Жаңалықтар

Тұжырымдама құндылықты ту етеді

Аймақта Наурызды тойлаудың тұжырымдамасына сәйкес мереке аясындағы іс-шаралар жалғасуда. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде айтылды.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

– Наурыз мейрамы әр күннің идеологиялық және тақырыптық мазмұнымен жаңартылған форматта өтеді. Осы орайда аймақтың қала, аудандарында 1 100-ден астам іс-шара жоспарланған.
Мерекелеу 14 наурызда – Амал күнінен басталды. Осы күні облыстың қала, аудандарының мәдениет үйлерінде театрландырылған қойылымдар, өңірдің танымал тұлғаларының құттықтаулары ұйымдастырылды. Мерекеде кәсіпкерлік желісі бойынша сауда орындарында сатылымдар мен жеңілдіктер ұйымдастыра отырып, «Наурыз-базарлық» акциясы іске қосылды.
Наурыз онкүндігі аясындағы Қайырымдылық күні аймақта халықтың әлеуметтік осал топтарына, тұрғын үй кезегінде тұрғандарға және жетім балаларға пәтер кілттері тапсырылды. Атап айтсақ, Саран қаласында 110 пәтердің кілті табысталды. Алдағы уақытта Бұқар жырау ауданының Доскей ауылындағы 60 отбасы және 21-ші наурызда Нұра ауданында 24 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болады. Сонымен қатар, өңірдегі қарттар үйі, дағдарыс орталықтары, балаларға арналған мекемелерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға базарлық сыйлықтары тапсырылады, – деп атап өтті ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Сөз алған мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов мерекенің басты шарасы Орталық мәдениет және демалыс саябағының жағасында, театр әртістерінің, хореографиялық ұжымдардың және көркемөнерпаздардың қатысуымен өтетін «Арқадағы әз Наурыз» театрландырылған қойылымы екенін атады.

– Қойылым аясында дәстүрлерді, музыканы және заманауи сахна өнерін біріктіретін, мерекенің мәнін ашатын ұлттық үлгідегі 4 блоктағы спектакль-интро қызықты шоу өтеді, – деді Еркебұлан Жұмакенов.

Мерекеде сондай-ақ, қала бойынша екі «Наурыз керуені» автобусы жүреді.

– Жастар мен шығармашылық ұжымдар қала тұрғындарының алдында ұлттық киіммен өнер көрсетеді. Қала бойынша 41 киіз үй тігіледі. «Ұлыстың ұлы күні», «Наурыз – берекем!», «Ұлы дала мейрамы» театрландырылған қойылымдар мен мерекелік сауда ұйымдастырылады. Осы күндері «Жастар» спорт кешенінде гір спорты, арқан тарту, тоғызқұмалақ, асық ату, армрестлинг және қазақша күрес бойынша жарыстар өтеді. Ұлттық қазақ күресі «Түйе палуан» сайысының жүлде қоры – 2 000 000 теңге.
Қала жастары мен еріктілерінің қатысуымен өткен шаралар аяқталғаннан кейін өткізілген аумақтарды тазарту бойынша «Тазалайк» экологиялық акциясы өтеді, – деді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.

Аймақ басшысы Наурыз мейрамының мәні зор екеніне тоқталып, маңызы ерекше екенін атады.
Аппарат отырысында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев өңірдегі орман қорын көбейту жайына тоқталды.

– Мемлекет басшысының елдімекендерде жасыл желек отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындауда көгалдандыру мен жасыл аймақтарды құрудың өңірлік жоспары әзірленді. Аймақтық көгалдандыру жоспарына сәйкес 2024 жылы 53 175 ағаш отырғызу жоспарланған.
Бүгінде қалалар мен елдімекендердің аумағында 65 717 ағаш отырғызылды. Жоспар 12 115-ға асыра орындалды. Биыл көктем және күз айлығы аясында 54 265 ағаш егу жоспарланған, – деп атап өтті Бақтияр Санбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, соңғы екі жылда облыс бюджетінен ормандарды молықтыру және күзету үшін материалдық-техникалық базаны нығайтуға 1,5 млрд теңге бөлінді. Өткен жылы питомник алаңы 80 гектарға дейін кеңейтіліп, бұл «Қарағанды, Қу, Ақтоғай» үш орман шаруашылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Орман аумағында өртті болдырмау мақсатында 6 орман өрт станциясы салынып, ерте анықтау жүйесінің 4 камерасы орнатылды. Бір өрт бақылау мұнарасы жөнделді.

Орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің бастығы Валентина Лузина орман қорын жаңартудағы мемлекеттік мекемелер жұмысы қанағаттанарлық екенін жеткізді.

– Орман қорын жақсартуда мемлекеттік мекемелер жоспарға сай жұмыс істейді. Орман алқаптары мен саябақтарды кеңейту – экологиялық ахуалды жақсартуда маңызды. Жерімізді жасыл желекке айналдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек, – деді Валентина Лузина.

– Президенттің 2 млрд түп ағаш отырғызу тапсырмасын іске асыру мақсатында көшеттердің жерсіну деңгейін арттырып, өртке қарсы жұмысты күшейту қажет. Орман өсірудің сапалы кешенді жұмыстарында елімізді көгалдандыру, жасыл аймақ құру жұмыстарын сапалы атқару – міндет, – деді аймақ басшысы.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button