Таңдау жасауға кедергі жоқ
Қарағанды облысында Құрылтай сайлау учаскелерінің барлығы ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау үшін толықтай бейімделген. Өңірде осындай санаттағы 6245 сайлаушы тіркелген.

Қолжетімді ортаны қалыптастыру бағытындағы тәжірибе қаладағы №16 сайлау учаскесінде кеңінен көрсетілуде. Аталған учаске модульдік оқу орталығы ретінде жұмыс істейді.

Учаскеде мүгедектер арбасымен келген сайлаушыларға арналған арнайы дауыс беру кабинасы қарастырылған. Ғимарат ішінде қозғалыс бағытын көрсететін навигациялық белгілер орнатылып, дыбыстық ақпарат таратуға арналған құралдар да қарастырылған.

Ал, есту қабілеті төмен азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін индукциялық жүйе орнатылған. Дыбысты күшейтетін бұл құрылғы есту аппаратымен жұптасып жұмыс істейді. Соның арқасында ерекше қажеттілігі бар сайлаушылардың сайлау комиссиясы мүшелерімен еркін әрі ыңғайлы қарым-қатынас жасауына мүмкіндік бар.

– Біздің басты мақсатымыз – әрбір азаматтың, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар адамдардың да сайлау құқығын еш кедергісіз жүзеге асыруына жағдай жасау. Сондықтан учаскеде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша қолайлы орта қалыптастырдық. Кіреберістен бастап дауыс беру кабинасына дейін қажетті жағдайлардың барлығы қарастырылған. Арба пайдаланатын азаматтарға арналған арнайы көтергіш құрылғы, көру қабілеті төмен сайлаушыларға тактильді бағыттағыштар, Брайль қарпімен жазылған ақпараттар, ал есту қабілеті бұзылған азаматтарға индукциялық жүйе бар. Дауыс беру құпиясының сақталуына да ерекше мән береміз. Біз үшін бұл тек заң талабын орындау емес, әр адамның таңдауын құрметтеу және баршаға тең мүмкіндік беру,– деді №16 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Салтанат Макаева.

Мұндай инфрақұрылым дауыс беру процесін барынша қолжетімді етіп қана қоймай,

әр азаматтың сайлау құқығын еш кедергісіз жүзеге асыруына жағдай жасайды.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
Ortalyq.kz



