«Тәуекел түбі – жел қайық»

Кейде ананы бір, мынаны бір ойлап, болмаған соң қолды бір сілтеп қоя салатынымыз бар. Қысқасы, тәуекелге бармаймыз. Ал, сол тәуекелдің әр жағында үлкен жетістіктің барын ойладық па? Шынында, адамның басына келген әр ойы – мүмкіндігі. Ал сол мүмкіндікті мүддемізге пайдалана алмайды екенбіз.

«Бізді қоршаған дүниенің бәрі – кәсіпкерлердің қиялы мен мүмкіндігінің нәтижесі» деген сөз бар. Айналамыздағының бәрі адам қолымен жасалған. Демек, ниет болса бәрі де қолыңыздан келетіні сөзсіз. Ал, мұны неге айтып отыр дерсіз? «Еңбек» бағдарламасының қайтарымсыз грантын иеленген Марғұлан ШАЯХМЕТОВ бүгінде жанына жақын кәсібімен шұғылдануда.

Марғұлан 583 400 теңге көлемінде грант ұтып, есік құлпы орнатылатын ойықты жасайтын «Virutex fc 116 u» маркалы құрылғы алған. Салмағы 4 келі болатын құрылғының құны – 700 мыңға жуық. Ұтқан қаржыға жетпегенін өзі қосып, Ресейден тапсырыспен алдырыпты. Грант алғанына көп бола қоймаса да, әлеуметтік желіге жарнама жасап, жұмысын бастап кетіпті.

Өзім тауар тасымалдаумен айналысамын. Осыдан он жылдай бұрын құрылыс саласында істегенмін. Сол уақытта осы саланың қыр-сырын меңгергенім бар. Әу баста әлеуметтік желіден осы құрылғы жайлы көріп, қызықтым. Қолым қалт еткенде әлеуметтік желіні ақтарып, құрылғыны барынша зерттеп, сатып алғым келді. Осы кезде, қайтарымсыз грант жайлы естіп, оны алудың жолдарын білдім. Мамандардың нұсқауымен құжаттарымды жинап, бизнес жоспарымды ұсындым. Нәтижесінде, ала алмай жүрген құрылғыма қолым жетті, – дейді Марғұлан Шаяхметов.

Жаңадан қойылған есіктің тұтқасы мен құлпы орнатылатын ойықты қолдан жасайтын болсаңыз біршама уақыт кетеді. Тіпті, есікті топсасынан шығарып алуға тура келетін тұстары болады. Ал, бұл құрылғы – автоматтандырылған. Есікті шешудің қажеті жоқ. Өлшемін алып, есікке орнататын тұсына мықтап бекіту қажет. Содан соң, тетігін басып кеп қалсаңыз болды. Шамалы уақытта құлып тұратын ойықты дайындап береді. Әрі қарай құлыптың өзін қолмен бекіте саласыз.

Жұмысты енді бастадым. Әуелі қолымды қалыптастырып алсам деймін. Одан кейін тендерге түсіп, кәсібімді дөңгелетпек ойым бар. Бүгінгі таңда жаңадан салынған үйлердің саны күннен-күнге артып келеді. Құрылыс компаниясының саны да аз емес. Сондай компаниялардың бірімен келісіп, жоспар алсам деймін. Бір жағынан оларға да жеңіл болар еді. Қазір қолымдағы құрылғы тек бөлмеішілік есіктерге арналған. Сыртқы есіктерге ойық жасайтын арнайы құралын алу қажет. Келешекте оны да сатып аламын, – дейді Марғұлан Ерғалиұлы.

«Еңбек» бағдарламасының бірінші кезеңі 2017-2021 жылдарға арналған. Қарағанды қаласы бойынша 2018 жылдан бері 400-ден астам тұрғынға қайтарымсыз грант берілген. Бағдарлама биыл аяқталады. Келер жылы министрліктен қолдау болса, екінші кезеңі де болуы мүмкін.

Марғұланның қолға алған кәсібі – жақсы дүние. Егер жұмысын жүргізе алса, кәсібінің нәсібін көретіні сөзсіз. Сондықтан, біз ол кісіге сенім артып, мүмкіндік беріп отырмыз. Қолына қаржының түскеніне көп болмағандықтан, әлі мониторинг жүргізбедік. Үш ай мерзім өткеннен кейін алған қаржының есебін аламыз. Содан кейін аяққа тұрып кеткенінше қолдау көрсетеміз. Марғұлан жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, бірыңғай жиынтық төлемін төлеп, жұмыс істей беруіне болады, – деді Қарағанды қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары.

Ербол ЕРБОЛАТ.