Сезім мен сырға толы жыр-ғұмыр
Теміртау Мәдениет сарайында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Руза Алдашеваның 60 жасқа толуына арналған «Қаңтарда қауыз жарған гүл» атты шығармашылық кеш дүркіреп өтті. Айтулы мерейтойлық кеш тұтас бір дәуірдің, қазақ поэзиясының мөлдір бұлағындай ағып жатқан сырлы әлемнің салтанаты болды.

Алдымен, Мәдениет сарайының фойесінде ұйымдастырылған кітап көрмесі ақын шығармашылығының кезең-кезеңінен сыр шертсе, қолөнер көрмесі ұлттық рухтың бояуын қанықтай түсті.
Сахна шымылдығы ашылған сәтте көрермен «Отанға оралу» атты пролог арқылы поэзияның биік рухына бірден еніп кетті. Қойылым барысында «Армысың, Атамекен!», «Отан», «Отан-Ана», «Тілім – туым», «Қарағандым», «Сары қыз және Сарыарқа» өлеңдері оқылып, «Руза қыз» әні шырқалды.
Руза Алдашева шығармашылығы қазақ поэзиясының ірі өкілдері Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Ақұштап Бақтыгереева қалыптастырған дәстүрдің заңды жалғасы ретінде бағаланып, көрерменді ақын әлеміне жетелей түсті.
Алаштың аяулы ақын қызы Руза Алдашева кешті «Ұрпағымын Алаштың…» атты өлеңін оқып ашты.
Кеш барысында Ақселеу Сейдімбек, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай сынды көрнекті тұлғалардың шайыр шығармашылығы туралы пікірі ақын еңбегінің биік деңгейде мойындалғанын аңғартты.
Ақын өмірінің бір ауқымды кезеңі Теміртаумен тығыз байланысты. Бұл тақырып кеште кеңінен қозғалды. Рухани ұстазы, ақын Қасым Ботанов туралы естеліктер, оның өлеңінің оқылуы рухани сабақтастықтың белгісіндей еді.

Кеш барысында ақын Руза Алдашеваның сөзіне жазылған бірқатар ән орындалды.
Әсіресе, композитор Әкім Ысқақтың «Сен келмедің» әні көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Бұл әннің тарихы да тартымды. 1985 жылы компазитор Руза ақынның өлеңін «Жалын» журналынан оқып, жүрекпен сезініп, әнге айналдырған.
Кештің ең маңызды сәтінің бірі – «Жеткізбей жүрген құштарлық» кітабының тұсаукесері болды. Бұл – ақынның шығармашылық жолындағы жаңа белес, жаңа тыныс.
Кітаптың тұсауын кескен ақынға әдебиеттен сабақ беріп, өнерге баулыған ұстазы Орынбасар Ембергенов, рухани бауыры, Алматыдан арнайы келген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ахмет Өмірзақ, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, ақын Жанат Жаңқашұлы кеш иесінің еңбегіне жоғары баға беріп, ыстық лебізін ақтарды.
– «Жеткізбей жүрген құштарлық» деп атауымның себебі – ол менің балалық шақтан бастау алған ішкі әлеміммен, қиялыммен, арманыммен тікелей байланысты. Бұл әр адамның жүрегінде үздіксіз туып отыратын рухани құштарлық, туған жерге, ата-анаға, елге деген махаббат, адам бойындағы мөлдір сезімдер мен сарғайған сағыныштың жиынтығы. Осы сезімдердің бәрін өлең арқылы жеткізу – менің ең үлкен шығармашылық құштарлығым, – деді Руза Алдашева.
Сонымен қатар, түрлі тақырыпта оқылған өлеңдері көрерменді баурап алды.
Ақынның курстас досы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жәйдегүл Әбдіжәділқызы арнайы бейнеқұттықтау жолдап, студенттік жылдардағы жарқын естеліктерімен бөлісті.
Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Сержан Мұсайын Руза Алдашеваға Алғыс хат табыстап, қаржылай сертификат ұсынса, Теміртау қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Марал Тоқсақова құттықтау сөз сөйлеп, қала әкімінің атынан Құрмет грамотасын ұсынып, қаржылай сертификат табыс етті. Ал, облыстық мәслихат депутаты, әнші Меруеш Башай облыстық «Аманат» партиясы төрағасы Бекзат Алтынбековтің Алғыс хатын табыстады. Ақынды облыстық «Ақ жол» партиясының өкілдері де құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



