Баған

“Төртеу түгел болса, төбедегі келеді”

Адам өмірге келгенде алдына белгілі бір мақсат қояды. Бірі табиғи таланты арқылы, екіншісі еңбегі арқылы өмір сүру бағытын айқындайды. Балалық шақтан болашаққа бой түзейді. Алғаш мектеп табалдырығын аттайды, жоғары оқу орнын бітіреді, отбасын құрады. Нәтижесінде, физикалық, тұлғалық, кәсіби және әлеуметтік тұрғыдан дамиды. Меніңше, осы «төртеуі түгел болса, төбедегі келеді».

Кітаптан оқыған тәмсіл жадымда сақталып қалыпты. «Бала тәрбиесі оның анасын таңдаудан басталады. Біреудің баласын да сүйе біл. Басқа біреудің баласына өз балаңа жасамайтыныңды жасама». Мен осы пайыммен толықтай келісемін.

Баланың санасына, бойына даритын барлық мінезі мен көзқарасына ата-ананың тигізер әсері орасан. Бүгінде мен Алланың қалауымен көпбалалы анамын. Бала – береке, бала – бақыт. Шексіз бақыт.

Әуел баста балаларымның қамын ойлап, солардың жағдайын жасайын деп балабақша аштым. Қазіргі таңда ісім ілгерілеп, бірнешеуі іске қосылды. Қазақстанда тұңғыш рет мектепке дейінгі білім беру саласында отандық жаңа үлгі пайда болды. Сөйтіп, «Дарынды бала» балабақшасы қанатын кеңге жайды. Мен үшін бұл жай ғана балабақша емес. Бұл – рухани сипаттағы ерен жұмыс. Сондықтан, балабақшаға табыс көзі ретінде қарамаймын. Бүгінде 850 бала тәрбиелеп отырмыз.

Менің жобамда ата-ана, бала құндылықтары бір-бірімен тығыз байланысты. Балабақшаның оқыту бағдарламасы аясында алдымен ата мен әже, әке мен ана тағылымын назарға аламыз. Үлкендерді үнемі балабақшадағы шараларға қатыстыруға тырысамыз. Себебі, қарты бар үйдің шырағы сөнбейді.

«Дарынды бала» бүгінгі күнге дейін әр ата-анаға «Бала – басты байлық» екенін мақсатты түрде дәлелдеп келеді. Нәтижесінде, даму бағытымыз жыл сайын кемелденіп, нығая түсуде. Ой-сана мен жүрек қалауы өзара «келісімге» келгенде жұмыс қабілетің артып, сабыр мен салмақтылық пайда болары анық. Оның үстіне қазіргі жаңа технология заманында ата-ананың өзін-өзі дамытуына, жан-жақты білім алуына мүмкіндік мол. Осыны жақсы білетін әрбір әйел адам бала тәрбиелеуде отбасындағы жауапкершілігін ескереді. Бірінші кезекте өзінің дамуына көңіл бөле бастайды. Болашаққа құйған инвестиция – саналы ұрпақ тәрбиелеп отырғанын сезінеді.

Заман ағымына сай, біз ана ретінде баламыздың ойлағанынан да жоғары деңгейде ойлай білуіміз керек. Сонда ғана бала қиялындағы «ғажайып ана» бола аламыз. Білімді, саналы, қабілетті ұрпақ тәрбиелеу өз қолымызда екенін терең ұғынамыз.

Айнагүл ХАМИТОВА,
көпбалалы ана,
Қарағанды қаласындағы
«Дарынды бала»
балабақшаларының
құрылтайшысы

Басқа материалдар

Back to top button