Тәуелсіздік жылдарындағы Қарағанды

    Тәу еткен Тәуелсіздіктің 25 жылында Қарағанды облысының ішкі өңірлік өнім өндіру көлемі үш есеге артты. Еліміз бойынша төртінші орынға табан тіреді. Айталық, 1991-1993 жылы ЖІӨ көлемі жан басына шаққанда небары 2 мың теңге болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 2, 2 млн.теңге шамасында. Өңірдің жалпы ішкі өнімі былтырғы жылы 3 трлн.теңгені құраған. Сөйтіп, өндірістің өнім өндіруі 3,1 пайызға артқан.

    Қарағанды облысындағы жалпы ішкі өнім көлемінің 51 пайызы — өнеркәсіп саласына тиесілі екен. Ал, көмір өндіру ісі Тәуелсіздік жылдарында 2 есеге өсті. Мәселен, 1995 жылы 19 млн. тонна өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш 36 млн.тонна. Бұл күні облыста 11 шахта, 7 көмір разрезі, 4 шағын көміралушы кәсіпорын бар. Онда 16 мың кенші еңбек етеді. Өнеркәсіп өндірісі көлемі соңғы 5 жылда 455 млрд.теңгеден 603 млрд.теңгеге дейін жетті. Сөйтіп, 33 пайызға ұлғайған.

   Тәуелсіздіктің ширек ғасырында мәліметтер облысқа инвестиция тарту арқылы 97 жоба іске асырылуда екенін көрсетіп отыр. Бүгінде ол жобаның 72-сі мәреге жетіп, 5 мың жұмыс орнын қамтамасыз етті.Жалпы, облыстағы өнеркәсіптің 34 пайызы өңдеумен айналысады. Сонымен, өңдеуші өнеркәсіптің өнім өндіруі 20 млн. теңгеден 1 трлн.теңгеге дейін жетті.

    Сонымен қатар, облыстағы алпауыт кәсіпорындар да бұл жылдары жаңа жобаларды іске қосып, өнім өндіруді ұлғайтып келеді. Атап айтқанда, өткен жылдардың барысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жаңа газдан тазарту цехын іске қосты, домна пештерін күрделі жөндеуден өткізді. Сондай-ақ, басқа да, іргелі жобаларды іске асырды.

    Ал, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің жұмыс ауқымы да ұлғайып келеді. Жезқазған мыс зауыты былтырғы жылы 233 мың тонна мыс катодын өндірген. Сөйтіп, бұл саладағы көрсеткіш 3 пайызға артты.

    Аймақтың тынысын ашатын тағы бір өнеркәсіп алаңы – ол Елбасының тікелей тапсырмасымен іргесі қаланған «Сарыарқа» арнаулы экономикалық аймағы. АЭА-ның аумағы 534,9 гектарды құрайды. АЭА – металлургия өнеркәсібін және металл өңдеу саласын дамыту, атап айтқанда, әлемдік сауда таңбаларын өндірушілерді тарту жолымен бұйымдарды өндіру, шикізатты тереңдете өңдеу жөніндегі өндірістерді және технологияларды құру мен жетілдіру бойынша ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық инновациялық жобаларды әзірлеу, қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін отандық және шетелдік инвестицияларды тарту, сондай-ақ, әлеуметтік проблемаларды шешу үшін, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру мақсатын көздейді. Мұнда 9 кәсіпорын бар. Аймақтағы өнеркәсіптерге шетелдік инвесторлар 17 млрд.теңге қаржы құйды.

   Тәуелсіздік жылдарында Қарағанды облысында шағын және орта кәсіпкерлердің саны 5 есеге көбейген. Бүгінгі таңда облыста белсенді 86 мың кәсіпкер бар. Онда нәпақысын айырып жүргендердің саны 233 мың адам. Кәсіпкерлік саласының өңір өніміндегі үлесі 20 есеге өсіп, 750 млрд.теңгеге жетіп отыр. Бұл болса, облыстағы алпауыттар «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өндіретін өнімнің құнымен тең келеді. Бұған қоса, мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске көрсетілген қолдаудың да аясы — кең. Түрлі саланы қамтитын бағдарламалар нәтижесінде көптеген отандастарымыз өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Мысалы, 2010 жылдан бері қолға алынған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен облыста мыңнан астам кәсіпорын қамтылған.

    25 жылдың ішінде жүк тасымалы 12 есеге көбейді. Бұған ықпал еткен автокөлік жолдарының құрылысы, жаңа теміржол магистралі «Жезқазған-Бейнеу» желісінің іске қосылуы екені даусыз.

    Тәуелсіздік жылдарында 66 жаңа білім беру ошағы ашылды. Оның арасында дарынды балаларға арналған, бірегей білім беру жобасы «Назарбаев зияткерлік мектебі» де бар. Денсаулық сақтау саласында 60 нысан халық игілігіне тапсырылды. Бұлардың ішінде еліміздегі үздік кардиохирургиялық орталық, қан орталығы, нейро-инсульттық орталық бар. Биылдың өзінде аймақта 27 отбасылық-дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

     25 жылда облыста 6 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, 61 мың отбасы қоныстойын атап өтуге мүмкіндік алды. Тұрғын үй құрылысының қарқыны жылдан-жылға ұлғаюда. Сондықтан да, қоғамның әлжуаз топтары үшін баспана мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолжетімді болды. Өйткені, үш үйдің екеуі мемлекеттің осы қаржылық құралдарын тарту арқылы тұрғызылған.

    Облыста мәдениет пен спорттың тамаша нысандары бой көтерді. Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, Серік Сәпиев атындағы бокс орталығы, теннис орталығы, мұз сарайы, Достық үйі секілді әлеуметтік нысандар – Тәуелсіздіктің тартуы.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.