізіп келе жатқан ұжым бұл жолы балғындар мен ардагерлерге көбірек көңіл бөлуді ұйғарыпты. Шара барысында көне жәдігерлер мен ырым-тыйымдар жайлы мектеп оқушылары мен ардагерлер арасында танымдық ойындар өткізіліп, экспозиция залдарына саяхат жасалды.

Биылғы мерекенің басты ерекшелігі – бағдарламада мұражай экспозициясы бойынша экскурсиядан бөлек, Балқаш шеберлерінің шебер-фест-жәрмеңкесі, сәндік-қолданбалы өнер және қолдан жасалған бұйымдар бойынша шеберлік сабақтары, «Музей заттарының құпия­сы» квест-ойындары, «Музей білгірлері» өлкетану викторинасы, жұмбақтар мен жаңылтпаш, ұлттық ойындар Қоян жылымен байланыс­тырылған. Балқаш тарихи-өлкетану музейі директорының міндетін атқарушы Дәулет Қожақовтың айтуынша, басты мақсат – халыққа рухани азық беру, тамырын тереңге тартқан тарихымыздан сыр шерту, жастарды ізденімпаздыққа баулу.

– Біз «Мұражай түні» арқылы адамдарды музей тынысымен таныс­тырып, танымын арттырып жүрміз. Музей – жәдігерлер мен деректерді сақтап қана қоймай, тұрғындарға таныстыруы қажет. Шара аясында көрермендер барлық жәдігерлерді тегін тамашалайды. Мұражай ашылғалы «Қазақтың халық аспаптары» экспозициясы әртүрлі саз аспаптарының макетімен толықтырылды. «Өлкенің жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемі» залында Балқаш өңірінің флорасы мен фаунасы қойылған. Ең қызықты зал – археология залы, онда пештің макеті, петроглифтер, тасмүсіндер тағы басқа құралдар қойылған. 40 мыңнан аса экспонаттық қор бар. Бұл көрме көрермендердің қатарын одан әрі көбейту үшін жұмыс істейтін болады, – дейді Дәулет Қожақов.

Музей басшысының айтуынша, бүгінгі күнде халықтың рухани әлемі, мәдени деңгейі даму үстінде. Бір қуантарлығы, бірер жыл бұрын мектеп оқушылары мен студенттер музейге үлкендердің мәжбүрлеуімен келсе, қазір әрбір отбасы өз қалауымен келіп, қызыға аралайды екен.

Байқағанымыздай балқаштық қолөнер шеберлері бұл шарадан тыс қалмапты. Сәндік-қолданбалы өнер шебері, қазақтың ұлттық қолөнерін жаңғыртып келе жатқан жас шебер Жангүл Саятқызы да қолынан шыққан бұйымдарды айтулы шараға ала келіпті.

– Түрлі оюлармен өрнектелген құрақ көрпеше, жастық, қолтық жастық, көрпе, балаларға арналған сумкалар, т.б. заттарды осы акцияға алып келдім. Қолөнермен айналысқаныма төрт жыл болды. Осы уақыт ішінде ұлттық өнерді насихаттап келемін. Бұйымдарды тамашалап жатқан көрермендер қызығып, сатып алуда, – дейді Жангүл Саятқызы.

Шежіремізден сыр шертіп, кешегіміз бен бүгінімізді сабақтастырып келе жатқан мұражай ұжымы шеберлік сабақтарын да өткізді. Арай Ахметова, Асыл Серікқызы бастаған қызметкерлер бұрын-соңды ешкім көрмеген эксклюзив жәдігерлерді келушілер назарына ұсынды. Сонымен қатар, көрермендерге түрлі сайыстарға қатысуға мүмкіндік берді.

Мұражайға келушілердің пікі­рінше, қызықты шараның тәрбиелік мәні зор. Оқушыларды туған жерді сүйіп, құрметтеуге жетелейді. Ел тарихынан сыр шертетін мәліметтерге қызығушылықты арттырады. Көрер­мендер мұндай іс жалғасын тапса деген ниетпен тарқасты.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button