Руханият

Тұсауын Мақаң кескен ансамбль

     Маған 2017 жыл – исі  қазақ халқының мәдениеті мен өнерін, ән-күйін Алты Алашқа, тіпті, дүние жүзіне танытуға өзіндік айрықша үлес қосқан ерекше дарын иелерінің мерейтойлық жылы болып көрінеді. Әсіресе, Арқа беліндегі Ақтоғай өңірінен шыққан күміскөмей, жез­таңдай әншілер – Әсет Найманбайұлының туғанына – 150 жыл,

Күләш Байсейітоваға – 105, шертпе күйдің шеберлері – Мағауия Хамзинге – 90, Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызына – 120, ақындарымыз – Жеңіс Қашқыновқа – 75, Дәуітәлі Стамбековке – 70 жыл толып, кейбірінің мерейтойы аталып та өтіп жатыр.

1976 жылы Ақтоғай ауданының Қоңырат кеңшарындағы клуб үйі «Сарыарқа» мәдени кешені болып жаңадан ұйымдастырылды. Сол уақытта мен осы кеңшарда комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет атқаратынмын. Кеңшарда бұрыннан қалыптасып, жұмыс істеп отырған көркемөнерпаздар үйірмесі «Саржайлау» ұлттық аспаптар ансамблі аталып, жаңаша құрылды. Ансамбльге «халық аспаптар ансамблі» атағын алу үшін сол 1976 жылдың аяғында облыс орталығы Жезқазған қаласында есепті концерт беру міндеттелді. Бұл мәселе аудандық мәдениет бөлімі мен кеңшар партия комитетінде қаралып, ансамбль құрамын барынша ұлғайтып (40 адамға жеткізу), жаңа бағдарлама жасап, дайындық шараларын бастау үшін нақты тапсырмалар белгіленді. Ансамбльдің жетекшісі болып бұрынғы клуб меңгерушісі Кәріғалы Омаров тағайындалды. Сондай-ақ, ансамбльдің көркемдік жетекшілігіне кеңшардың бас экономисі Төлеуқадыр Әшкеев бекітіліп, көркемөнерпаздар үйірмесіне бұрыннан қатысып жүрген жас өнерпаздарға қосымша домбырашылар ретінде: кеңшар партия ұйымының хатшысы Ораз Нөкешев, кәсіподақ комитетінің төрағасы Қаулан Нұрабаев, комсомол ұйымының хатшысы (осы естеліктің авторы) – мен, пошта бөлімшесінің меңгерушісі Арқабай Бақтыбаев, кеңшар инженерлері Сәмет Малгаждаров, Клим Жармағанбетов, кеңшар есепшілері Мұрат Қожахметов, Ләззат Айымбетова мен Айтжан Ғабдуллина, кеңшар бөлімшелерінен қобызшы Шәмши Ерембеков, Қалиақпар Рысбеков, Серік Әденов, Амандық Әшірбекова, жеке дауыста өлең айтатын әншілер: зоотехник Мейрам Сәдуақасов, Ерғазы Дәкенов, Мұқан Сәдібеков, Тілеукеш Нұрғалиева, Роза мен Үміт Төлеубаевалар, Майраш Мұздыбаева, Рым мен Сырым Мұстақаевалар, Саягүл Ахметжанова, Берлібай Сансызбаев, Панаш Ғабдуллина және тағы басқа да өнерпаздар шақырылып, қатыстырылды. Бұл аталған өнерпаздардың барлығының да кәсіби музыкалық мамандықтары болмағандықтан, аудандық мәдениет бөлімі мен кеңшар басшылары ақылдасып, Алматыдан жерлесіміз – атақты күйші Мағауия Хамзинді шақыртуды ұйғарды. Шақыртуға Мақаң ағамыз бірден келісіп, концерт қоюға бір айдай уақыт қалғанда ауылға келіп, дайындықты өз қолына алды. Концерттік бағдарлама қайтадан жасалып, ансамбльдің атына орай концерт шымылдығы Тәттімбет атамыздың «Саржайлау» күйімен ашылатын болды. Бұл күйдің оркестрге арналған вариантын Мақаң өзі шығарған екен де, бізге соны үйретуге кірісті. Сонымен, концерт қоятын күн де келіп жетті. Жезқазған қалалық мәдениет үйінің залы көрермендерге лық толы. Оркестрдің бас жағында Мақаң прима домбырамен өзі отырды, оркестрдегі әр адамның отырысына, аспапты дұрыс ұстауына, киіміне дейін қарап, түзетіп, өте бір толқыныста болғаны есімде. 1,5 сағаттық концерт қалай өткенін байқамай да қалдық. Сахна шымылдығы жабық, халық жартылай тарап кеткен, біз әлі отырмыз, ешкім қозғалмайды, тіпті тыныс алмайтын сияқтымыз, екі көзіміз Мақаңда. Шымылдық ашылып, қазылар алқасын көргенде бір-ақ тыныс алдық қой деймін. Қазылар алқасының төрағасы – атақты күйші, шертпе күйдің шебері Уәли Бекенов пен алқа мүшесі Жезқазған филармониясының директоры, жерлесіміз – Бектұрсын Шортанбаев ағатайым сахнаға көтеріліп, құттықтағаны әлі күнге көз алдымда. Уәли Бекенов Мақаңды қайта-қайта құшақтап, қолын қысып, қатты ризашылығын білдіріп, «шертпе күйдің атасы Тәттімбет пен екеуіміздің ұстазымыз Әбікен Хасеновтың аруағы риза болған шығар», – деген сөзі баршамызды толқытып еді. Сол жолы еңбегіміз өтеліп, дарынды күйші-композитор, шертпе күйдің шебері, жерлесіміз Мағауия Хамзиннің жетекшілігімен «Саржайлау халықтық ұлт-аспаптар ансамблі» атағын алып, елге зор қуанышпен оралдық.

