Тұлға

Тәуелсіздік тұғырына тозбас кірпіш қалаған

…Үш жүздің баласын данагөй сөзімен ұйытқан Қаздауысты Қазыбек бидің, домбырасы мен ел басқару тізгінін қатар ұстаған Ұлы Дала сазгері Тәттімбеттің ұрпағы – Нығмет НҰРМАҚОВ Қазақ мемлекетінің заңдарын түзу, кеңселерін қалыптастыру, экономикасы мен әлеуметтік мәдениетін көтеру ісіне тегінен дарыған сұңғыла қабілетпен қызмет атқарды.

Ол сталиндік саясаттың қуғынына іліккен М.Жұмабаев, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов сынды азаматтарды өз басына қиянат туғанша арашалап, елді оқу-ағарту, ғылым салаларына тартты.

Небары 30 жасқа толар-толмас кезінде жас қыран Нұрмақовтың үлесіне байтақ республикамызды өркендетудің күрделі жылдары тиді. «Ақтаңдақтар ақиқаты» еңбегінде академик Манаш Қозыбаев айтқандай, 1924-1929 жылдары елдің экономикасын, ауыл шаруашылығын, ауыр және жеңіл өнеркәсібін жолға қою, мәдениет пен халық тұрмысын көтеру саласындағы жетістіктер Қазақстанды Н.Нұрмақов басқарған кезеңге тиесілі.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың 90 жылдығында жасаған баяндамасында ҚКП ОК Хатшысы Д.Қонаев: «Адамзат қоғамының дамуын тежейтін қаскөй де әділетсіз әлемнің дүлей күшіне өз жүрегінің қалауымен жігер-қайратын, қалтқысыз сенімін қарсы қоя күрескендердің даңқты есімі мен ісін біз баға жетпес қымбат асылымыздай ардақтап, болашаққа жеткіземіз. Нығмет Нұрмақов революцияның тайғағы көп, таптаурыны жоқ бұралаң жолын жасампаздықпен жүріп өтті. Оның күллі өмірі барша ұлт пен ұлыс халықтарының бақыты жолындағы күреске арналды» – деп баға берді. Тарихтан белгілі, Қазақ өлкелік партия комитетін басқарған Ф.Голощекиннің үкіметке, халыққа саяси бағыт-бағдар беруде жіберген өрескел қателіктерінен қазақ орасан зардап шекті. Көпе-көрнеу теріс саясат жүргізген Бірінші хатшымен принципті түрде келіспеген, бұл ісіне Орталықтан қолдау таппаған Н.Нұрмақов 1929 жылы үкімет басшылығынан кетуге мәжбүрленді.

Қарқаралының қақ төріндегі 1937 жылы құрылысы бітіп, күзде оқушы қабылдаған қосқабатты ақ мектеп Нығмет ағамыздың нұсқау-жобасымен салынған. Ол қаладағы ең сәулетті ғимарат ретінде әлі күнге сақталып келеді.

БОАК-та, онымен параллель Кремльде қызметте жүргенінде, азаматымыз туған жері мен елін бір сәт есінен шығармапты. Сондай-ақ, 1934 жылы Мәскеу облысының Сталиногорск округінде тұрақтап қалған жадау тұрмысты қазақ отбасыларының балалары мен ата-анасыз қалған жетімдері үшін 80 орындық балалар үйін салғызып, мекемені тұрақты қамсыздандыруды жергілікті бюджетке заңдастырып-жүктеп берген.

…Нықаң 1936 жылдың желтоқсан айында, қамауға алынардан бірнеше ай бұрын, Қазақ мәдениеті мен өнерінің Мәскеудегі декадасы өтетіндігіне қуанып, компетенция тұрғысында жәрдемдескен екен. Кеудесі асыл арманға толы Нығметтің қазақстандықтармен соңғы жүздесуі, шеті мен шегі жоқ тынымсыз қызметте жүріп көрген ақырғы қуанышы сол күндер болыпты…

Бүгінгі ұрпақ: «Сталин неге «алаштықтарды» ғана емес, Кеңес өкіметін орнатуға жанқиярлықпен үлес қосқан коммунист-серіктерін де қуғындап-қамап, ОГПУ үштігінің үкімімен соттап-жойған?» деген сауалды жиі қояды.

ХХ ғасыр 20-жылдарының екінші жартысынан бастап, ол сталинизмнің идеологиялық аппараты арқылы қазақ халқын бақытты өмірге жеткізуді жүрегінде ұялата жүріп, жоғары лауазымды қызметтер атқарған сәттерінде еліне қатқысыз қызмет етті. «Қазақ халқының бұл бірегей зиялы көшбасшылары өздерінің артықша жаратылысын айдай әлемге танытты. Ұлттық интеллигенцияның осы алдыңғы толқыны дүниетанымдық көзқарасы әбден толысып-қалыптасқан жандар еді. Жансүйсінерлік терең білімді, жалтақсыз батыл, эгоистік күйкіліктен жан-дүниелері кіршіксіз таза дәуірдің осынау тау-тұлғалары тәжірибелік іс-әрекеттің адамдары болатын. Олар ұлттық мемлекет орнатуға, ұлттық мәдениеттің, ана тілінің намысын қорғауға, азат Отандағы әр азаматтың ішкі әлемінің бостандығын оятуға өздерін бірден-бір міндетті екендігін өле-өлгенше сезінумен болды» – деп жазды танымал мәскеулік әдебиетші өзінің Мұхтар Әуезов пен оның заманы туралы тарихи сөзінде.

1956 жылы толық ақталған Нығмет Нұрмақұлы туралы мақаламды оның болашаққа жолдаған пайғамбарлық пікірімен түйіндегім келеді: «…ерте ме, кеш пе, Қазақстан өзінің өрістеп дамуы үшін капиталистік жолды таңдайтын болады».

Назипа АСҚАР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button