Тағлымды тәрбие отбасыдан басталады

Қарағанды қаласының дін істері және конфессияаралық қатынастар секторының инспекторы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің жатақханасында студенттермен кездесіп, «Деструктивті идеологияға қарсы иммунитет отбасында қалыптастады» тақырыбында дискуссиялық алаң ұйымдастырды. Мақсат – студент жастардың жат ағымның жетегінде кетпей, діни сауатты азамат болып қалыптасуына ықпал ету.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ даналығы. Ұлы Даланың төскейінде еркін жайлап өскен дана халқымыз отбасы институтының бала тәрбиесіндегі рөлін осы бір жалғыз ауыз сөзбен ғана дәл жеткізе білген. Расымен де, отбасы – адам жанының тыныштығы мен жайлы мекені ғана емес, қоғамның да басты негізі. Оны түсіну үшін том-том кітаптарды ақтарып, түрлі ғалымдардың тұжырымдарын оқудың қажеті жоқ.Бар болғаны айналамызға зер салып, өзімізді қоршаған жандардың іс-әрекетіне зер салсаңыз жетіп жатыр. Қоғам ешқашан бір текті болмайды. Ол адамдардың жиындығы. Ал, әр адам өз алдына жеке тұлға. Оның тәрбиесі, мәдениеті мен білімі өзгелерден ерекше болуы мүмкін. Жат пиғылымен, қоғамға зиянды әрекетімен көзге түскен адамның іс-әрекет түсіну үшін оның балалық шағына зер салсаңыз жетіп жатыр. Бәріне кінәлі сол, бала тәрбиесінде жіберілген кемшілік. Кейбір ата-аналар баласын бетінен қақпай, тым еркін жіберуі мүмкін. Немесе, асқан қаталдық танытып, қатігез етіп шығарады. Бұл дұрыс емес. Өйткені, баланың жаны нәзік. Ол өз өмірінде орын алып жатқан дүниелердің барлығына асқан сезімталдықпен қарайды, жанына жақын қабылдайды. Өсе келе соған сай әрекет етеді.

Дін атын жамылған жат пиғылды жандардың соңына еріп, адасқан ағымның жетегінде кеткен жандар туралы жиі айтамыз ғой. Олар кімдер? Неге өздерінің үйреншікті тұрмысынан баз кешіп, өзге біреулердің алдауына түсіп қалды? Бәлкім, білімі таяз болған шығар? Жоқ. Адасқандардың арасында жоғары білімді, тәрбиелі азаматтар да бар. Бар мәселе, оның діни сауатсыз болуында жатыр. Иә, ғылым мен білімнің тілін игергенімен, рухани байлықтан мақұрым қалған. әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың хас жауы» деп бекерге айтпаған. Рухани кеңістігі бос қалған адам қолында бардың бәрін бір сәтте жоқ қылып, тура жолдан тайқып кетуі мүмкін. Ал, мұның алдын алудың жалғыз жолы – отбасындағы тәлім-тәрбиенің маңызын жастарға түсіндіру және насихаттау.

Әрбір отбасының қалыптасқан әдет-ғұрпы, ата дәстүрі болады. Сонымен бріге жалпы қазақ отбасына ортақ дәстүрлер де бар. Оларды атап өтсек мыналар: жасы кішілер үлкендердің атын атамай, ата-әже, әпке ,аға, әке деп сыйлап қарым-қатынас жасауы, сондай-ақ жасы кішілер үлкендердің, әсіресе қариялардың алдын кесіп өтпеуі, отбасы мүшелерің бірін-бірі ренжітпеуі, әрқайсысының шама шарқынша іс атқаруы. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, мейірімділік сияқты қасиеттер-жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді.

Қарағанды қаласының дін істері және конфессияаралық қатынастар секторының инспекторы ұйымдастырған дискуссиялы алаңда отбасы құндылығына қатысты дүниелер талқыға салынды. Жастар жағы дін саласына қатысты өздерін мазалап жүрген мәселелерді ортаға салып, кәсіби маманның пікіріне құлақ түрді. Еркін форматта өткен жиынның жастар тәрбиесіне елеулі үлес қосқаны анық. Әрі мұндай ақпараттық сипаттағы жиынның көптеп ұйымдастырылуы жастар арасындағы адасушылықың алдын алуға өз септігін тигізеді.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