Концертке дайындық кезінде Махаң ағай Кәріғалы Омаровтың үйінде жатып, екеуі ағалы-інілі туысқан жандардай, бір-бірімен жақсы араласып, қатты сыйласып кетті. Кәріғалының жолдасы Үміт Төлеубайқызы да өте қонақжай, кеңпейіл, ақжарқын жан. Махаң, әсіресе, Үміттің «кеспесін» сүйсініп ішіп, риза болып, батасын беріп отыратын. 80-жылдардың аяғында «Жамшы» кеңшарына концерттік сапармен келгенінде де Махаң 2-3 күн Кәріғалының үйінде болды. Сол жолы Мағауия өзінің бір жақсы домбырасын сыйлап кеткенін Кәріғалы үнемі мақтанышпен айтып, үйіне барғанда домбырасын көрсетіп, Махаңның «Жайлау», «Белгісіз солдат», Әшімтай атасының «Қоңыр қаз»  күйлерін ерекше шабытпен шертіп отырушы еді.

Сол бір қасиетті өнерді пір тұтқан, қайталанбас дарынды тұлға, өнерлі де өнегелі ағамен ән мен күйді шалқытып бірге жүрген кезден де көзді ашып жұмғанша 40 жыл өтіпті. Алдыңғы толқын – ағалардың жолын Қайыр Әбдрахманов, София Сағымбаева, Асылмұрат Түскеев, Тілеуқабыл Стамқұлов, Жанғазы Сейтжаппаров сияқты өнерпаз жастар одан әрі жалғастырған, қазақтың Мағауиясы тұсауын кескен «Саржайлау» ансамблі туған халқына талай жыл қызмет жасады. Ансамбльді бірге құрып, ойнап-күліп бірге жүрген өнерге адал, өмірге құштар жандардың көпшілігі бұл күнде арамызда жоқ. Десек те,  қазақтың ән-күйі мәңгі жасай береді, өткен ата-бабаның ізгі жолын әрі қарай жалғайтын, қасиетті өнерін, асыл мұрасын болашаққа жеткізетін өнерпаз ұрпақ, ұл-қыздарымыз бар ғой, өсіп келеді ғой  деп шүкіршілік етемін.

Сағынтай КЕПТЕРБАЕВ,

зейнеткер ұстаз.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button