Жаңалықтар

Тәуелсіз Қазақстан прокуратурасы: 30 жылдық тарихы, бүгіні және болашағы

Бабаның қаны, ананың жасымен келген тұғыры биік Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толатыны баршаға мәлім. Алайда, егемендікпен қатар отандық прокуратура органдарының да биыл мерейтойы екенін көбі біле бермейді. Елдің басты қадағалаушы органының өткеніне үңіліп, бүгініне шолу жасап көрсек…

Қазақстан прокуратурасы 1991 жылдың 6 желтоқсанында құрылды. Осы күннен бастап Кеңес Үкіметінің құрсауынан босап, дербес мәртебеге ие болды.

Жаңа мәртебе жаңаша жұмысты талап етті. 90-шы жылдардағы тоқыраудың бұл жұмысты күрделендіргені де рас. Криминалмен, әсіресе, ұйымдасқан қылмыспен күрес, мемлекет мүлкін жекешелендірудің әділ әрі заңды өтуі, оның қорғалуы – осы және өзге де маңызды істердің басықасында болды.

1995 жылы оның жұмыс принциптері мен бағыттары Ата Заң – Конституцияда бекітілді. Осылайша прокуратура басқа мемлекеттік органдардан тәуелсіз деп танылып, тікелей Мемлекет басшысына бағынышты болды. Осыдан бастап Қазақстан прокуратурасының дамуы даңғыл жолға шықты десек, артық айтпаспыз. Жалпы, органның басты міндеті не? Сотталушыға мемлекеттік айып тағу ғана деп ойлайтындар қатты қателеседі. Басты функция – азаматтардың құқықтары мен ел аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалау. Бұл міндеттер қоғамның барлық салаларын қамтиды: еңбек, тұрғын үй және басқа да әлеуметтік құқықтар. Одан қалды денсаулық сақтау, жер, отбасы және тұрмыстық қатынастар, мемлекеттің бизнеске заңсыз араласуын болдырмау да бұл тізімге кіреді. «Елу жылда ел жаңа» дейді қазақ. Отыз жыл да аз уақыт емес. Осы аралықта еліміздің басқару жүйесі, оның ішінде, прокуратура да бірнеше саяси реформадан өтіп, жетілді. Осы жерде халықаралық тәжірибе негізге алынды. Көптеген шет елдерде прокуратураның қылмыстық саладағы қызметі негізгі бағыт болып табылады. Қазір отандық орган сол халықаралық құжаттардың қағидалары мен ережелерін ескере отырып дамуда. Қандай толағай табыстар бар, не өзгерді және не өзгереді?

Біріншіден, 2021 жылдың басында ендірілген жаңа үш буынды модель. Осы жаңа форматтың арқасында азаматтардың күдікті ретінде қылмыстық процеске заңсыз тартылуы тыйылды, ал кінәлілердің жазадан құтылып кетпеуі қамтамасыз етіліп отыр. Бұл модель айыптауға басымдық бермейді. Себебі полиция, прокуратура және соттың функциялары мен өкілеттіктері нақты бөлінген, яғни қылмыстық процесте әр органның өз жауапкершілік аймағы бар. Мысалы, енді сотқа дейінгі тергеу органының азаматты күдікті деп тану туралы қаулылары прокурормен тікелей келісіледі. Неге бұл маңызды? Өйткені, мұндай тәртіп негізсіз айыптаудан қорғауды қамтамасыз етеді. Қарапайым тілмен айтқанда жазықсыз жандардың сотталып кетпеуіне мүмкіндік береді. Бұл жұмыстың нәтижелерін санмен айтсақ, ағымдағы жылы прокурорлар 23 мыңнан астам шешімдердің заңдылығын тексеріп, 2 мыңын қолдаудан бас тартты. Ал, 13 адамға қатысты бірден жауаптылықтан босату шешімі қабылданды.

Екінші жетістік – цифрландыру. Қадағалау органдарының жұмысы тиімді әрі ашық болуы тиіс. Бұл міндетті отандық прокуратура абыроймен орындап келеді. Сөзіме Қарағанды облысының прокуроры Құсайын Игембаевтың айтқаны дәлел болсын. «Облыста электрондық қылмыстық істер жобасы сәтті енгізілді. Заманауи IT-технологиялар сот ісін жүргізудің тіркеуден бастап үкім шығаруға дейінгі барлық сатыларын цифрландыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде барлық істердің 70%-ы электронды түрде тергелуде. Тергеудің бұл түрі оның ашықтығын қамтамасыз етеді, уақыт шығындарын едәуір азайтады, және іс құжаттарын бұрмалауға мүмкіндік бермейді», – деді ол сұхбаттардың бірінде.

