Тәуелсіздік тартулары

Ел көлеміндегі атап өтілетін мерекелердің мәртебесі ең биігі – Тәуелсіздік күні. Алаш арыстары аңсап өткен азаттық тойы Арқа топырағында да кеңінен атап тойланбақ. Мәселен, бұл мерекеге орай өңірімізде 200-ге жуық шара ұйымдастыру жоспарлануда. Аталған шаралардың идеологиялық негізін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы құрап отыр.

Бұқаралық шаралар – биікке бастайды

 Кешенді шаралар қатарында 65 тақырыптық кітап көрмелері, экскурсиялар, байқаулар, эссе жазу конкурстары, викториналар, кинокөрсетілімдер, деректі фильмдер көрсетілімі, патриотизм сабақтары, флэшмобтар бар. 42 мәдени-бұқаралық шаралар (салтанатты жиындар, форумдар және концерттер), 25 спорттық шара, 20 ғылымипрактикалық конференция, дөңгелек үстелдер, кездесулер жоспарланған.

Қайырымдылық – жан жадыратады

Бұдан бөлек, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған азаматтарға көңіл аударылады. Облыс бойынша шамамен 20 қайырымдылық шарасы өтеді. Нәтижесінде, жалпы сомасы 80 млн. теңгеге 28 мың адам қамтылмақ. Бұл қаражат бір реттік материалдық жәрдем көрсету мен азық-түлік жеткізуге жұмсалады.

 Жаңа нысан – жұрт игілігіне

Сонымен қатар, Тәуелсіздік күніне орай, 12 жаңа нысанның ашылуы жоспарлануда. Мәселен, облыс орталығында «Дарынды бала – 4» атты 325 орынды балабақша ашылса, Теміртау қаласында 235 орынды балабақшаның және дарынды балаларға арналған облыстық мектептің ашылуы жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Сәтбаев қаласында – «Салт-дәстүр» дүкені, Жезқазғанда – «Ұлы Дала» супермаркеті (ЖезқазғанСәтбаев автокөлік жолы бойында), Абай ауданында – тігін цехы, конвейерлік роликтер цехы (“Деметра” ЖШС), Бұқар жырау ауданында – «Достар» қонақүй кешені, Нұра ауданында – «Айсана» бизнес орталығы және «Восток» дүкені, Осакаров ауданында және Қаражал қаласында “Тәуелсіздік” стеллалары ашылады.

«Үйі бардың – күйі бар»

 Бұдан өзге, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған қалалары мен Ұлытау ауданында Тәуелсіздік күніне орай, 14 жаңа үйдің пәтер кілттері тапсырылады. Сондай-ақ, азаттық тойы қарсаңында облыста барлығы 1230 әлеуметтік сыртқы жарнама элементтері орнатылады. Яғни, 125 баннер, 80 светодинамикалық мафтар, 775 ту конструкциялары, 250 лозунгтар, тартылымдар (перетяжки) және басқа да сыртқы жарнама элементтері бар.