Шынында да, прогресс бір орында тоқтаған жоқ. Прокуратура қызметінде де заманауи технологиялар белсенді қолданылады. Қағазбастылықтың қысқаруы, электронды іс жүргізу, халықпен онлайн байланыс орнату – осының бәрі қадағалаушы органдардың жұмысын оңтайландыруға және жеделдетуге мүмкіндік берді. Ақпараттық жүйелер арқылы қазір прокурорлар кабинетінен шықпай-ақ қадағалау жүргізе алады, ал «Е-Өтініш» жүйесінің арқасында азаматтардан түскен өтініштермен жұмыс істеу автоматтандырылып, оларды қараудың ашықтығы қамтамасыз етілді. Айтпақшы, цифрландыру қоғам кеселі – жемқорлықпен күресте де пайдасын тигізіп жатқанын атап өтпеске болмас. Қазір прокурорлар тексеру нысанына бармай-ақ ондағы заңдылықтың жай-күйі туралы мәліметтерді ала алады, құжаттар мен материалдарды жинап, зерттеп-зерделеп, өңдеу мүмкіндігіне ие.

Үшінші маңызды жетістік – маңызы аз бағыттардан бас тартуы. Мәселен, бұған дейін прокурорлар барлық азаматтық істер бойынша соттарға қатысуы міндетті болды. Бертін келе бұл функциялар біршама қысқаруда. Неге? Өйткені, егемендікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстанда адвокаттар мен кәсіби өкілдердің рөлі күшейе түсті, дауларды шешудің соттан тыс тетіктері енгізілді – бітімгершілік келісім жасасу, медиация және тағы басқалары. Қазір прокурорлар азаматтық сотқа тек маңызды істер бойынша қатысады. Айталық, өзін-өзі қорғай алмайтын азаматтарды қорғау қажет болған кезде және кәмелетке толмағандарға қатысты процестерге. Мемлекеттік активтер мен меншік, бюджет, экология, мемлекеттік сатып алулар, салықтық, кедендік даулар да органның қатысуымен өтеді. Бұл өте маңызды өзгерістер. Маңыздылығы сол – прокуратураға артылған жүк біршама жеңілдеді. Ал бұл, өз кезегінде, қадағалаушы органның қоғамдағы басқа да маңызды мәселелерге басымдық беруіне түрткі болды. Прокуратураның назары қоғамдық маңызы бар әрі әлеуметтік-сезімтал түйткілдерге ауа түсті. Осы жерде облыс прокуроры Құсайын Игембаевтың тағы бір цитатасын келтіру орынды деп санаймын: «Соңғы бірнеше жылда облыс прокуратурасы мүлдем жаңа жағдайда жұмыс істейді деп айтуға болады, бірақ оның қызметінің негізгі мақсаты бұрынғысынша қалды. Бұл азаматтардың құқықтарының қорғалу деңгейін арттыру және заңның үстемдігін бекіту, соның арқасында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға септік ету».

Сөзге дәлел болсын деп облыстық прокуратураның осы жылда тындырған шаруасын нақты сандармен жеткізейін. Мәселен, прокурорлық шаралар нәтижесінде мемлекет бюджетіне 2,1 млрд. теңге түскен. Туған баласына алимент төлеуден жалтарған 217 тұлға әкімшілік, тағы 21-і қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардан 1,5 млрд. теңге берешек қайтарылды. Одан қалды, заң бойынша берілуі тиіс мүгедек арбасы, таяқ, балдақ сынды құралжабдықтарды ала алмай келген 400-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жанның және 14 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды. Соңғыларына салынған 321 млн. теңгенің айыппұлы заңсыз деп танылып алынып тасталды, ал 2 бизнесмен 885 млн. теңге айыппұлдан босатылды. Жұмыс берушілердің қызметкерлер алдындағы жалақы бойынша берешегі 184 млн. теңгеден 11 млн. теңгеге дейін қысқарды. Бұл да соңы емес. 1 млн. гектарға жуық пайдаланылмай жатқан жер телімдері анықталып, қазірдің өзінде 77 мың гектар мемлекетке қайтарылды. Осының бәрі өңірлік прокуратура жүргізген тексеру, қадағалау жұмыстарының нәтижесі.

Жоғарыда келтірілген мысалдар – Қазақстан прокуратурасы 30 жылда жеткен жетістіктердің бір парасы ғана. Жұмысшыларға жалақының уақтылы төленуі, өндірістік жарақаттардың алдын алу, балалардың құқықтарын, оның ішінде кәмелетке толмағандарды жыныстық қолсұғушылықтан қорғау, жайылымдық жерлердің тиісті түрде пайдалануын қадағалау, бизнеске қойылатын талаптар мен тексерістердің санын қысқарту сынды қоғам көкейіндегі көптеген мәселелер қадағалаушы органның жіті назарында қала бермек. Бұл ауқымды жұмысты атқарып жатқан – біліктілігі жоғары кадрлар екенін ерекше атап өткім келеді. 6 желтоқсан – Қазақстан прокуратурасының 30 жылдық мерейтойы ғана емес, осы салада қызмет атқаратын мамандардың кәсіби мерекесі. Ел мүддесі үшін атқарып жатқан ерен еңбек баршаның игілігіне айналары анық.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button